Баукеңнің: «Отан үшін отқа түссең, күймейсің» деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Бұл әрбір қазақстандықтың басшылыққа алар ұстанымы болса дегім келеді. Патриот болу дегеніміз –құр сөз емес, ол – Отанды жүрекпен сүйе білу. Әрине, отансүйгіштік қасиет адам бойына бабалардың қалдырып кеткен өсиетімен және асқақ рухымен сіңеді десек, ол үшін, алдымен, төл тарихымыз бен ана тілімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
Біздің бабаларымыз ел мен жер үшін жанын қиып, қанын төккен. Қазақта «білектің күшімен, найзаның ұшымен» деген сөз тіркесінің қалыптасуы сол батыр бабаларымыздың қайтпас өмірлік ұстанымын паш етеді. Қанша батыр болса да, әр адам өмір сүргісі келетіні ақиқат. Ал Отан үшін жан беруге бабаларымыз қашан да дайын болды. Енді осы ерлік дәстүрді жастарымыздың бойына қалай сіңіреміз деген ой мазалайды. Мына біздер өскелең ұрпаққа өркендеген елді табыстап кету үшін қолымыздан келгенше әрекет етудеміз. Тек елдің ғана емес, мына әлемнің тағдырына алаңдап, сол бағытта еліміз көптеген шара өткізіп келеді.
Мәселен, жақында ядролық қарудың алдын алуға қатысты елімізде үлкен халықаралық шара орын алды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу арқылы өзгелердің де осындай игі қадамдарға баруына түрткі болуы Елбасымыздың бүкіл әлемнің патриоты екендігін көрсетіп берді. Жаһан Қазақстанды осындай оңды бастамаларымен жақсы танитын болды. Кейбір ғалымдар адамзатты жоюдың жолдарын тапқаны үшін небір сый-сияпаттар алып жатса, Елбасы, керісінше, бейбітшілікті сақтауды ойлаған санаулы тұлғалардың қатарында. Міне, осындай бейбітсүйгіш саясат жастарымыздың да бойынан табылып, болашаққа деген сеніміміздің сабақтастығына жол салады деген ойдамын.
Патриоттық сезімді жастардың бойына сіңіруді мінберде тұрып жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан әрқашанда жастардың жанынан табылып, соларға дұрыс бағыт сілтеп отырсақ, ол да отансүйгіштік қасиеттің көрінісі. Бұрындары, мысалы, әкелеріміз біздерді тізесіне отырғызып алып, ата-бабаларымыздың ерліктерін баяндап, елді қалайша... сақтап қалғаны жайлы айтып отыратын. Бұл – тәрбие. Егер алдарыңнан үлкен кісілер өтсе, жолдарын кеспеңдер, сәлемдескенде екі қолдарыңды беріп амандасыңдар деуші еді. Әсіресе, қыз балаларға үлкендердің жолын кеспеңдер деп айтып жататын. Мұның өзі де патриоттық.
Қазіргі кезде мешіттерден үлкендерді емес, жастарды көп көретін болдық. Әрине, бұл үрдіс барлығымызға ой салуы тиіс. Көбінесе жұмыссыз жүргендер, сабақтан қашып жүргендер сол араны үйірсектейді. Олай болса, отансүйгіштікті дінмен бірге жақсы қасиеттермен тәрбиелеу біздің парызымыз. Бұрын әкелеріміз «әй балам, етің отанға, сүйегің бізге» деп айтушы еді. Сол сөздер әсер етті ме екен, барлығымыз да әскерге баруға ынтық болдық. Қазір де көп жас әскерге барғысы-ақ келеді. Олар да әскери сапқа тұрып, Отан алдында ант бергісі келеді. Қазіргі заман талабына сай, үлкен әскердің қажеті жоқ деп жатырмыз. Оның орнына кәсіби әрі заманауи қару-жарақтармен қаруланған ұтқыр да жедел қимылдайтын әскер жасақтаудамыз.
Менің пайымымша, жастарды бұрынғыдай әскер сабына шақырып, міндетті түрде аэроұтқыр күштері құрамына алмасақ та, әр түрлі мамандықтарда шыңдасақ. Ең алдымен, жастарымыз Отан алдында ант қабылдап, өз жауапкершілігін жақсы сезінер еді. Екіншіден, олар өзіне қажетті мамандықтарды игеріп шығады. Өкінішке қарай, елімізде жүргізіліп жатқан көптеген құрылыста шетелдік жұмысшылар еңбек етіп жатса, қазақ жастары мамандығының болмауына байланысты шетқақпай болып жатқан жайы бар.
Қорыта айтқанда, еліміздің тыныштығын сақтау, өркендеуіне қолұшын беру тек Елбасымыздың міндеті емес, ол баршамыздың жұмыла кірісуіміздің нәтижесі болатыны анық. Даулы жерде береке болмайтынын ескерсек, бір-бірімізге қолдау білдіру арқылы ғана болашағымызды жарқын ете аламыз. Өткеніміз бен болашағымызды жалғайтын игі істер әрқайсымыздың бойымыздан табылып жатса, оны Отанымыздың өсіп-өркендеуіне аз болса да қосқан үлесіміз деп білемін.
Бақытжан
ЕРТАЕВ,
Мәжіліс депутаты