Қазақстан – 18 млн халқы бар, бірақ территория жағынан 9-шы орында болғанымен әлемдегі орны бөлек ел. Өйткені, Қазақстан – антиядролық қозғалыстың басында келе жатқан мемлекет. Міне, Елбасы Қытайға осындай әлемдік үдерістерге үлкен үлес қосып отырған мемлекеттің басшысы ретінде шақырылды.
Айта кетейін, Нұрсұлтан Назарбаев Ханчжоуда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Төрт құжат бекітілді. Соның бірі – «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспары.
Алыс тұрған ағайыннан, жақын тұрған көрші артық. Қытай төрағасының Қазақстанға деген көзқарасы осындай! Нұрсұлтан Назарбаевты үлкен жиырмалықтың жиынына арнайы шақыруы берік достықты білдіреді. Көшбасшылардың саммит қарсаңында кездесуі де серіктес елдердің ынтымақтастығын аңғартты.
Қос көшбасшының биылдыққа үшінші жүздесуі бұл. Жемісті деуге негіз бар. Сауда-экономика, көлік-транзит, отын-энергетика мәселелері қозғалды. Аралас-құралас болып кеткен екі елдің бұл бағыттарда жоспарлары көп. Дегенмен, әңгімені Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге жұмыс сапарымен келуге, G20-ға қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтудан бастады.
G20-ның экономикаға үлкен екпін қойып отырғаны өте дұрыс деп айтамын. Өйткені, көп түйткілдер осы жерде шешілуі тиіс. G20-ға әлемдегі барлық мемлекеттер келеді. Халықаралық Ұйымдар, содан кейін шақырылған мемлекеттер бар. Оның ішінде Қазақстан да өзінің пікірін білдірді. Оның үстіне, Қазақстанның моральдық және құқықтық жөні бар. Себебі, жаңа Жібек жолының бойында тұрған мемлекет. 2,5 мың шақырым Жібек жолы Қазақстанның территориясымен өтеді. Транзиттік, көліктік мәселелер бар бұл жерде. Осыған байланысты көптеген мәселелер шешіледі. Сондықтан Қазақстанның үлесі өте үлкен болмақ.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері