07 Қыркүйек, 2016

Кен іздеген жиһанкез

1253 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Турсынбек Какишев-2Тұрсынбек Кәкішевпен алғашқы кездесуіміздің өзі бір драма! 1971 жылы КазГУ-дің филология факуль­тетіне оқуға түсуге Алматыға кел­дім. Он жетіге толмаған албырт кезім. Қазақ бөліміне төрт жүз он үш талапкер бар екен. Алатыны – елу, оның бесеуіне дайындық курсында оқыған балалар түсіп қойыпты. Қалған қырық бес орынға төрт жүз он үш бала үміттеніп тұрмыз. Шығармадан үш алдым. Ауызшадан тұлғалы, келбетті, қасқа бас ағай мен әдемі апай емтихан алып отыр. Бірінші сұрақ бойынша бәрі де көкірегімде сайрап тұр, бірақ Сәбит Дөнентаевтың қай заманда өмір сүргенін білгеніммен, нақты тіршілігі мен қызметі есіме түсер емес. – Ағай, Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен қызметін есіме түсіре алмай отырмын, шығармаларын айта берсем бола ма?! – деп, шынымды айттым. Әйел бетіме таңдана қарады-ау деймін, ал қасқабас ағайдың қабағы тыржиып кетті. Басын түсіріп, көзінің астымен маған сүзе қарап тұрды бір сәт. Бір кезде ағай: «Пожалыста», деді. Сосын сөйлеп берейін! «Бөшкенің зарын», әсіресе, «Бозторғай зорлық көріп тұрым­тайданды» талдап тұрып, арасында өлеңдетіп соқтым келіп! – Сәбиттің тұңғыш кітабы қалай аталады?− деп сұрады бір кезде ағамыз. Бозторғай боп көкке ұшып кетсем керек, қапелімде жерге түсе алмай бөгеліп қалдым. – У-а-ақ...− деп ағамыз әндете соза бергенде: – Түйек! – деп мен жабыса кеттім! − Иә, дұрыс, «Уақ-түйек»! – деп, жылы жымиып қойды екеуі де. Содан екінші сұрақ «Сын есімді» сұрады. Айта келіп, мысалға Абай атамыз­дың «Қысынан» өлеңдетіп келтірдім. − Сын есімге Абайды келтіріп жатыр! Жақсы, ә! – деп ағай апайға бір қарап қойды. Ана кісі де сүйсініп-ақ отыр. Одан сайын көтеріліп, үшінші сұрақ сөйлем талдауды да ретіне келтіріп, «уһ» деп бір-ақ тоқтадым! Жылы шыраймен емтихан қағазымды алып, аша берді де, лезде өңі өзгеріп сала берді. − Айналайын-ау, шығармадан қайтіп үш алып жүрсің?! Мұның жарамады ғой, енді! Біз саған бес қойғымыз-ақ келіп еді, бірақ, негізгі пәннен, шығармадан үш алған балаға бес қоюға болмайды! Төрт қоямыз, жолың болсын! − деп, шығарып салды. Былай шыға, емтихан парақшасын ашып қарасам, Кәкішев және Түркпенова деп қол қойыпты. Кейін тарихтан – бес, неміс тілінен төрт алып, оқуға түсіп кеттім. Міне, осы 1971 жылдан күні кеше, 2015 жылы Тұрсекең өмірден озғанға дейін, қырық төрт жыл бойы аға мен інідей, әке мен баладай сыйласып, сырласып жүр­дік. Тіпті тағдырдың жазуымен алыстап кеткен, араға жылдар түскен кездерде де, біздің рухани байланысымыз, жан сыйластығымыз үзілген емес. Бір қызығы, мен жас кезімде Тұрсе­кеңнің біздің елден екенін білмеппін, тіпті, мән бермеппін. Өйткені, ағамыз алаш баласын алаламай, аялы алақанын алыс-жақыннан аямайтын. Мен де ол кісінің аялы алақан табын сезініп өстім. Қамқорлығын көп көрдім. Тіпті, жас күнімде, қатты қиналып жүрген ке­зімде, дәл тауып айтқан бір ауыз сөзімен-ақ жігер, қуат беріп, қанаттандырып жіберетін! Мен елде тұрған кезде, заман аумалы-төкпелі болып, толқып тұрған шақта, «Кеңащыға» келгенінде: «Андай-мұндайға араласпа! Бір бәлеге ұрынып қалма! Мен жүрмін ғой, сол жетер!» – деді. Бұл сөздің терең мағынасын мен арада жылдар өткеннен кейін сезіне бастадым. Шындық үшін шырылдап жүрген ұстазымыздың бұл сөзінде сол күрестің ыстық-суығын өзім-ақ көріп алайын, шәкірттерімді оның пәлесінен аулақ сақтайын деген ақ ниеті ғана емес, тікелей маған қатысты, сенің жолың басқа деген үлкен, құпия емеуріні жатыр-ау деп ойлаймын қазір! 1977 жылы университетті бітірерде диплом жұмысымның жетекшісі болды Тұрсекең. Екінші курста оқып жүрген кезімде «Қазақ әдебиеті» газетіне шешен­дік сөздер туралы алғашқы мақалам жария­ланған болатын. Сол тақырыпты біраз айналдырып, ақыры диплом қорғайтын болдым.  Университетті бітірер жылы, әлі жарты жыл оқу барына қарамастан, бір күні мені Сәбит Мұқановтың жаңадан ашылып жатқан музейіне алып келіп, Мәриям апаймен таныстырып, жұмысқа орналастырды да қойды. Музей директоры Хакім Бекішев ағамыз бен ғылыми қызметкері, досым Құлбек Ергөбековпен бірге Сәбең музейінде өткен күндер бір бөлек хикая. Әңгіме Тұрсекеңнің жақсы оқыған, әдебиетке, ғылымға бейімі бар шәкірттерін Алматыда алып қалуға тырысып, қолынан жетектеп жүріп, қолы жеткен жерге жұмысқа орналастыратын әкелік қамқорлығында. Қырық жылдан астам уақыт сыйласып, сырласып, араласып жүргенде, Тұрсекеңнің бір асып-сасқанын, я масаттанып тасқанын көрмеппін. Қандай да бір тосын оқиға, жағдай туып қалса да, немесе жоғары билік тарапынан әлдебір қысастық, қитұрқылық көрсе де: « Е-е, жарайды!» − дейтін де қоятын. Жылдан-жылға халықтың алдындағы абырой-атағы, асқар таудай бойы биіктей түскен сайын Тұрсекең туған жерге тереңдеп бата берген секілді. Салмағы ауыр тұлғаның сабыры да мол, ақылы да сарабдал еді. Ашу-айбары, батырлығы мен батылдығы, ер мінезі ел мен әдебиет тағдыры жайлы сөз қозғалатын тартысты жерлерде жарқ етіп көрінетін. Үлкен елдік мәселелерге келгенде, әдеттегі кеңпейіл Тұрсекең мүлде өзгеріп сала беретін. Айтарын мейлінше ашық, батыл, кесіп-кесіп айтатын. Ойы ұшқыр, айқын, нақты, шыншыл болатын. Сонысымен қарсыластарын тырп еткізбей, жүйелі сөзге тоқтатып, тыңдаушы көпшіліктің алғысына бөленуші еді. Даусы қандай таза, әуезді, жағымды, күшті еді жарықтықтың! Ақын Жақан Сыздықовтың тоқсан жылдығында, бұрынғы Көкшетау облы­сының бұрынғы Чкалов ауданының Қа­рағаш ауылында орыс тілінде ағыла бір сөйлегені бар. Өйткені, облыс, аудан басшыларының дені орыс тілділер болды, бұл – бір. Екіншіден, сол кезде шовинистердің қазақ тәуелсіздігіне көз алартып, түрлі сөздерді гулетіп жатқан кезі болатын. Әсіресе, Солженицынның қазақ жерін қайшымен екіге бөле салуды көксеген астамшылыққа толы сөздері жат пиғылды баспасөзге дем беріп, әңгіменің ширығып тұрған шағы-тын. Әңгімені Жақан Сыздықовтың ақындығынан, майдангерлігінен тарата келіп, қазақ әдебиетіндегі ашаршылық туралы алғашқы толымды туындылардың бірі – «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасына тоқталып, ел мен жер тағдырына ойысқан Тұрсекең орыс тіліндегі отты сөзімен Солженицынді де, оның сойылын соғушыларды да сылқитты да салды. Отырған орыс тілді қауым ағамыздың аталы сөзіне ұйып, бас изеді, қазақтар арқаланып, қиқулап кетті. Мен сонда ұстаз ағамыздың ұлттық мәселені барынша ашық, батыл және байыпты түрде қалың орыс қауымының алдында айтып бергеніне сүйініп, қол соғып едім. «Жат елдің бір кесек семіз колбасасын жегеніне мәз болып, шетелге қашып кетіп, туған жерін жамандап, ылаңдатқан адам патриот па, жоқ әлде туған елінің барлық ауыртпалығын халықпен бірге көтеріп, өз жерінде адал еңбек еткен адам патриот па?! Саяси дау-дамай, айқай-шуға ілесіп, бір елдің жерін қайта бөліске саламыз деп, халықтардың арасына іріткі салушы арандатушылар патриот па, жоқ әлде елдің тыныштығын, береке-бірлігін ойлап, тату-тәтті өмір сүріп жатқандар патриот па!?» − деп орысша ырғақтап соққан сөздері көпшілікке ой салып, сексен көлдей толқытып жібергені көз алдымда! Ал Тұрсынбек ағаның осы тектес сөйлеген сөздерінің өзін жинақтап, жариялайтын болсақ, оның өзі әлденеше том болатын-ақ шығар?! Ойлы да отты, мағыналы, ғибратты сөздері ел өмірінің, тари­хымыздың сан алуан қырларын қам­титын шежіре, дерек, рухани қазына ғой! Жарықтықтың жүрген жері жап-жарық болып кететін сияқты еді. Еліміздің бетке шығар қаймақтары жиналған айбынды жиынның ішінде айрықша дараланып, ай маңдайы алыстан нұрланып көрінетін. Жан шуағын, ақыл-ой қуатын шашып тұратын жан-жағына. Егер де ол кісі сонау жастық шағында, Ақмола облыстық театрында меңгерген әртістік өнердің жолын мықтап қуғанда, Голливудтың терең ойлы, кесек тұлғалы Энтони Хопкинс тәрізді жұлдыздарымен бірге жер-жаһанға жарқырап көрінер ме еді, кім білсін? Расында да, Тұрсекеңнің ірі, кесек, сымбатты тұлғасы, айрықша сұлу келбеті, сәу­ле шашқан ай қасқасы, тіпті, жасы ұл­ғай­ған шақтағы маңдайы мен бетіндегі терең ойдың іздеріндей сезілетін қатпарлы әжім­дерінің өзі, әртістердің тілімен айт­қан­да, фактурасы мен колориті әлемдік ки­но экран­ды молынан толтырып-ақ тас­тар еді! Бірақ, Тұрсекең өз жұлдызын ғылым мен ұстаздықтан тапты! Сексен бес жылдыққа орай Тұрсынбек Кәкішев ағамыз туралы деректі фильм түсіруді ойладық. Онда біз уақытша Алматыда едік, кино түсіретін құрал-сайманның бәрі Көкшетаудағы үйде қалған. Не бөлінген қаржы-қаражат жоқ, не кино түсіретін топ жоқ. Амал қанша, әйтеуір Тұрсекеңнің әңгімесін әбден айтқызып, өз аузынан жазып алайын деген ниетпен, бір телеарнаның операторын жалдадым. Оның камерасы бізге сәйкес екен, соған қызықтым. Айтқан уағында келді. Біраз адамдар жиналды. Әлқисса, жарықты қойып, камераны орналастырып, түсіруге дайындалдық. Тұрсекең жазу үстелінде сақадай-сай отыр. Оператор жігіт камерасын шұқы­лаңқырап, көбірек бөгеле берген соң: «Не болды?» − деп сұрадым. − Дыбыс жазатын петличка істемей тұр! – дейді күмілжіп. – Істеп тұрған, не бол­ғанын білмеймін! − Онда амал жоқ, тікелей камераға жазамыз, – дедім. Сөйтіп, түннің бір уағына дейін Тұрсекеңнің әңгімесін тікелей камераға жазып алдық. Ақтарылып, арғы-бергіні қозғап, балалық шағынан бастап майын тамызып әңгімелеп берді. Үні қандай еді, ақ сұңқардай саңқылдап тұратын, ешқандай аппаратсыз-ақ тап-таза, анық жазылыпты. Келген азаматтардың да Тұрсекең туралы сөздерін жазып алдық. Қонақ күтіп жүрген Күләш жеңгейге кезек тимей қалды. − Е-е, жарайды...Түнде түсіп алмай, қазан-ошақтан шықпай қойған өзінен көрсін, – деп, бір күлдірді ағай. Киноны сол күйінде екі сағаттық етіп жасап шығарып, ағамыздың сексен бес жылдығында тойға тарту ретінде ұсындым. Ол кинода болмай қалдым деп ғалым Күләш жеңгеміз өкпелеген жоқ, әйтеуір! «Тамақ» істегеннен шығады, Тұрсе­кеңнің сексен жылдығында, Көкшетауда, үлкен жиында сөйлеген ағамыз Әзілхан Нұршайықов бір әдемі сөз айтып еді. − Тұрсынбектің сексен жасында суырылған семсердей жарқылдап тұрғаны – Күләштің бағып-қағуының арқасы. Күләш Тұрсынбекке ылғи да бір керемет дәмді тағамдарды дайындап, әбден баптап, күтіп отыр. Және Күләш істеген тамағына адамды жасарта түсетін ерекше пайдалы бір витаминді қосады үнемі. Ол М. деген витамин, – деп бір тоқтады. Жұртшылық, әсіресе, жастар жағы ынты-шынтымен беріле тыңдап, аузының суы құрып отыр. Ғылымда жоқ бұл не қылған М. деген витамин?! Әзекең тыңдаушылар тағы да құмарта түссін дегендей сәл бөгеліп барып: − Ол махаббат деген витамин! Күләштің Тұрсынбекке деген махаббаты! – дегенде, бүкіл Көкшетау тік тұрып қол соғып еді. Әзекеңнің тапқыр сөзіне ғана емес, ғұлама ұстазды қадірлеп, әлпештеп бағып-қаққан, жан серігі бола білген Күләштай аяулы қазақ қызына деген шынайы құрметі еді бұл! Шынында да, тіршілігінде ағамызды ардақтай білген парасатты, зерделі Күләш жеңгеміз енді ол кісінің рухани қазынасын көздің қарашығындай сақтап, келешекке құнды қазына ретінде аманаттап тапсыру жолында, есімін ардақтап, есте қалдыру жолында жанкештілікпен еңбек етіп келеді. Маған Тұрсекең рухани әлемнің тынымсыз жиһангезі, жоқшысы, түгендеушісі сияқты болып көрінетін. Қамал, қорғандай болып ол кісі тұрғанда, қазақтың рухани әлемі түгенделіп, шашауы шықпай бүтінделіп тұратындай болып көрінетін. Бір қызық жағдайды қараңыз, қазаққа керек жерде Тұрсекең табыла кететін, қазаққа керек шаруаға Тұрсекең кезіге кететін, қазаққа керек дау-шарға Тұрсекең кірісіп кететін! Өткен ғасырдың сонау елуінші жылдары болса керек, Тұрсекең Уфаға барып, архив ақтарып жүрмей ме? Бір күні кітапханадан шығып бара жатса, төбе-төбе кітаптарды аулаға шығарып, үйіп қойыпты. Көзі түсіп кетсе, арабша, латынша харіппен басылған ескі, көне кітаптар екен. Үңіле қараса, біразы қазақ кітаптары! Сөйтсе, кітапханаға сыймай, орын босату керек болған соң, өртеуге шығарылған дүниелер екен. Тұрсекең ара түсіп, бостан-босқа өртегенше, маған беріңдер, мен алып кетейін деп, Алматыға, Ғылым академиясының президенті, академик Сақтаған Бәйішевке хабарласып, ақша алдырып, пойызға тиеп, елге алып келеді. Сол Уфаның кітапханасынан тауып әкелгені – 700-дей қазақ кітаптары! Өңкей сирек дүниелер, араб, латын әрпімен шыққан! Ішінде Алаш арыстарының еңбектері молынан кездеседі.Олардың екінші, үшінші артық даналарын ағамыз өзіне алып қалады. Тәуелсіздікпен бірге тынысы ашылған тарланбоз тар жол, тайғақтарды табаны таймай шарлады. Күрмеуі қатты тағдыр мен тарихты тарқатып, том-том еңбектер жазды. Тың әлем ашты. Өзі де бір әлемге айналды. Шетелден келген зиялы, саналы қазақ баласының алдымен іздейтін ақылгөйі, арқа сүйері Тұрсынбек ағамыз еді. Атбасын тірейтіні − Тұрсекеңнің шаңырағы. Келелі кеңес құрып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып беретін.Тіпті, арғы тарихқа да тартып кетіп, Қожа­берген жырау, Керей ер Жәнібек, Марал ишан, Сегіз Сері сынды тұлғалар туралы ой толғайтын, халықтың тарихы мен тағдырын зерделейтін. Елдік жиын, тойлардың төрінен табылатын. Алаш арыстарының шығармашылығы мен тағдыры жайындағы жан-жақты, нақты зерттеу еңбектері айқын талдауымен, толымды ойларымен, шыншыл жаңалығымен жұртымызды дүр сілкіндіріп, ғылымға қосылған сүбелі үлес болып қалды! Галина Серебрякованың бір әңгімесін айтып еді бірде. − Мен ағаңа өкпелеп жүруші едім! − депті Серебрякова Тұрсекеңе. Сені көрсеткен, ұстатқан Сәкен Сей­фуллин деп, біреулер бықсыған болу керек. Содан НКВД архивін ақтарып, Сәкеннің өзіне шаң жуытпай, ажал аузында тұрғанда да қорғаштағанын өз көзімен оқып көргеннен кейін, азаматтығына әбден разы болыпты. «Сакен Сейфуллин − гордость советского народа!» деп содан кейін жазған екен. Сәкен Сейфуллин даңғылын ашарда, Тұрсекең Орталық комитеттің қаһарлы хатшысы Саттар Имашевпен бірге барып көреді. Сөйтсе, Сейфуллин даңғылы                 І Алматыға қарай шығар жерден аяқталып, әрі қарай әйтеуір бір басқа атпен кететін көрінеді. Содан, Имашевпен достығын пайдаланып, Тұрсекең тізеге сап жіберіп, көндіріп, Сәкен Сейфуллин көшесін әрі қарай создырып жіберіпті. 1997 жылы теледидардағы айтысты қайта жандандырудағы қайраты, ақын Жүрсін Ерманды қолдауы да есімде қа­лыпты. «Айтыс теледидарға шықпай, бүкіл халыққа таралмай, тоқтаңқырап қал­ды. Міне, енді айтысқа теледидарда жол ашылғалы тұр. Алдымызда айтыс бола ма, болмай ма деген мәселе тұр! Бұдан былайғы жерде айтыстың болу, болмауы сендерге байланысты», − деп, әдетінше сөздің түбін түсіре, кесіп-кесіп айтып еді Тұрсекең. − Қандай данышпан болса да, іздеушісі, жоқтаушысы болмаса, ескерусіз қала береді, – деп күрсінетін ағамыз. Жарықтық Тұрсекең рух әлемінің қорғаны, іздеушісі, жоқшысы еді ғой. Ол кісінің ой-сана сәулесі қаншама көлеңкеде, қалтарыста қалып бара жатқан, көмескі тарта бастаған қазыналарға жа­рығын түсіріп, бүкіл қазақ ұлтының рухани игілігіне айналдырды. Қазақтың абызы, әдебиеттану ғылы­мының алыбы, кең ақыл, биік ойлы, турашыл, шыншыл ғұлама, аяулы, саялы ұстаз енді бізге бұрынғыдан да ыстық, бұрынғыдан да қадірлі, қасиетті, киелі күйінде жақындай түскен тәрізді. Баянғали ӘЛІМЖАНОВ