атпал азаматтың азапты жылдарға толы ғұмыры «халық жауы» атанған кезеңмен де ерекшеленеді
Бұл мақаланы жазуымызға Қазақстан Кинематографистер одағының тең төрағасы, республиканың еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинорежиссер Сламбек Тәуекелов ағамыздың ақпараттық мағлұматы үлкен ой салды, түрткі болды. Ол облыс басшыларына бағыштаған хаттарына бұрынғы Совет ауданының (қазіргі Аққайың) тумасы Бегалы Бейсенбаевтың азаматтық асқақ болмысын айқара ашып көрсететін адамгершілік асыл қасиеттерін, тағдырдың жазуымен небір тар жол, тайғақ кешулерден өткенін, қандай қиындықты бастан кешсе де, қара нардай қайыспай көтерген көнтерлігін арқау еткен. Бейбіт өмірдегі жанкешті еңбегінің, жер дүниенің астан-кестенін шығарған сұм соғыс уақытындағы ерен ерлік істерінің ескерусіз қалып бара жатқанына нали отырып, жас буын түгіл аға ұрпақтың өзі жөнді біле бермейтін тұлғалы азамат жайлы тың деректерді алға тартады.
Шынында да, үш майданды бастан өткеруінің, қазақстандықтар арасында алғашқылардың қатарында Қызыл Ту орденімен марапатталуының өзі неге тұрады? Батыр оғланның орда бұзар жасында тұтқындалып, он жылға итжеккенге айдалуы адамды айран-асыр қалдырады. Тасадан тас ататын қоян жүрек қорқақтардың ойдан құрастырған «домалақ арызы» шындықты шыбын жанын шыға шырқырай қорғайтын асыл азаматты емендей иіп, майыстырғанмен, сындыра алмаған. Өйткені, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін жалқаулар мен масылдарға, жатыпішер арамтамақтарға жаны қас еді. Бақай есеп жаулары оның бірбеткейлігін, турашылдығын, қоң етінен кесіп алса да қыңқ демейтін қайсарлығын іштей мойындайтын. Бетпе-бет күресуге батылдары жетпегендіктен аяқтан шалу арқылы мұрттай ұшырып, омақаса түсіруді көздеп, уақытша болса да, дегендеріне жеткен. Бірақ ақ алмастай мұқалмас мінезді дегендеріне көндіре алмаған. Арын арамзалардың аяғына таптатпаған. Өле-өлгенше жанына қылаудай кір жұқтырмай өткен. Бұл қасиеттер оған ата-анасынан дарыған. Әкесі Бейсенбай мен шешесі Зағипа 5 ұл, 2 қыз өсірген. Жеке шаруашылықпен айналысып, адал еңбектерімен күн көрген. Балаларын да адалдыққа, кісі ақысын жемеуге тәрбиелеп, қара қылды қақ жаратын ақиқат ауылынан қия кетпеуді тәлім етіп отырған.
Әке өнегесін ойына түйіп ержеткен алғыр жігіт орта мектепті бітірген соң бірден еңбекке білек сыбана кіріседі. Жастығына қарамастан, Аралағаш ауылдық кеңесінің хатшылығына, кеңес депутаттығына сайланады. Ол Отан алдындағы міндетті борышын өтеуге аттанғанда Жапония мен Кеңес Одағы арасындағы қырғиқабақтық саяси жанжалға ұласып тұрған болатын. Даулы жерлер үшін таластың ақыры екі елді бір-бірімен соғысуға итермелейді. 1938 жылдың тарих жылнамасына «Хасан көлі», « Халкин-Гол» деген атпен енген шайқастарға құрамында Бегалы Бейсенбаев бар 118-ші атқыштар полкі де араласып, барлық күш-жігер шапқыншыларға тойтарыс беруге жұмылдырылады. Жапон-кеңес майданында ерен ерліктерімен көзге түскен 148 жауынгер Қызыл Ту орденін кеудеге тағады. Олардың сапында қос қазақстандықтың бірі – Бегалы Бейсенбаевтың болуын қалай ұлықтасақ та жарасады.
Бегалының одан кейінгі жолы финдермен түйіседі. Қос тарап мәселені бейбіт ымырада шешудің орнына қаруға жүгінді. Майданның қақ ортасында жүрген ауылдың қарадомалақ баласы бұл ретте де лайықты ерлік көрсете білді. Қанды қасаптан аман-есен оралған ол көрші ауылдың Жаңыл есімді сұлу бойжеткенімен көңіл жарастырып отау құрды. Аудандық атқару комитетіне жұмысқа орналасып, бар ойы елге қызмет ету болды. Алматыда 6 айлық курсты аяқтағаны сол еді, «соғыс» деген суық сөз оның да арқасына шаншудай қадалып, тұла бойын мұздатып сала береді. 1941 жылы алғашқы лекпен майдан даласына аттанды. 132-ші полк сапында ұрысқа қатысып, рота командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, капитан атанды. 1942 жылы аяғынан ауыр жарақат алып, ұзақ емделгеннен кейін елге оралады.
Тәжірибесі мол оны мұндағылар құшақ жая қарсы алып, түрлі жауапты қызметтерге тартады. Аудандық әскери, қаржы бөлімдеріне жетекшілік етеді. Қайда жүрсе де, әлсіздерге демеу жасап, болысып отырады. Алайда, 1947 жылы нақақ жала жабылып, он жылға сотталып кетеді. Саналы ғұмырының аттай алты жылын Колымада өткізіп, суық пен аштықтың зардабын әбден тартады. Соған қарамастан, тиісті орындарға бірнеше рет қайырылып, өзінің кінәсіздігін дәлелдеумен болды. 1953 жылы КСРО Жоғарғы сотының пленумы істі қайта қарап, Түркістан әскери округі трибуналы үкімінің күшін жояды. Еш қылмысы жоқ болса да жазықсыз жапа шеккен ол ақыры осылай ақталады. Туған жер төсіне келісімен аудандық өнеркәсіптік комбинатын, Смирнов тігін фабрикасын басқарады. Адал еңбегімен елге танылып, ауыл-аймақ алдында зор құрметке бөленеді. Қызметтес болған әріптестері оның күрмеуі қиын кез келген мәселені білгірлікпен, ұтқырлықпен шеше білетін қасиетін алдымен ауызға алады.
Батыр ұлды еске алуға арналған танымдық кеште жүрек тебірентерлік небір естеліктер айтылды. Ардагердің есімін ел жадында жаңғырту мақсатымен аудандық тарихи-өлкетану мұражайында көрме ұйымдастырылды. Жұртшылық назарына ұсынылған суреттер мен құжаттардың көшірмелерін қыздары арнайы тапсырыпты. Майдангер туралы түсірілген деректі фильмде үш бірдей сойқан соғыстың куәгері жайлы жан-жақты баян етілді. Әкелерінің 100 жылдығына келген ұрпақтары кітапханаға 100 кітап тарту етті.
Аудан тұрғындары Аққайыңнан шыққан батыр, үш соғысқа қатысушы, Қызыл Ту орденінің иегері Бегалы Бейсенбаевтың есімін елеусіз қалдырмауға пәтуаласты. Смирнов кентіндегі бір көшеге есімін беру, басқа да шаралар қарастыру керек деген шешімге келіп, ұсыныс-тілектерін ономастикалық комиссияға жіберді. Ержүрек ұлдың есімі қандай құрметке де лайық екенін өмір жолдары мен ерлік істері айқын айғақтап тұр ғой. Олай болса, ер есімі елеусіз қалмауы тиіс.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Аққайың ауданы
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ