2015 жылғы 9 қазан, Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 8-бабының 6) тармақшасына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы (Р.Ф.Жақсылықов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Б.Б. Бисенқұловқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр полиция генерал-полковнигі Қ.ҚАСЫМОВ
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі ____________ Т.ДҮЙСЕНОВА
2015 жылғы «___» __________
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 9 қазандағы № 828 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина)
бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 8-бабының 6) тармақшасына (бұдан әрі – Кодекс), «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар комитетінің, әскери-тергеу органдарының әскери қызметшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ ішкі істер органдарының зейнеткерлеріне (бұдан әрі – контингент) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда ішкі істер органдары әскери қызметшілерінің отбасы мүшелері деп: жұбайы (зайыбы), екеуінің немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің кәмелетке толмаған балалары (асырап алған, асырап-бағуындағы немесе қамқоршылығындағы); балалар (асырап алған, асырап-бағуындағы немесе қамқоршылығындағы) және жұбайының (зайыбының) білім беру ұйымдарында күндізгі оқу бөлімінде оқитын жиырма үш жасқа дейінгі балалары; мүгедек балалар (асырап алған, асырап-бағуындағы немесе қамқоршылығындағы) және жұбайының (зайыбының) он сегіз жасқа дейін мүгедек болған мүгедек балалары; әскери қызметшінің асырап-бағуындағы ата-аналары түсініледі.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінің құрылымы
3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінің құрылымы былай берілген:
1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тыл департаментінің Медициналық басқармасы (бұдан әрі – Медициналық басқарма);
2) Астана, Алматы қалаларының және облыстардың ішкі істер департаменттерінің медицина қызметтері (бұдан әрі – ІІД медицина қызметі);
3) «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Емханасы бар орталық госпиталі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ЕбОГ);
4) «Облыстар ІІД Емханасы бар госпиталі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ЕбГ);
5) «Астана, Алматы қалаларының және облыстардың ІІД Емханасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – дербес емхана);
4. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина) бөлімшелері өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина)
бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету тәртібі
5. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды ІІД Медициналық басқармасы және медицина қызметтері, медициналық көмек көрсетуді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина) бөлімшелері жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина) бөлімшелеріне ЕбОГ, Астана, Алматы қалаларының және облыстардың ІІД ЕбГ мен дербес емханалары жатады.
Әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінің контингенті: Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар комитетінің, әскери-тергеу органдарының әскери қызметшілері және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ ішкі істер органдарының зейнеткерлері болып табылады.
6. Әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінде Кодекске сәйкес медицина қызметінің мына түрлері:
1) медициналық көмек;
2) зертханалық диагностика;
3) денсаулық сақтау саласындағы сараптама;
4) контингенттің денсаулығын қорғау саласындағы қызмет;
5) контингенттің санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы қызмет көрсетіледі.
7. Әскери-медицина (медицина) бөлімшелері Кодекске сәйкес мынадай нысандағы медициналық көмек көрсетеді:
1) амбулаториялық-емханалық көмек: алғашқы медициналық-санитарлық көмек және консультативтік-диагностикалық көмек;
2) стационарлық көмек;
3) стационарды алмастыратын көмек;
4) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту.
8. Медициналық көмек көрсетудің жоғарыда көрсетілген нысандарын ұсыну тәртібі Кодекстің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
9. Әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінің міндеттері:
1) контингентке амбулаторлық және стационарлық медициналық көмек көрсету;
2) медициналық (профилактикалық) тексерісті ұйымдастыру және өткізу, контингенттің денсаулығы жай-күйіне динамикалық бақылау;
3) кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді барлық оған мұқтаждарға көрсету;
4) санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу болып табылады.
10. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина) бөлімшелері:
контингентке лицензияға сәйкес сапалы медициналық көмек көрсетуді;
төтенше жағдайлар, әскери қақтығыстар және терроризм актілері жағдайындағы жұмысқа әзірлікті;
диагностика, профилактика және емдеу әдістерін, сондай-ақ Кодекспен рұқсат етілген дәрілік заттарды қолдануды;
айналасына қауіп төндіретін ауруларды, сондай-ақ кәсіби ауруларды ескерту, диагностикалау және емдеу жөніндегі іс-шараларды жүргізуді;
контингентке медициналық көмектің нысандары мен түрлері туралы тегін, жедел және дәйекті ақпарат ұсынуды;
санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында нормативтік-құқықтық актілерді сақтауды;
басқа да денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды және өз қызметіндегі сабақтастықты;
уақытша еңбекке қабілетсіздікке сараптама жүргізуді және уақытша еңбекке қабілетсіздік парағын беруді;
айналасына қауіп төндіретін инфекциялық ауру, контингент жеке құрамы арасындағы өлім жағдайлары туралы хабарлауды;
«Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы №907 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2010 жылғы 21 желтоқсанда №6697 болып тіркелген) сәйкес медициналық құжаттама жүргізуді;
салауатты өмір салтын қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
11. Қызмет өткеретін жері немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медицина (медицина) бөлімшелері немесе оларда тиісті бөлімшелер, мамандар не болмаса арнайы жабдықтар болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, медициналық ұйымдарда (мекемелерде) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде көрсетіледі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі контингентке бюджет қаражаты есебінен ұсынылады және профилактикалық, диагностикалық және емдеу медициналық қызметін қамтиды.
12. Емдеу-профилактикалық іс-шаралар жүйелі бақылау және ауыру себептерін талдау, уақытша жұмысқа қабілетсіздік, алғаш рет мүгедектікке шығу, жарақаттану, олардың деңгейі мен құрылымы, сондай-ақ аурудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігі негізінде өткізіледі.
13. Әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінде стационарлық емделудегі контингентке медициналық және дәрі-дәрмектік қамтамасыз ету сырқатты емдеу үшін қажетті көлемде және құрамда көрсетіледі.
14. Әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінің стационарларында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 мамырдағы № 369 бұйрығымен бекітілген Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды әзірлеу және бекіту қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 24 маусымда №11429 болып тіркелген) сәйкес тегін көрсетіледі.
15. Медициналық көмек алу үшін бекітілген контингентті ресімдеуді ішкі істер органдарының кадр қызметтері ұсынған контингент тізімінің негізінде әскери-медицина (медицина) бөлімшелері жүргізеді.
Әскери-медицина (медицина) бөлімшелеріне тіркеу әскери-медицина (медицина) бөлімшесінің жұмыс кестесіне сәйкес мына құжаттар:
әскери қызметшінің қызметтік куәлігі;
туу туралы куәлік;
отбасы мүшелері үшін жеке куәлік;
зейнеткер куәлігі негізінде жүзеге асырылады.
Әрбір тіркелген адамға пациенттің амбулаторлық картасы ресімделеді, ол амбулаторлық-емханалық бөлімшенің тіркеу бөлімінде сақталады.
16. Қазақстан Республикасының басқа қалаларында тұратын контингент жоғары мамандандырылыған медициналық көмек алу үшін Астана және Алматы қалаларында орналасқан республикалық медицина ұйымдарына консультация алуға және ауруханаға жатуға жіберіледі.
17. Адамдарды шетелге тексерілуге және емделуге бюджет қаражаты есебінен жіберу «Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 544 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 30 шілдеде №11795 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
18. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған ішкі істер органдары әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медицина (медицина) бөлімшелерінде әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз етілу құқығы сақталады.
4. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту
19. Тіркелген контингентке қалпына келтіру емі және медициналық оңалту Кодекске сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ санаториялық-курорттық ұйымдарда жүргізіледі.
20. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту туа біткен және жүре келе пайда болған аурулардан, сондай-ақ қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегетін азаматтарға көрсетіледі.
21. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған ішкі істер органдарының әскери қызметшілері, сондай-ақ мерзімді қызметтің әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттары медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі.
22. Санаторлық-курорттық емдеуге жіберу кезінде «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2010 жылғы 21 желтоқсанда №6697 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша медициналық құжаттама ресімделеді.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 12 қарашадағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №12275 болып енгізілді.