03 Қыркүйек, 2016

Абайдың туған күніне араша керек

381 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Абай-2Осы бір жағдайға көп болып әрі жан-жақты көңіл аудармасақ болмайды. Ол ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының туған күні төңірегіндегі тұрақсыздық. Жасыратыны жоқ, хакім Абайдың дүниеге келген күні соңғы жылдары әрқилы аталып жүр. 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланған ақынның туған күні соңғы бірнеше жылдан бері 10 тамыз емес, 23 тамызда аталып жүр. Ақынның туған күні 10 тамыз ретінде халық санасына әлемдік межеде тойланған мерейтойы арқылы сіңген еді. Кейбір бастамашылар бұл датаны 23 тамызға өзгертіп, елге екіұдай күй кештіріп қойды... «Екіұдай» дейтініміз, 23 тамызды қоғамның басым бөлігі әлі қабылдай қойған жоқ. Бұл анық жайт. Сол себепті, төменде осы мәселе төңірегіндегі ойымызды ортаға салып, тиісті мамандар мен қатысты мекемелер  туған күн датасының тұрақтануына оң ықпал етсе екен дейміз. Әр ұлт өзінің рухани көсемін шексіз сүйеді және ешқашанда ұмыт­пай, тағзым жасайды. Мысал­ға, ағылшын Шекспирді, орыс Толстойды, француз Бальзакты, грузин Руставелиді, неміс Гетені жанына жақын тұтып, мақтан етеді. Ұлы Абайды пір тұту, қас­тер­леу жағынан, біз, қазақтар да, әрине, ешбір ұлттан кем түскен емеспіз. Алайда, ұлы ақын туған күні­нің дәлдіктен алыстағаны көңіл­ге қаяу түсіріп тұр. Оны нақ­тылап, біржақты етуге зиялы қауым да құлықсыздық танытып келе жатқандай. Сөйтіп, басқа басқа, қазақтың маңдайына біткен әлемдік ойдың алыбы – Абайдың туған күнін екі түрлі датамен атау қалыптасып бара жатыр. Әр мекеме өз ойына келгенін істеуде, қаласа – 10, қаламаса 23 тамызда мерекелеу етек алып тұр. Әріге бармай-ақ, биылғы жылдың өзінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде осы дата туралы екі түр­лі ақпарат берілді. Әрине, бір ай­дың екі күнін Абайға арнау артық­тық етпес. Бірақ нақтылы бір күнді атағанға не жетсін, қазіргі жағдайда желкілдеп өсіп келе жат­қан жеткіншектер «Неге?», «Бұл қалай?» десе, аңтарылып, жер­ге қарап қалатынымыз күмәнсіз. Иә, 23 тамыз қайдан шықты? 1990-жылдардың соңында «Абай­дың туған күні жаңа стиль бойынша 23 тамыз» деген пікірді алғаш көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов айтқан болатын. Бірақ, 23 тамыз негізгі дата ретінде өмірге жолдама алады деп ғалымның өзі де сене алмай өткен шығар-ау. Ғажабы сол, жылма-жыл соған ауып барамыз. Бұл құптарлық жайт емес, әрине. Себебі, 10 тамызға берік тоқтаған ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі 1940 жылы Әрхам Ысқақовқа тапсырма беріп, осы уақытты анықтаған, Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдармен кеңесе отырып, қабыл­даған (бәлкім, жаңа стиль есепке алынып, 13 күнге ілгері­леткен шығар), сондықтан бұл күн – соғыстан кейінгі аса ауыр жыл­дардан бері санаға сің­г­ен дата. Оған 1995 жылғы ЮНЕСКО шешімінде осы күннің көрсетілгенін қосыңыз. Сөйтіп, қай жағынан алған­да да, 10 тамыз айшықты, керек десе­ңіз, қастерлі дата. Сондықтан мәсе­ленің түбін терең қазбалап, оның анық-қанығына тоқталуға мәжбүрміз. Христиан күнтізбесінде жыл санаудың ескі және жаңа стиль деген екі тәсілі бар. Со­нан туын­даған мәселені, яғни 13 күн айырмашылықты Еуропа ел­­дері ХІХ ғасырдың соңында-ақ шешіп алғаны мәлім. Себебі, Фран­ция мен Англия арасындағы жүз­жылдық соғыс сияқты, том-том хатталған тарихи кітаптарда дата­лар әр елде әрқилы көрсеті­ліп, шатасудың көкесі басталып кеткен-ді. Ақырында «13 күнге ілгерілету керексіз, ондай әрекет тоқ­татылсын» деген ортақ халық­ара­лық шешім қабылданып, нақ­ты жүзеге асқан. Мысалы, сөз басында аталған әлемдік дең­гей­дегі алыптардың туған күні де бұ­рын­ғы датасынан қозғалған емес. Енді патшалық Ресей им­пе­риясына көз салар болсақ, онда жыл санаудың ескі стилінен жаңасына көшу тұп-тура 1917 жылғы Қазан төңкерісі уағы­на келді. Билікті күшпен алған боль­шевиктер ең алғашқы дек­ретімен-ақ жаңа стильді енгізе салды. Тегінде, бұл дереу қолға алынуға тиісті қажеттілік емес, «ескі әлемді түбірімен қопарып, жаңа әлем орнатамыз» деген ұранға сайма-сай таза саяси әрекет-тұғын. Революция көсемдері жоға­рыда айтылған буржуазиялық Еуропа шешімін пысқырсын ба, дата атаулыны не болсаң о бол дегендей,  13 күнге ілгері ауыстырды да тастады.  Сөйтіп, 25 қазанда болған революция 7 қараша деп өзгертілді және т.т. Бір қызығы, пролетариат көсемі Ленин өзінің де, орыстың ұлы тұлғаларының (Пушкин, Лер­монтов, Толстой және т.б.) да туған күндерін қозғамаған. Тек атақты революционерлер мен кеңес­тік ақын-жазушылардың туған күнін екі стильмен (бірін жақ­шаның ішінде) көрсету жап­пай етек алған. Келе-келе бұл жайт жазылмаған қағидаға айналып кете барды. Революция өрті лаулаған қар­­баласта большевиктер жан­ұшыра қабылдаған бір ғана «қызыл декреттің» қысқаша тарихы осы. Жоғарыда Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың туған күні жаңа стиль бойынша 23 тамыз болу керек» деген жору-болжамы да осымен өз түсінігін табады. Ғылымда жору, топшылау бола береді. Бірақ, кез келген болжам-ұсыныстың жүзеге асуы ұзақ жол және мықты дәлелдерді талап етеді. Ал Қайым ағаның осы бір пікірі шынайы өмірге тез арада еніп-ақ кетті. Қалайша, қайтіп?.. Оған ешқандай да ғылыми негіз жоқ еді ғой?! Ойлап қарасақ, жаңа стиль жалғыз Абайға ғана қатысты ма? Онда Әлихан Бөкейханның, Мұх­тар Әуезовтің, Қаныш Сәт­баев­тың туған күндерін де 13 күн­ге ілгері қозғау керек емес пе? Басқа да күллі тарихи даталарды қайтпекпіз? Алда – ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесі. Оны да 23 тамызда атайтын болсақ, кейін­гі ұрпақ, сол сияқты шетелден келген көзіқарақты саяхатшы, я болмаса, ғылыми конференцияға қатысушы ғалымның бірі: «Оу, сіздер данышпан Абайдың туған күнін неге өзгерткенсіздер? Себеп қандай?», – деп сұрақ қояр болса, мас­қарамыз шығып, қатты ұятқа қаларымыз анық. Өйткені, халық­аралық ғылыми орта ЮНЕСКО шешіміне сүйенетіні анық қой. Тиісті мекемелер осы бір жай­ға түбегейлі назар аударса дейміз.  Асан ОМАРОВ, Қайрат САБЫРБАЕВ  СЕМЕЙ