Сыр өңірі Астанаға берекелі де мерекелі тарту-таралғысын ұсынды
Сенбі күні Астанада еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылорда облысының күндері аясында өңірдің шығармашылық ұжымдарының концерті мен фото және суретшілердің көрмесі өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Конгресс-Холл сарайында қанат жайған көрмеге Сыр суретшілерінің қолынан шыққан 60-тан астам кескіндемелік шығармалар мен фотосуреттер қойылды.
Көрменің мақсаты – облыс суретшілерінің шығармашылығын насихаттау, өнерлерін шыңдау және тәжірибе алмасу. Шарада Сыр елі өнер иелерінің қайталанбас жұмыстары Арқа жұртшылығы мен қонақтарына эстетикалық тұрғыда рухани әсер сыйлады. Онда көпшіліктің назарына Қайырбай Зәкіров, Аманкелді Кененбаев, Шәкірбек Сәменов сияқты есімдері белгілі суретшілердің туындылары ұсынылды. Сонымен бірге, бейнелеу өнеріне өз үлестерін қосып келе жатқан жас суретшілердің шығармаларына да орын берілді.
Көрмеге келушілер суретшілердің Арал маңындағы қарапайым адамдардың өмірін, ауыл тақырыбын бейнелейтін шығармаларымен, қазақтың тарихына қатысты салған суреттерімен танысты. Ал фотосурет көрмесінде жұртшылық «Кешегі Ақмешіт, бүгінгі Қызылорда», «Өңір медицинасының өркені», «Білімділер бағындырған биік белестер», «Қызылорда – балаға мейірімді қала», «Сыр елі – жыр елі», «Сәулетті, дәулетті Қызылорда», «Сыр елінің толағайлары», «Ырысты, күрішті Қызылорда», «Жер кіндігі – Байқоңыр» тақырыбындағы фотосуреттерді тамашалады. Онда 1991 жылдан осы кезге дейін облыстың жетістіктері туралы түсірілген жұмыстар ұсынылды.
Суреттерді түсірген
Мансұр ХАМИТ
------------------------------------------------------------------
Тоқшылық пен молшылықтың кезеңі деп саналатын күз күндеріне де ауыз салдық. Ал биылғы күздің астаналықтар үшін айрықша артықшылығы болып тұр. Себебі осы күзде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы атап өтілмек. Соған байланысты елордада апта сайын өңірлердің ауылшаруашылық өнімдерінің «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» деп аталатын жәрмеңкелері ұйымдастырылмақ. Өткен сенбі-жексенбі күндері мұндай игілікті шараны Қызылорда облысы бастады. Егіні бітік шығып, алтын астықты қамбаға молынан құйған өңір еңбеккерлері жаз бойғы төккен терлерінің нәтижесін паш етті. Әрине бұл тұтынушыларды қолжетімді тауарға кенелтіп, мәре-сәре етсе, өндірісшілердің өнімін өткізіп қуантатын ерекше жағдай. Ал Тәуелсіздік тойына арналған жәрмеңкелердің жөні тіптен бөлек. Мұнда сауда-саттық қана емес, рухани-мәдени шаралар да ұйымдастырылып, елордалықтарға ерекше демалыс сыйлайды. Сыр елі де тайқазанын толтырып, қырман қамбасын еселеп, алып елдің жүрегі Астанаға шашу-шаттығымен келді. Аймақ өнерпаздары да әсем әндерден шашу шашып, астаналықтарды дәстүрлі өнермен сусындатты. Сонымен бірге жәрмеңкеге келгендер Сыр елінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін көрмелерді, соның ішінде Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы мұражайының арнайы ұйымдастырған көрмесін тамашалады.
Жәрмеңкенің ашылуында Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин мен Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов елорда тұрғындары мен қонақтарын айтулы күнмен құттықтады.
«Өңірлердің Астана қаласындағы күндерінің, оның ішінде Қызылорда облысы күндерінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Әрине қазақтың әрбір сынық сүйем жері қасиетті, міне, соның ішінде астаналар өңірі, ежелгі тарихты қойнауына басып жатқан Сыр өңірінің осы жәрмеңкелер шеруін бастап келуінің де өзіндік тарихи маңызы, мәні бар деп ойлаймын», деді Р.Рүстемов. Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, бұл тарихи сабақтастық. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында еліміздегі өзге өңірлер сияқты Қызылорда облысы да әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамудың биік деңгейінде келе жатыр. Тек соңғы он бес жылдың өзінде, салыстырмалы түрде айтар болсақ, облыста 171 мектеп, яғни білім ошағы бой көтерген екен. Соңғы бес жыл ішінде облыс халқының өсімі жылына 1,6 пайызды құрап, қазір облыс халқының саны 800 мыңға жетіп қалған. Қызылорда облысы Елбасының қолдауымен қарыштап алға қадам басып келеді.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен даңғайыр диқан, дала академигі атанған Ыбырай Жақаев атамыздың 125 жылдығы орайлас келіп отыр. Сондықтан ортаймайтын қазанын, тарқамайтын базарын таныту үшін Қызылорда облысы өзінің тарту-таралғысымен келіп, қарт Қаратаудан ақиық Аралға дейін созылған қасиетті өлкенің дәмін астаналықтарға Сырдың сый-тартуы ретінде ұсынды.
Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде Қызылорда облысының 7 ауданынан келген 50-ге тарта өнім түрі саудаға түсті. Жалпы құны 70 миллион теңге болатын 400 тонна азық-түлік елорда тұрғындарына төмендетілген қолжетімді бағамен сатылған. Олардың ішінде алғашқы орақтан жиналған 70 тонна күріш, 90 тоннаға жуық көкөніс түрлері бар.
Қызылорда облысынан кейін жәрмеңкелер эстафетасын Алматы облысы жалғастырмақ. Осылайша өзге өңірлермен кезектесетін апта сайынғы жәрмеңке қазан айының соңына дейін ұласады.
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»
------------------------------------------------
«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты өңірлер күндерінде Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапхана елордадағы М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасында «Туы биік, тұғыры берік Сыр елі» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Шараның ашылу барысында облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратова Сыр бойы түркілік, шығыстық өркениетке ошақ болған қасиетті мекен, қалың қатпарлы тарихтың куәгері болған өлке екенін баяндады. «Көне тарих, даланың шыншыл шежіресі бұл өлкенің береке-бірлігі бұзылмағанын, қиын-қыстау күндерде ұлтқа пана, өзегі талған өзгеге сая болғанын айғақтайды. Көрмедегі кітаптар мен газет-журналдардан, фотосуреттерден Сыр бойы туралы көптеген мәлімет алуға болады», – деді кітапхана директоры.
Көрменің «Елбасы Сыр елінде» атты бірінші бөлімі Президенттің әр жылдарда Қызылордаға жұмыс сапармен келген тарихи кезеңдеріне арналған. «Тарихы өсиетті, қойнауы қасиетті Сыр елі» атты екінші бөлім өлкенің сонау VІІ ғасырдан бастап, түрлі түркі тілдес халықтардың астанасы болғанынан хабар береді. Олардың арасында VІІ-XІ ғасырлардағы Оғыз астанасы – Жанкент, XІІІ ғасырдың екінші жартысында Жошы ұрпақтарының кезіндегі – Ақ Орда, XV-XVІІІ ғасырларда қазақ хандықтарының орталығы – Сығанақ. 1925-1929 жылдары Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасының астанасы – Қызылорда қаласы бар.
«Өңірдің өркенді келбеті – тәуелсіздік жемісі» атты бөлім тәуелсіздік жылдарында облыста әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани салалардың өсіп, дамығанын көрсетсе, «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалар бөлімі» Сыр жерінің даңқты тұлғаларына арналған. Олар – от ауызды, орақ тілді Әйтеке би, Самарқанды 30 жыл билеген Жалаңтөс Баһадүр, Жанқожа, Көкен, Жаназар, Бұхарбай, Бақтыбай сынды хас батырлар, алаш қайраткері Мұстафа Шоқай, қазақ әдебиеті мен ғылымының, мәдениеті мен өнерінің тұлғалары – Ә.Қоңыратбаев, Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, А.Тоқмағамбетов және т.б азаматтар.
«Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Сыр елі» атты бөлім Сыр елін жыр елі атандырған, жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуған сынды Сыр сүлейлеріне, облыс мәдениеті мен өнерін асқақтатып, жер-жерлерден жүлделермен оралып, өлкенің даңқын шығарып жүрген өнерпаздарға арналған.
Қызылорда облысының бай тарихын, әдебиет пен ғылымның, мәдениет пен өнердің мол мұрасын паш ететін көрмеге 300-ге жуық кітаптар мен газет-журналдар, фотосуреттер қойылды.
Топтаманы әзірлегендер Дастан КЕНЖАЛИН, Динара БІТІКОВА, Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»