01 Қыркүйек, 2016

Жаңарған «Егеменнің» тәуелсіздік тойына тартуы

209 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_5774+Қыркүйек айы – жазғы демалыстар аяқталып, қызу жұмыстың қайнайтын шағы. Табиғаттың да жемісін бере бастайтын жомарт кезі. Еліміз осы маңызды маусымға жағымды жаңалықтарымен қадам басты. Адамзат тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі – Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығы атап өтілді. Шартараптан жиналған беделді саясаткерлер мен сарапшылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау ерекше ерлігіне зор ықылас білдірді. Әдеттегідей Ата Заң мерекесі тойланды. Ал бүгін қос палаталы Парламент жаңа жұмыс маусымына кірісті. Жаз бойы ел аралап, сайлаушылармен жүздесіп қайтқан Парламент депутаттары тың күшпен саяси өмірге араласты. Алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Тұлымшағы желбіреген талай бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Жаз бойы таңдау жасап, мамандық түгендеген талапкерлер де жоғары оқу орындарына қадам басты. Осындай айтулы күні ел газеті «Егемен Қазақстан» да Тәуелсіздіктің торқалы тойына тарту іспетті жаңарған дизайнмен басылып, оқырманға жол тартып отыр. Ғасырлық межесіне жақындаған қазақ баспасөзі қарашаңырағындағы заман талабына сай жаңалықпен бірге басылымның тұңғыш бас редакторы Халел Есенбаев, одан кейін әр жылдарда басшылық еткен Бернияз Күлеев, Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов қатарлы арыстар түрен салған дәстүрлі жолды үзбей, сабақтастықты сақтауды мақсат еттік. Алаш тұсында араб қарпімен жарық көрген басылым, кеңестік кезеңде алдымен латын, сосын кирилл қаріптеріне көшіп, макетін жаңартқаны белгілі. Тәуелсіздіктің елең-алаңында бас басылым Мемлекет басшысының қамқорлығымен тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, өзінің жаңа кезеңіне қадам басты. Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы сынды тегеурінді тұлғалар басқарған газет – «Егеменді Қазақстан», кейінірек «Егемен Қазақстан» болып өзгеріп, кезекті рет жаңа сипатта жарық көре бастады. Бүгінде маркетинг заңдылығында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін ребрендинг жасау қалыптасқан үрдіс. «Егемен Қазақстан» газетіндегі кешенді өзгерістер де сондай мақсаттан туындап отыр. Айта кету керек, газеттегі жаңалықтар тамыз айында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бас­тамасымен қабылданған Стратегиялық даму тұжырымдамасы бойынша жүзеге асырылуда. Осыған байланысты бүгіннен бастап «Егемен Қазақстан» газетінің Астанадағы таралымы түрлі-түсті болып шыға бастады. Ал өзге өңірлерде полиграфиялық кәсіпорындардың мүмкіндігіне қарай толық түстіге жаңа жылдан бастап көшірілетін болады. Басылымды газет тарату желілері арқылы күнделікті бөлшек саудаға шығару да жоспарланып отыр. Ел газетінің сыртқы сипатымен қатар, мазмұндық құрылымы да бірқатар жаңалықтармен толықты. Баспасөз тәжірибелері ескеріле отырып, салалар бойынша тақырыптық беттер ашылды. Әр беттің тұрақты бағандарында есімдері елге белгілі азаматтар мен білікті сарапшылар орамды ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерімен бөліседі. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық беделінің артуына, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне сайлануына, келер жылы ЭКСПО көрмесінің өтуіне және тағы басқа Елбасы бастамасымен жүзеге аса бастаған іргелі жобаларға орай жаһандағы жаңалықтарға байланысты сараптамалық мақалаларға көбірек орын беріле бастайды. Газеттің басты қазынасы – оқырманы. Сондықтан мәртебелі оқырманмен байланысты нығайта түсу басты назарда болады. Ел газеті «Егемен» Сіздерден хат-хабарларыңызды, пайымды пікірлер мен ұтымды ұсыныстарыңызды күтеді. Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы