03 Қыркүйек, 2016

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығы №1088

337 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
  2015 жылғы 28 желтоқсан    ,              Астана қаласы Мүгедектігі бар және мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабына сәйкес, бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған мүгедектігі бар және мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М.Бердалин): 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін; 3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық эталонды бақылау банкіне Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына орналастыру үшін оның көшірмесін жолдауды; 4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын; 5) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде аталған бұйрықтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Б.Б. Бисенқұловқа жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ.ҚАСЫМОВ «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі ____________ Т.ДҮЙСЕНОВА 2016 жылғы 25 қаңтар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1088 бұйрығымен бекітілген Мүгедектігі бар және мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Мүгедектігі бар және мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағида) мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына (бұдан әрі – ОЖБ) сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құрал-жабдықтар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ресімдеу және ұсынуды ұйымдастыру тәртібін белгілейді. 2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) арнайы жүрiп-тұру құралдары – мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi; 2) мүгедектігі бар сотталған – тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты ағза функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам; 3) мүгедектiк – ағза функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адам тiршiлiгінің шектелу дәрежесi; 4) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы – мүгедектi оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат; 5) мiндеттi гигиеналық құралдар – табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттiлiктердi қанағаттандыруға арналған құралдар; 6) протездiк-ортопедиялық құралдар – кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан ағзаның бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар; 7) сурдотехникалық құралдар – есту кемiстiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған, соның iшiнде байланыс құралдары мен ақпарат берудi күшейтетiн техникалық құралдар; 8) техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдар – протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар; 9) тифлотехникалық құралдар – мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар. 2. Техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну ережесі 3. Мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеуді, сондай-ақ куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындауды медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жолымен жүргізеді. 4. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің (бұдан әрі – ҚАЖ мекемелері) медициналық ұйымдарының дәрігерлік-консультациялық комиссиясының жолдамасы: 1) ағза функциялары тұрақты бұзылған кезде алғаш куәландыру; 2) қайталап куәландыру (қайта куәландыру); 3) медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне консультациялық көмек көрсету мақсатында МӘС жүргізу үшін негіздеме болып табылады. 5. Мекеме әкімшілігі аурулардан, жарақат немесе кемістік салдарларынан туындаған ағза функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шаралары кешенін өткізеді. 6. ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі сотталғанның ағза функцияларының тұрақты бұзылуын анықтаған кезде ҚАЖ мекемесі орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөліністеріне (бұдан әрі – аумақтық бөліністер) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен бекітілген Медициналық әлеуметтік сараптаманы өткізу қағидаларына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 тіркелген) куәландыратын адамға құжаттарын әзірлейді және ұсынады. 7. Мекеме әкімшілігі қайта куәландырудың кезекті мерзімін ескере отырып, мүгедектігі бар сотталғандарға қайта куәландыруға (қайтадан куәландыруға) мекеме орналасқан жері бойынша аумақтық бөліністерге құжаттарды жібереді. Мүгедектігі бар сотталғандар ҚАЖ мекемелеріне келген кезде қайта куәландырудың кезекті мерзімін ескере отырып қайтадан куәландыруға жатады. 8. Куәландырылатын (қайта куәландырылатын) адамға МӘС ҚАЖ мекемелерінде және тергеу изоляторларда өткізіледі. МӘС өткізген кезде сотталғанның болуы қажет. 9. Сотталған МӘС өткізілетін кезде ҚАЖ мекемелерінің әкімшілігі аумақтық бөліністердің өкілдеріне еріп жүреді және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 10. Есту, сөйлеу қабілеттерінің айқын бұзылыстары бар (кереңдік, IV дәрежедегі құлақ мүкістігі, керең-мылқаулық) адамдарды куәландыру кезінде мекеме әкімшілігі ымдау тілі маманының (сурдоаудармашы) қатысуын қамтамасыз етеді. Сотталғанды куәландыру нәтижесі бойынша МӘС-пен мүгедектігі белгіленеді немесе бас тарту бойынша қорытынды шығарылып ҚАЖ мекемесі әкімшілігінің өкілдеріне беріледі. 11. Мүгедектігі бар сотталғандарды техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 754 қаулысымен бекітілген Мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдар тізбесіне, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығымен бекітілген Мүгедектердi протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдармен қамтамасыз ету қағидаларына және мүгедектерді арнайы жүріп-тұру құралдармен қамтамасыз ету қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10370 тіркелген) (бұдан әрі – № 26 Бұйрық) сәйкес жүргізіледі. Мүгедектігі бар сотталғандар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен бекітілген Мекемелердің iшкi тәртiптеме қағидаларымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 тіркелген) қатар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) және арнайы жүріп-тұру құралдарды өзімен бірге алып жүреді. 12. Протездік-ортопедиялық құралдардың барлық түрімен және оларды жөндеу, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдармен, міндетті гигиеналық құралдар және арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету ОЖБ-ге сәйкес мемлекеттік тапсырыс немесе сотталғанның өз қаражаттары есебінен жазасын өтеу орны бойынша жүргізіледі. Мүгедектігі бар сотталған протездік-ортопедиялық құралдардың барлық түрін, сурдотехникалық, тифлотехникалык құралдар және арнайы жүріп-тұру құралдарын қасақана бұзған жағдайда олармен қамтамасыз ету және жөндеуі сотталғанның өзінің немесе туыстарының қаражаты есебінен жүргізіледі. 13. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жұмыс берушінің кінәсінен, соның ішінде жазасын өтеу кезінде алынған кәсіби аурулары немесе еңбек жарақаттары бар мүгедектер жұмыс берушінің қаражатынан мүгедектерді ОЖБ-ге сәйкес протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдармен, міндетті гигиеналық заттар мен арнайы жүріп-тұру құралдармен қамтамасыз етіледі. Жұмыс берушінің – жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметінің тоқтатылу жағдайы кезінде жұмыс берушінің кінәсінен алынған кәсіби аурулары немесе еңбек жарақаттары бар мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық заттар мен арнайы жүріп-тұру құралдар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылады. 14. ҚАЖ мекемелерінің мемлекеттік тапсырыс қаражаттары есебінен протездік-ортопедиялық көмекке, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдарға, міндетті гигиеналық заттарға, арнайы жүріп-тұру құралдарына мұқтаж мүгедектігі бар сотталғандардың құжаттары № 26 Бұйрықпен бекітілген тізбе бойынша сотталғанның жазасын өтеу орны бойынша Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына, Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларының басқармасына, аудандар және облыстық маңызы бар қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларының бөлімдеріне жолданады. 15. Протездік-ортопедиялық заттардың сипаты мен түріне байланысты протездік-ортопедиялық көмек көрсету бойынша қызмет көрсетудің жеткізушісімен амбулаторлық немесе стационарлық протездеу үшін мүгедектігі бар сотталғанды шақыру қажеттілігі немесе оның қатысуынсыз тапсырысты орындау анықталады. Шақыру алдын ала жолданады. 16. Амбулаторлық немесе стационарлық протездеуге шақыру алған жағдайда ҚАЖ мекемелері сотталғанды протездік-ортопедиялық көмек көрсету бойынша қызмет көрсетудің жеткізушісіне жеткізуді және оның күзетін қамтамасыз етеді. 17. Мүгедектігі бар сотталғандарды және оларға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беруді есепке алу осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүгедектігі бар сотталғандарды және оларға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беруді есепке алу журналында жүргізіледі. 18. ҚАЖ мекемелері техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын алған мүгедектігі бар сотталғандардың тізімдерін ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жылына екі рет ұсынады. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мүгедектігі бар сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беру кезінде олардың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерінің сақталуына ведомстволық бақылау жүргізеді. Мүгедектігі бар және мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидаларына 1-қосымша Мүгедектігі бар және мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға ұсынылатын және өзімен бірге алып жүруге рұқсат етілген техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар және арнайы жүріп-тұру құралдарының тізбесі Мекемелерде жазасын өтеп жатқан және қамаудағы мүгедектігі бар сотталғандар мынадай заттар мен бұйымдарды өздерімен бірге алып жүре алады: 1. Протездiк-ортопедиялық құралдар: 1) аппараттар, туторлар, ортездер; 2) жетек арбалар; 3) корсеттер, реклинаторлар, басұстағыштар; 4) бандаждар, емдiк белбеулер, балалардың профилактикалық шалбаршалары; 5) ортопедиялық аяқ-киiм және қосымша тетiктер (кебiстер, супинаторлар); 6) аппараттарға арналған аяқ-киiм. 2. Сурдотехникалық құралдар: 1) есту аппараттары; 2) кохлеарлық импланттарға сөйлеу процессорлары; 3. Тифлотехникалық құралдар: 1) Брайль жүйесi бойынша жазу құралы; 2) Брайль жүйесi бойынша жазу грифелi; 3) рельефтi-ноқатты қарiппен жазуға арналған қағаз. 4. Міндетті гигиеналық құралдар: 1) несеп қабылдағыштар; 2) нәжіс қабылдағыштар; 3) жөргектер. Мүгедектігі бар және мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидаларына 2-қосымша Мүгедектігі бар сотталғандарды және оларға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беруді есепке алу журналы №    Т.А.Ә.    Мекеме     Мүгедектік тобының болуы, мүгедектіктің себебі    Мүгедектіктің берілген күні және мерзімі    Қайта куә-ландыру күні    ОЖБ сәйкес іс-шаралар    Техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдармен қамтамасыз ету Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 25 ақпандағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №13238 болып енгізілді.