Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Соңғы бірнеше күн бойы әлем назары Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласына ауған еді. Себебі, Чжэцзянь провинциясына қарасты бұл қалада G20-ның аса ауқымды 11-ші саммиті өтті. «Үлкен жиырмалықтың» алқалы жиыны болғандықтан, бұл үнқатысу алаңында халықаралық сипаттағы өзекті мәселелер көтерілді. Әлемнің экономикасы қарыштап дамыған елдерінің президенттері қатысқан келелі кездесуде Қазақстан Президенті де сөз сөйлеп, жаһандық даму жолының қандай бағытқа бет бұруы қажеттігі төңірегінде өз ұсыныстарын жеткізді. Осыған орай, біз белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек БАЙГЕЛДИДІҢ әлем құлақ түрген саммитке қатысты ойын білген едік. – Өмірбек аға, «Үлкен жиырмалықтың» Қытайда ұйымдастырылған G20 саммиті нені көрсетті? Мұндай келелі жиынға Қазақстанның қатысуынан қандай ой түюге болады? – Қытайдың Ханчжоу қаласының төрінде өткен G20 саммитінде әлемдегі ең алпауыт және қарқынды дамып келе жатқан елдер басшылары бас қосты. Яғни, жиынға қатысқандардың басым бөлігі мықты, бай және ірі мемлекеттер. Олардың анда-санда осылайша, бас қосып тұрғанының өзі әлемдік саясатта үлкен үміт күттіретін үрдістердің бірі. Ал олардың біздің елімізді мүше болмасақ та, өз қатарларына қосып, жиынға қатыстыруы, онда көтерілген келелі әңгімелерге Президентімізді араластыруы, бұл ретте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты бұл жиынға қатысуға арнайы шақыруы – Қазақстан үшін үлкен мәртебе. Мұны біздің саясатымыздың дұрыс бағытпен жүріп келе жатқандығының, көп жағдайда халықаралық саясатта атқарып жатқан жұмыстарымыздың ауқымды екендігін мойындағанының бір көрінісі деп те есептеуге болады. «Үлкен жиырмалыққа» енетін елдердің басшылары тектен текке шақырмайды. Дүние жүзінде 200-ден астам ел бар. Яғни, біз секілді мемлекет көп. Соның ішіндегі алпауыт 20 мемлекеттің қатарына шақыруды, біздің Президенттің айтқан сөздерін тыңдауын, өзара сөйлесуін – үлкен саясатқа ашылған есік деп бағалауымыз, қабылдауымыз керек. Бұл орайда, Елбасымыз осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана білді деп ойлаймын. Саммит аясында қатысушы елдер президенттерімен сөйлесіп, экономиканың дамуына қарай жол ашатын мәселелер туралы ой толғап, көптеген келісім жасалды. Бір сөзбен айтқанда, Президентіміз елге жақсы табыспен оралды. – G20 саммиті бұған дейін әлемнің әр қиырында ұйымдастырылып келді. Десек те, Ханчжоуда өткен жиын несімен ерекшеленді? – Иә, G20 саммиті бұдан бұрын дүниенің әр қиырында өтіп жүрді. Ал Ханчжоудағы саммиттің бұл ретте, әрине, өз артықшылығы бар. Қанша дегенмен, Қытайдың аты – Қытай ғой. Бұл елдің экономикасы қазір шырқап тұр. Қарқыны жағынан да барлық елден басым. G20 саммиті мұны тағы да айқын көрсетіп берді. Қытай саммитті жоғары деңгейде ұйымдастыра білді деуге болады. Ханчжоу... Міне, дәл осы қалада көрші елдің қарқынды дамығандығына, ауқымды жиынды керемет деңгейде өткізе алатындығына тағы да көз жеткізгендей болдық. Ешбір майда, ұсақ-түйек нәрсеге қарамай, көңіл бөлмей, елдің бәрінің көңілін таба алатынын әлемге көрсете білді. Бұрын «осындай жиналыстар өтті, болды», деген сипатта хабарлар шығып жататын. Бірақ, бұл жолғы жиынның орны өзгеше болды. Сол себепті де, ол әлемге дәл осындай деңгейде көрсетіліп, паш етіліп, жиынның ішкі жақтары, әсер-ықпалы, табыс әкелер нәтижесі таразыдан, сараптаудан өтіп, дүние жүзіне таралып жатты. Саммитті өткізуші елдің басшысы жиынға келген өзге елдер басшыларының әрқайсысымен жеке-жеке тулардың қасында суретке түсіп, мән беріп, әр адамға, әр ел президентіне сый-құрмет көрсетіп жатты. Бұл да жиынның жоғары деңгейде өтуінің бір көрінісі. Яғни, Ханчжоуда ұйымдастырылған саммит осындай сипаттағы бұрынғы кездесулердің барлығынан шоқтығы биік болды деуімізге негіз бар. Қытай өзін де және қазіргі заманда қандай болу қажеттігін де көрсете білді. Әрине, жиынға қатысқан 20 мемлекеттің ортасында шиеленісті жағдайлар жетіп артылады. Міне, осындай жағдайда текетіреске бармай, барлық мәселенің жай-жапсарын назарда ұстап, елдерді бір-біріне жақындатып, үнқатысу алаңында емен-жарқын әңгіме өткізуге, жылы орта қалыптастыруға жағдай туғызды. – Алқалы жиын аясында Қазақстан Президенті көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстары жайында не айтар едіңіз? – Әрине, саммит аясында көп мәселе көтерілді. Солардың бірі – атом қаруына қатысты көтерілген бастама. Иә, біз атом қаруынсыз өмір сүруіміз керек, сол себепті оны түбегейлі жоюмыз қажет. Себебі, атом қаруы адам баласына, бүкіл адамзатқа төніп тұрған қауіп қой. Бүгінде оны неше түрлі саясатпен ұстап отырған мемлекеттер бар. Олардың ішінде ештеңеге де қарамай, қолданып жіберуге дайын елдер де бар. Мұндай жағдай орын алуы да мүмкін. Сондықтан ядролық қаруды жою, атом қуатын бейбіт мақсатқа жұмсау, я болмаса, пайдалану – адамзат үшін өте өзекті мәселе. Ал біздің мұны талап етуімізге, күн тәртібіне қоюымызға құқымыз бар. Өйткені, біз әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан елміз. Иә, біз қиындығына қарамай, одан бас тарттық. Мұның өзі – үлкен батырлық, үлкен шешім. Демек, мұны әлем де жоғары бағалауы керек. Сонда ғана олар ядролық қарудан бас тартып, бір келісімге келуі мүмкін. Әйтпесе, бұл – бүгінгі таңдағы өте күрделі мәселелердің бірі. Ешкім одан қауіп жоқ деп айта алмайды. Қауіп әр уақытта да бар. Бұдан дүние жүзіндегі әр мемлекетке қауіп төнуі мүмкін. Себебі, адамзат баласы бейбіт өмір сүру деңгейіне әлі жете алған жоқ. Әлемге өзінің күшін көрсеткісі келетін мемлекеттер бар. Бірақ, біз соған қарамастан, бұл мәселеде батыл қадам жасадық. Сол себепті, бұл бағасы әлі де толық берілмеген бастама. Мұндай жағдайда бүкіл әлем осы бастаманы қолдап, қуаттауы қажет. Ал біз бұл құнды бастаманы әрі қарай жылжытып, батыл түрде талап қоюды жалғастыра бергеніміз жөн. – Халықаралық қоғамдастықта G20-ның болашақтағы рөлі қандай болуы мүмкін, саммит аясында талқыланған мәселелер қаншалықты өз нәтижесін береді деп ойлайсыз? – Бүгінде жер-жерде, бүкіл әлемде неше түрлі одақ көп. Олардың барлығы табысты түрде жұмыс істеп жатыр деу қиын. Оның үстіне олардың өте үлкен нәтиже бере алуы да күрделі мәселе. Бірақ, құрылған бірлестіктер мен одақтардан табыс пен нәтиже бермейді деп бас тартуға да болмайды. Әсіресе, G20 саммитінің орны айрықша. Себебі, оған қатысушылар әлемдегі ең қуатты әрі мықты елдер. Дүние жүзінде бейбіт өмірдің болуы мен болмауы да осылардың жүргізіп отырған саясатына тікелей байланысты. Сондықтан олардың жиі-жиі кездесіп, бас қосып тұрғаны өте дұрыс. Қазақта «Көз көрсе, жүз ұялады» деген мақал бар. Кейбір мемлекет басшыларының бір-бірін көрмей кеткен де кездері болған. Ал осындай жиындар сен оны жақтырасың ба, жақтырмайсың ба, сыйлайсың ба, сыйламайсың ба, бірақ, оқтын-оқтын кездесіп тұруыңа сеп болады. Мұндай келіссөздер күндердің бір күнінде бейбіт өмір сүруге ықпал етіп, белгілі бір келісімге жол ашады деп ойлаймын. Демек, мұндай алқалы жиындардан еш ажырауға, алыстап кетуге болмайды. Ендеше, қуатты мемлекеттер оларға қатысулары, оны дағдыға айналдырулары, яғни үнемі кездесіп отырулары керек деп ойлаймын. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше