06 Қыркүйек, 2016

Ғалам жақсылық күткен саммит

513 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ejankhan1үміт артқан деңгейден көріне алды ма? ҚХР-дің Чжэцзянь про­вин­циясының бас қаласы – Ханчжоуда G20 саммиті өтті. Бұл саммиттің ҚХР үшін де, әлемдік қоғам­дастық үшін де саяси мәні зор. Саммитке ҚХР-дің төрағалық етуі әлемдегі бірсыпыра тың жағдайлардың пайда болуымен тұспа-тұс келді: Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі мен XXI ғасыр теңіз жібек жолы» (қысқартылып, O&R немесе OROB деп те айтылады) бастамасының халық­аралық деңгейде жиі айтыла бастағандығы; Оңтүстік Қытай теңізін­дегі шиеленіскен жағдайға байла­нысты Гаага арбитраждық сотының шілде айында төрелік шешім шығаруы; Сад зымыран жүйесінің Оңтүстік Корея жеріне орнатылу жоспарының қабылдануы; АҚШ-тың кезекті президент сайлауы нау­қанындағы «АҚШ өзінің Қытаймен арадағы экономикалық-сауда қарым-қатынасын қайтадан қарастыру керек» деген тақырыптың қызу талқыға түскендігі... Әлем жұрты көз алдында жарыса бой көрсетіп жатқан бұл оқиғалар шынында Қытайдың қазіргі даму қарқыны және ондағы жетістіктерімен тікелей байланысты. Сонау Дэн Сяопин реформасынан кейін, ҚХР-дің дамуы саяси тұрғыдағы капитализмнің будандасуы негізінде жүріп өткендігі баршаға мәлім. Ал елінің қуатын күшейту үшін тиімді сыртқы атмосфера мен қауіпсіздік орта керек екендігін түсінген Қытай үкіметі халықаралық аренада тынбай жұмыс істеп келе жатқандығы жұртқа мәлім. Экономикалық реформасы жеміс бере бастаған 1990-жылдарда-ақ Қытайдың аталмыш басшысы өз еліне экономикалық дамудың бас жоспарын жасап берумен бірге, халықаралық аренада Тао гуан ян хуэй яғни «Төмен профильді саясат жүргізу» стратегия­сын көрсетіп кеткен. Содан кейінгі ширек ғасыр ішінде Қытай елі хэпин цзюеци, яғни «бейбітшілік жолымен биіктікке қол жеткізу» деген ұранның жетегінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық қарым-қатынастағы ереже-қағидаларды, ондағы тепе-теңдікті мей­лін­ше сақтауға тырысқан. Әрине,  «Төмен профиль­ді саясат жүргізу» изоляцио­низмге жол беру деген сөз емес. Өздерінің бірнеше ғасыр бойы жинаған тәжіри­белерінің арқасында Қытай халқы мынаған көздері жеткен: дүниенің даму үдерісінен тыс өмір сүріп, өзін өзі тұйықта ұстаған ел түптің түбінде мешеуленіп, өзгенің езгісінде қалады. Сонымен қоса, экономикасын одан әрі дамыту үшін Қытайға сырттан қаржы, озық техника және базар сұранысы керек еді. Осыны ескерген Қытай үкіметі Дэн Сяопиннен кейін де өзінің гайгэ кайфан, яғни «экономикалық реформасын жүргізіп, сыртқа есік ашу» саясатын жалғастырды және әлем қоғамдастығымен интеграциялану үрдісін тездетті. Ал Қытайдың бағына сай соңғы 30 жыл олар үшін дамудың ең қолайлы алтын кезеңі болып қалыптасты деп айтуға толық негіз бар: бұл кезеңде Қытай үшін қауіпсіздік тұрғысынан да, сыртқы экономикалық байланыс тұрғысынан да аса қолайлы жағдай туындаған. Кеңес Одағының құлауы және Жапония сияқты елдерде пацифизм пиғылының ұзаққа дейін басым болуы Еуразия мен Тынық мұхиты аймақтарына салыстырмалы түрдегі тыныштық пен қауіпсіздікті әкеліп, ғасырлар бойы төңірегіндегі елдермен күресуге мәжбүр етіп, тіпті Батыс елдерінің жартылай боданы болып та үлгерген қытай халқына тұңғыш рет назарын ішкі істеріне, әсіресе экономикалық жағдайларына аударуларына көбірек мүмкіндік берді. Ал 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейінгі АҚШ бастаған Батыс елдерінің Таяу Шығысқа назарларын аударып, сондағы былықтардан шыға алмай қалғандығы Қытай үшін тіпті де қолайлы жағдай туғызды. Осы орайда, Қытай үкіметі мынадай жайттарды жақсы түсініп, соған лайықты іс-қимыл жасай білді: біріншіден, ол Батыс елдері жетекшілік еткен дүниежүзілік жүйеден қашу емес, керісінше, оған ену арқылы ондағы Қытайдың дамуына кедергі келтіретін тетіктерді мей­лінше азайтты; екіншіден, ол Еу­разия және Тынық мұхиты аймақ­тарындағы әртүрлі көпжақты сая­си және қауіпсіздік іс-шараларға бел­сенді түрде қатынаса бас­тады. ДСҰ-ға кіру Қытай үшін сыртқы экономикалық байланыстың көптеген мүмкіндігін ашты. БҰҰ, ШЫҰ және АСЕАН сынды халықаралық немесе аймақтық ұйымдарда алған орны мен жасаған ықпалы Қытай үшін қауіпсіздіқ кепілдігін әкелді. Сонымен қоса, Қытай  Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Қар­жылық тұрақтылық кеңесі, Халық­аралық еңбек ұйымы, сондай-ақ Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сынды маңызды халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың мінбелерінен өз үнін естірте бастаған. Қытай үкіметі мен қытай халқы­ның ұмтылысы өз жемісін берді: экономикалық жалпы қуаты 10 трлн-нан астам АҚШ долларына жет­кен Қытай экономика жағынан Жапо­нияны артқа қалдырып, әлем елдері арасында екінші экономикалық державаға айналды. Және ол санаулы жылдардан кейін АҚШ-ты да артқа тастауы әбден мүмкін. Өзінің дамуына сай, ҚХР көптеген халықаралық ұйымдарда үлкен рөл атқара бастаған G20 саммитінің кезекті тізгінін өз қолына алуы – ҚХР-дің мәртебесі артқандығының белгісі. 1999 жылы бастау алған  G20 әлдеқашан «халықаралық эконо­ми­калық ынтымақтастықтың  премьер форумына» айналып, әлем эконо­ми­касындағы басқару істеріне зор ықпал жасай бастады. G7 және G8-бен салыстырғанда, G20-ның мынадай ерекшеліктері бар: біріншіден, G20-ның көлемі кеңірек. G20-ға дамыған елдер де, дамушы елдер де кіреді. G20-ның құрамына әлем халқы санының үштен екісі, территориясының 60%-ы, өндіріс қуатының 85%-ы және сауда көлемінің 80%-ы  кіреді. Екіншіден, G20 теңдік принципке бейім. Мұндағы іс-әрекеттер көбірек консенсус қағидасы бойынша атқарылып, дамушы елдер мен дамыған елдер халықаралық экономика және қаржы мәселелері жөнінде тең дәрежеде пікір алмаса алады. Үшіншіден, G20 өзінің тиім­ділігін көрсетуде. Осыған дейінгі G20 саммиттерінде қабылданған бір­сыпыра шешімдер әлем жұртының қар­жылық дағдарысты тежеп, эконо­миканы дамыту істеріне, халық­аралық қаржы және валюта жүйе­леріне бағытталған реформалардың іл­герілеуіне оң ықпал жасап келген. Сондықтан, G20 саммитінің Ханчжоу қаласында өткізілуі ҚХР-дің халықаралық экономикалық сая­саттағы маңызды орнын көрсетеді. Ханчжоу қаласында өткен сам­миттің өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндағы көзге бірден көрінетін жайт – саммитке қатысушылардың құрамындағы өзгешелік. Оған БҰҰ, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, Дүниежүзілік сау­да ұйымы,  Қаржылық тұрақтылық кеңесі, Халықаралық еңбек ұйымы және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сынды халықаралық ұйымдармен бірге, халықаралық аренада өзіндік ықпалы бар біраз жеке мемлекеттер де шақырылды. Бұл туралы ҚХР сыртқы істер министрі Ван И былай деген болатын: «Қытай тарапы G20-ға АСЕАН-ға төрағалық ететін Лаосты, Африка одағына төрағалық ететін Чад елін, Африка дамуының жаңа әріптестігі жобасына төрағалық ететін Сенегалды, сондай-ақ дамушы мемлекеттерге өкілдік ете алатын екі ірі ел, яғни Қазақстан мен Мысыр елдерін де Ханчжоудағы G20 саммитіне шақырды... Осы жолғы саммит G20 тарихындағы дамушы елдер ең көп қатысатын, өкілдік ерекшелігі көбірек, инклюзивті саммит болмақ». Жоғарыдағы ерекшелік әуелі Қытай үкіметінің халықаралық экономиканы қалай дамыту керек деген жалпы түсінігімен, ондағы тың ұстаныммен байланысты дүниеге келіп отыр. 2016 жылғы 17 тамыз күні Қытай үкіметі тарапынан Бейжіңде өткізілген «OROB-ты дамыту мәселелеріне байланысты қызметтік форумында» ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин тұңғыш рет шицзие цзиньцзи зай пинхэн, яғни «Әлем экономикасын қайтадан қалыптастыру» деген ұғымды ұсынып отыр. Осылайша ҚХР өзінің қазіргі халықаралық экономикалық саясатына, ондағы ереже-қағидаларға көңілі толмайтындығын, ендігі кезекте сол саясат пен ереже-қағидаларды Қытайдың мүддесіне сай етіп өзгертуге өзі белсенді түрде кіріскісі келетіндігін аңғартып отыр. Ал мұның өзі сыртқы көз үшін ҚХР-дің ширек ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Тао гуан ян хуэй, яғни «Төмен профильді саясат жүргізу» стратегиясынан ауып бара жатыр ма деген әсер қалдыруы мүмкін. Сондықтан да, әлем жұрты Ханчжоу қаласындағы G20 саммитіне құлақ түрді. Мұнда экономикалық мәселелерімен қатар, көптеген саяси, қауіпсіздік мәселелері де кеңінен талқыланды. Халықаралық ортақ мүдде ескерілді. Қорыта айтқанда, Ханчжоу қаласында аяқталған G20 саммиті әлем халықтарының игілігіне жарайтын экономикалық шешімдер қабылдауға ұмтылыс танытты. Енді сол арқылы халықаралық қоғамдастықтың келешек дамуына оң ықпалын тигізсе деген тілек бар. Бақыт ЕЖЕНХАНҰЛЫ, Халықаралық түркі академиясының профессоры