07 Қыркүйек, 2016

«Хат қоржын» оқырман

463 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
i...қолдау көрсетеді Олар мәңгі жадымызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізу бастамасымен Шетпедегі Қыдырбай Жүсіпов атындағы орталық паркте аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен «Ақ орамал» республикалық акциясы өткізілді. Шараға жастар орталығы мамандары мен «Жасыл ел» еңбек жасақшылары, белсенді студенттер қатыстырылды. «Ақ орамалдың» қазақ тарихында философиялық мағынасы терең. Біріншіден, ақ түс – тазалықтың белгісі, адамның ойы мен жан дүниесінің пәктігін білдіреді. Бұл адамзат өмірінің негізі – ананың ақ сүтінің түсі. Бұл – абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі. Акцияның мақсаты – ауылдың барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясын өткізуге қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни ерекшеліктеріне қарамастан «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі идеясына үн қосу. Ләззат АЛХАМҚЫЗЫ, аудандық жастар орталығының маманы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы ...жақсылығын айтады Мүгедектерге арналған пансионат Қоғамда мүгедек жандардың тағдырына бейжай қарай алмайтын, оларға көрсетер қамқорлықтың түрлі жолын қарастырып жатқан азаматтар бар. Өткен жылы жастарға арналған бизнес жоспарға жобасын ұсынып «Startup «Bolashak» байқауында 8 млн теңгені жеңіп алған Елдос Баялышбаев бүгінде өз кәсібін ашып, қаржысын игеруде. «Асар» пансионаты еліміздің емдік қасиеті бар шипалы Алакөл жағалауында орын тепкен. 30 адамға арналып жасалған пансионат түрлі ауруларды емдеуге, жүйке жүйесін қалыпқа келтіруге, мүгедек жандардың аяқтан тұрып, жүріп кетуіне арналып жасалып отыр. Жоба жетекшісі Е.Баялышбаевтың өзі жол апатынан зардап шегіп арбаға таңылған. Талдықорған өңірінің тумасы Елдос Баялышбаев алғашында өзі қатарлас жандардың аяқтан тік тұруына жағдай жасау үшін «Асар» фитнес клубын қолға алса, енді «Асар» пансионаты соның жемісі. «Менің жобам 200 жобаның ішінен сұрыпталып үздік болып танылды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға оңалту орталығын ашқым келді. Бар арманым – мүгедек жандарды аяқтан тік тұрғызу үшін осы орталықтарды кеңейту. Сырттан келетін емделушілерге жатақхана, дәрігерлер мен психологтардың санын арттыру, жүзу алаңын, жылқымен серуендеу сияқты жобаларды қолға алғым келеді. Біздің жаңа жобамызға архитекторлар көмектесті, әкім де келісіп, ауданнан бір жарым сотық жер бөлуге келісімін берді», – дейді Е.Баялышбаев. Екі жыл ішінде клубта 220 адам оңалту процесінен өткізілсе, оның 35-і аяғына тік тұрған. Осылайша, «Асар» пансионаты аталған бастаманың келесі сатысы болмақ. Айман МҰҚЫШЕВА Алматы облысы ...ризашылық білдіреді Ауылымыз ажарлы,  тірлігіміз базарлы Яснаяполяналықтар өздері тұратын елді мекенді әркез мақтан етеді. Оның байырғы қарт тұрғындарының бірі ретінде менің де өмірден түйгендерім көп. Арғы-бергі шежірені ақтаратын болсам, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы сұрқия саясатты айналып өту мүмкін емес. Украинадан күштеп жер аударылған поляктар Қазақстанды қоныс етуге мәжбүр болды. Тағдырдың тауқыметімен қазақтар секілді пейілі кең, жүрегі жомарт халыққа жолығып, содан бері қуанышымызды да, қайғымызды да бірге бөлісіп келеміз. Ауылда бір жарым мыңдай адам тұрса, олардың 80 пайызы – поляктар. Бірақ ешуақытта ұлтқа, дінге бөлінген емеспіз. Тату-тәтті бірліктің арқасында ауылымыз ажарланып, тірлігіміз базарланып, өрісіміз малға, қамбамыз дәнге толы. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп текке айтпаса керек. Әсіресе, Тәуелсіздік алғаннан бергі тұста ауылымыз гүлденіп, небір мәдени нысандармен толықты. Барлық әлеуметтік объектілер жұмыс істеп тұр. Анатолий Рафальскийдің басқаруындағы шаруашылық өз қаражатына жуырда спорттық-сауықтыру кешенін салып берді. Поляктардың, қазақтардың, орыстардың кешегі, бүгінгі сан алуан тіршілігінен сыр шертетін жергілікті мұражай жұмыс істейді. Біздің бүгінгі өмірімізге қызыға қарайтындар көп. Жастарымыз да отаншыл, қаладан гөрі даланың еркіндігін жандарына жақын тұтады. Казимир ПОЛЯНСКИЙ, ауылдың қарт тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Ясная Поляна ауылы  ...үлгі етеді Сауапты іс атқарылды Сарыөзеннің жағасында Беспішен деген ауыл бар. Ауылдастарымыз шеттерінен ақкөңіл, қонақжай, еңбекқор. Аудан орталығына жақын тұрса да түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, алақан жайып көмек сұрап жүрмейді. Мал өсіріп, өз қажеттіліктерін өздері қамтамасыз етіп отыр. Таяуда беспішендіктер үшін тағы да бір сауабы мол, басқаларға үлгі болатындай иманды іс атқарылып, ауылдың маңайындағы зират қоршалды. Бұл сауабы мол іске осы ауылдың тұрғыны болған марқұм Сисенғали Бижанов атамыздың соңында қалған қыздары Бақыт пен Баян өздерінің мол үлестерін қосты. Әрі екеуі қыз да болса ер-азаматтың жүгін арқалай білді. Ал қорымды қоршау жұмыстарын олардың тікелей ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары атқарды. Сонымен бірге, бұған бүгінгі күні басқа жерге қоныс аударған бұрынғы беспішендіктер де қолұшын берді. Табылды ХАФИЗОВ, еңбек ардагері Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы