Болашақ ауылдық округіне іссапарымыз барысында құнды тарихи жәдігердің куәсі болдық. Ол осы округке қарасты Жаңатаң ауылының тұрғыны Нұрлыбек Отаров пен Ақмарал Омарованың үйінде сақтаулы тұрған, екі ғасырға жуық тарихы бар шойын қазан. Қазанның иесі Ақмаралдың айтуы бойынша, атасы Ізмұраттың ағасы Өтемұрат Омаров 1940 жылдары істі болып, Томск қаласында жүрген кезінде, сол жақтан елге алып келген. Сол кезден бері атадан балаға мұра болып келе жатқан қазанның жанында 1831 және ПЗМЗ деген жазуы бар.
Әлеуметтік желі арқылы іздестіргенімізде ПЗМЗ жазуы байырғы тарихы бар Петровско-Забайкалск металлургия зауытында жасалғанын, ал, 1831 жазу қазанның құйылған жылын білдіреді. Сол кезде бұл зауытта Ресей тарихында өзіндік із қалдырған «Желтоқсаншылар» (Декабристер) жұмыс жасаған екен. Бұл құнды жәдігер аудан тарихынан сыр шертетін өлкетану мұражайына тапсырылса, кейінгі жас ұрпаққа мұра болып қалары сөзсіз.
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы