19 Ақпан, 2011

Бірі жақсы бағаланса, екіншісі сүрінді

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комис­сия­сында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгер­ген­ді­гін анықтау жөніндегі Лингвис­тика­лық комиссияның отырысы бо­лып өтті.  Бұл жолы аталған комис­сия­ның сынағынан өту үшін  пре­зиденттіктен үміткерлер Толыбай Бай­­мурзин мен Мэлс Елеусізов келді. Таңертеңгісін сағат 11:00-де мем­лекеттік тілді қаншалықты мең­гер­ген­дігін көрсету үшін Толыбай Баймурзин Орталық сайлау комис­сия­сына келген бола­тын.  Президенттікке кандидат  мем­лекеттік тілден сү­рінді. Емтихан нәтижелері бойынша Лин­гвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы Толыбай Нұр­діл­да­ұлының жазуы мен мәнер­леп оқуы­на қанағат­танбаушылық білдіріп, мем­лекеттік тілді мең­гер­меген деген шешім шығарды. Және де бұл ше­шімнің бірауыз­дан қабылданғанын айта кетуіміз керек. Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жө­­ніндегі Лингвистика­лық комис­сия­ның төраға­сы М.Жол­дасбеков кан­ди­даттың «Перзент парызы» деген та­қы­рыпта шы­ғар­ма­сының сауатсыз жа­зыл­ғандығын жет­кізді. Мысалы, ор­фографиялық қа­те­нің саны 24 болса, тыныс белгілерінен – 23, ал стильдік жағынан 5 қате жі­бергені анық­тал­ған. Барлығын қос­­қан кезіндегі қате саны 52-ге жетіп отыр­. Екінші кезең бой­ынша Ғабит Мүсіреповтің шы­ғар­ма­ларынан үзінді келтіру керек болса, оның өзін де мәтінді кібіртіктеп, созбалап оқыған.  Үшін­ші кезең бойынша «Батырлық пен сүйіс­пен­шілік» тақырыбын ашу керек болса, президенттіктен үміткер оны да аша алмаған. Лингвистикалық комиссия төр­аға­сы Мырзатай Жолдасбеков пре­зиденттікке кандидаттың сөй­лем құрай алмағандығын ашық айтты. Сөйтіп, комиссия мүшелері Т.Баймурзин қазақ тілін меңгермеген деген байламға келгендіктерін жеткізді. Президенттіктен тағы бір үміткер Мэлс Елеусізов мемлекеттік тілден емтихан тапсырар ал­дында Орталық сайлау комис­сиясы ғимаратында бұқара­лық ақпарат құралдары өкілдерінің бір­қатар сұрақтарына жауап берді. Үміт­кер сайлауға түспес бұ­рын алдымен жақсылап ойланып алдым, дей келіп, өзінің достары­мен, таныстарымен ақыл­дасып алғандығын жеткізді. Эко­логия­лық проблемаларды шешу жо­лындағы бағытымнан таймай­мын, деген Мэлс Хамзаұлы президенттік сайлау алаңын өз мүм­кіндігінше пайдалану қажеттігін алға тартты. Басқаларға қарағанда жақсы мүмкіндігім бар, деп мә­лім­деген ол Абай мен Мұхтар Әуе­зов шығармаларын оқығанды­ғымен де бөлісе кетті. Тіпті сөм­кесіне салып әкелген кітаптарын да көпшілік наза­ры­на ұсынды. Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистика­лық комиссияның сынағы­нан сү­рінбей өтуі де осындай үлкен дай­ындықтың арқасы болса керек. Жазба жұмысының тақырыбы «Қа­зақ­станның болашағы» деп аталса, үміткер оны барынша жақсы ашып көрсете білген. Үш беттік жазба жұмысынан 7 қате анықталса, соның 2-і орфо­гра­фиялық және 4-і тыныс белгілеріне қатысты болған. Лингвис­ти­калық комиссия төр­ағасы Мыр­затай Жолдасбеков үміт­кердің ойы орнықты, жұмысы толық аяқталған деген пікірін білдірді. Екінші тапсырма бойынша ту­ғанына 80 жыл толуы тойланып жатқан  ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың  өлеңін оқыған Елеусізов өзін осы орайда да жақсы қырынан көрсете біліпті. Үшінші сынақ бойынша «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген тақырыпты да шебер орындап шығыпты. Осы­лайша Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер Мэлс Елеусізовтің мемлекеттік тілді меңгеруі барысын сыннан өт­кізген Лингвистикалық комиссия оған қазақ тілін еркін меңгерген деген шешім шығарды. Қоры­тынды шешімді жариялай келе Лингвисти­калық комиссия төр­аға­сы М.Жолдасбеков үміткер­дің атына біраз жылы сөздер айтып, оның дайын­дығына жоғары ба­ға­сын берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.