06 Қыркүйек, 2016

Өркениет өнегесі

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
05-09-Зенченко Г.И.-1Президент Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолдарын нақ­ты белгілеп, елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбе­гіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтиханнан мүдірмей өту ортақ парыз, абыройлы міндет екенін атап көрсеткен болатын. Шынында да күшті де қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. Бұл саладағы орнықтылық, тиянақтылық қашанда сыртқы саясаттағы сындарлы басымдықтармен, парасатты шешімдермен тығыз байланысты екенін ешкім жоққа шығара қоймас. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында ұзақ мерзімді жоспар бойынша жұмыс істейтін табысты елдер қатарында Қытайдың аталуы жайдан-жай емес. Былтыр жария етілген тарихи құжатта Қытай, Ресей сияқты жақын жатқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалану, сөйтіп әлемдік және өңірлік нарықтарда экспорттық тауашаларды белсендірек игеру, тәжірибелерін қолдану талабы қойылғаны белгілі. Демек, экономика мен саясатты тең ұстау, байыпты жүргізу арқылы жаһандық дағдарыстарды еңсеруге, әлеуметтік өсімді көтеруге, адамдардың өмір сапасын жақсартуға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады деген сөз. Оның нақты мысалдарын алыстан іздемей-ақ Елбасының сыртқы саясат саласындағы халықаралық беделімен, жалпыға танылған қазақстандық моделімен бағалауға болады. Әсіресаясатшылдықтың, әпербақандықтың салдарынан тұрғындардың тынышын қашырып, «алтыбақан алауыз» болып жатқан мемлекеттер аз емес. Бүгінде өзара көршілік татулық, түсіністік ауадай қымбат. Өйткені, қолайлы жағдайлар ғана табысты дамуға, ұлттық мүдделердің сақталуына, шекараға қол сұғылмауына айқара жол ашары анық. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасымыздың Аспанасты еліне ресми іссапары ежелгі әріптестік қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге іргелі қадамдар жасағанын баса айтқым келеді. Иә, Қытай төрткүл дүниедегі ең ірі держава әрі құдайы көршіміз болғандықтан, «ауылымыздың аралас, қойымыздың қоралас» болғанын қалаймыз. Екі тараптың осындай достық рәуіштегі келіссөздері мен сауда-экономика, инвестиция, көлік-транзит, отын-энергетика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылға негізделген әріптестік байланыстары ынтымақтаса жұмыс істегеннің ұпайы түгел екенін тағы бір дәлелдеп берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қытай Халық Республикасына сапарының қорытындысына арналған брифингте G20 саммитіне өзінің екінші рет қатысып отырғанын және биыл ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен келгенін айтып өтті. Мұның өзі әлемдік қауымдастық көшбасшы ретінде талассыз мойындаған Президентіміздің зор беделін айғақтаса керек. Осындайда АҚШ астанасы Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде Елбасы Н.Назарбаев жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі еске түседі. Барша адамзат жаһандану дәуірінде ынтымақтастыққа зор үміт артып отырғанымен, үміт-сенімдері елесті сағымға айналуы ғажап емес. Ойымызды манифестегі «Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады. Дүние әзірше өткен төрт он­жылдықтың оң инерциясының арқасын­да сақталып тұр» деген сөздермен түйін­дейтін болсақ, бейбітқатар өмір сүрудің маңыздылығы айдан айқын сезіле түседі. Шынында да, Жер шары тұрғын­дарының 70 пайызын және әлемдік эконо­миканың жартысын құрайтын мемлекет­тер басшылары жиналған алқалы жиынға Қазақстанның қатысуы, онда Елбасымыздың сөйлеуі – қазақстандықтар үшін зор мәртебе, қуаныш. Ал Қытаймен уағдаластық сан-саланы қамтып, екіжақты қарым-қатынасқа жаңаша бағыт-бағдар беретіні, тың жол ашары сөзсіз. Оның ішінде Қазақстан аумағында бірлескен заманауи кәсіпорындар құру туралы келісім құптарлық. Облыста агроөнеркәсіптік кешен басты өндірістік сала болғандықтан, республикалық, аймақтық және алыс-жақын шетелдермен әріптестік байланыс нығая түскен. Нәтижесінде былтыр инвестиция тарту 150 миллиард теңгені құрап, оның ішінде Қытай секілді алпауыт елдердің үлесі барған сайын ұлғайып келеді. 2014 жылы осы елдің елшісі өңірімізде болып, қаржы құюға мүдделілік танытқан. Жұмыс сапарының ізі суымай жатып қытайлық компаниялар бірлескен жобаларын ұсынды. Сөйтіп, Тайынша ауданында «Айцзю» фирмасы өсімдік майларын шығаратын зауыт салуға кірісті. Ауылшаруашылық саласына стратегиялық инвесторлар тарту жөніндегі Елбасы жүктеген міндеттер аясында бой көтеретін кәсіпорын жылына 80 мың тонна өсімдік майын өңдей алады. Осы жолғы Елбасы сапарында алаш рет Қытайға азық-түлік бидайын, басқа да дәнді дақылдарды жеткізу жөніндегі келісімге қол қойылды. Демек, солтүстікқазақстандық аграршылар үшін де сыртқы нарық табыс көзіне айналады деген сөз. Өскелең ұрпақ пен адамзат тағдырына алаңдаушылық мемлекет басшыларына, саясаткерлерге зор жауапкершілік жүктейді. Семей сияқты ірі ядролық полигонды жабуға бастамашыл бола білген Көшбасшымыздың сыртқы сая­сат саласындағы бейбіт мақсаттағы ұстанымдары өзгелерге үлгі-өнеге болып қала беретіні кәміл. Геннадий ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы