Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Елбасымыз елімізде білім мен ғылымның дамуына, оны қаржыландыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Соңғы он жылда білім беруді дамытуға жұмсалған қаржы он есеге артып, бұл көрсеткіш 2010 жылы ішкі жалпы өнімнің 4,1 пайызына жақындады және бірқатар еуропалық елдердің деңгейіне жетті. Президент өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында білім беруді жаңғырту, оны жаңа белеске көтеруге ерекше назар аударды. Өйткені, сапалы білім индустрияландыру мен инновациялық дамудың негізі болып табылады.
Жуырда болып өткен Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде сөз сөйлеген министр Бақытжан Жұмағұлов Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында алғашқы рет мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі көрініс тапқанын тілге тиек еткен болатын. Иә, бағдарламада, ең алдымен, педагогтардың мәртебесін көтеру, олардың біліктілігін арттыру, қаржыландырудың жаңа жүйесін енгізу, екіншіден материалдық әл-ауқатын арттыру арқылы ынталандыру, үшіншіден, педагогтардың беделін өсіру үшін барынша ауқымды жұмыстар жүргізу көзделген.
Білім беру ісінде министрлік тарапынан жоғары оқу орындарында еңбек етіп жүрген оқытушылардың жағдайын жақсарту, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беру, қолдау мақсатында 2005 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан үздік оқытушы мемлекеттік грантын белгілеудің маңызы ерекше деп айта аламыз. Бұл сөз жоқ, жоғары оқу орындарының оқытушыларына деген үлкен көмек. Бұл грант ғылыми ізденістерде және педагогикалық қызметте бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге, жұмысты жүйелі, нақты жүргізуге жол ашады және педагог мәртебесін көтереді. Оқытушылардың алдыңғы қатарлы оқу орындарында тағылымдамалардан өтулеріне және заман талабына сай болуына көмектеседі. Мемлекеттік грант оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен студенттерге сабақ берудегі әдіс-тәсілдерін жетілдіруге деген ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз. Еліміздің білім беру деңгейін көтеріп, сапасын арттыруға бағытталған осы конкурс алдағы уақытта да жалғасын тапқаны жөн деп ойлаймыз.
Сейдехан ӘЛІБЕК, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың факультет деканы, тарих ғылымдарының докторы.
Шымкент.