1993
*
1 қаңтарда Президент Н.Ә. Назарбаевтың ел халқына арнаған Жаңа жылдық құттықтау сөзі «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланды. Құттықтауда Елбасы өткен 1992 жыл халық зердесінде, ел тарихында жас мемлекеттің шынайы егемендік, тәуелсіздік жолына түскен жылы ретінде қалатынын атап айтты. Сонымен бірге, Елбасы өз сөзінде Қазақстанның тыныш қалпының қадір-қасиетін бағалай білу қажеттігіне де екпін берді. «Тынысың тарылғанда ауаның қадірін білерсің, қантөгісті көргенде бейбіт күннің қадірін білерсің» деген сөз рас. Сондықтан да татулық пен тыныштық республикамыздың басты байлығы екенін бір сәтке де естен шығармайық. Оны ортақ күш-жігермен ғана сақтап, нығайтуға болатынын ұмытпайық», – деді Президент.
*4 қаңтарда Ташкентте Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуі өтті. Кездесуде негізінен ТМД елдеріндегі саяси және экономикалық жағдай, аймақ мемлекеттері арасындағы сан қырлы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен тараптар «Аралды қорғау» халықаралық қорын құру туралы шешім қабылдады.
* 7 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропаның Қайта құру және даму банкінің президенті Жак Атталиді қабылдады. Кездесуде қаржы саясаты мен жекешелендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы күні Мемлекет басшысының төрағалығымен Конституциялық комиссияның мәжілісі өтті. Онда Жоғарғы Кеңестің тоғызыншы сессиясының екінші кезеңіне, депутаттардың түпкілікті қабылдауына енгізіліп отырған елдің Негізгі Заңының жобасы талқыланды.
* 9 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ресей, Германия, Франция, Иран, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина мемлекеттеріндегі елшіліктерін ашу туралы жарлықтарға қол қойды. Осы күні Омбы қаласында Ресей мен Қазақстан үкімет делегацияларының, екі елдің іргелес аймақтары басшыларының кездесуі болып өтті. Бұрынғы экономикалық байланыстар бұзылып, екі жақ та дәстүрлі нарығынан айырылып қалған күрделі кезең үшін бұл кездесудің бетбұрыстық мәні болды.
* 11 қаңтарда Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызметті шектеу жөніндегі мемлекеттік комитеті Қазақстан Республикасының Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды. Осы күні Президент Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясында аграршы ғалымдар тобымен кездесті. Әңгіме негізінен Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасы туралы болды.
* 12 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Экономикалық өзгерістер ұлттық кеңесін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Ол дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар мен әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Бұл күні Президент Н.Ә.Назарбаев республиканың аграрлық-өнеркәсіптік кешені қызметкерлерімен кездесті.
* 13 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Заң қабылданды.
* 15 қаңтарда 1992 жылдың соңында құрылған Республика Кеңесінің алғашқы мәжілісі өткізілді. Кеңес республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен 1993 жылға арналған міндеттерді талқылады. Талқылауды қорытындылай келіп, Президент Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің енді нарықтан шегінбейтінін қадап айтты. Кеңес мәжілісінде, сондай-ақ, республикада тілдерді дамыту жөніндегі қосымша шаралар туралы мәселе де қаралды. Тіл саясатымен мақсатты түрде айналысатын мемлекеттік комитет құру ұсынысы айтылды. Көп ұзамай ондай комитет құрылды.
*18 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Бас бақылау инспекциясы құрылды. Сондай-ақ, осы күні Президент Н.Ә.Назарбаев Жоғарғы Кеңестің сессиясына қатысып, сөз сөйледі. Алқалы жиында Президент Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына бүкіл халықтық қолдау қажет екенін атап көрсетті. Елбасы сөзі «Егемен Қазақстанның» 20 қаңтардағы нөміріне толық жарияланды.
* 21 қаңтарда Президент Жарлығымен Әбіш Кекілбаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі болып тағайындалды.
Осы күні республика Министрлер Кабинетінің қаулысымен Нұрлан Оразалин «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып бекітілді.
* 22 қаңтарда Минск қаласында ТМД елдері басшыларының кезекті кездесуі болып өтті. Кездесуде Мемлекетаралық банк құру туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, ТМД Жарғысының жобасы қаралды.
* 23 қаңтарда Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақ КСР-індегі халық депутаттарының мәртебесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңға сәйкес Жоғарғы Кеңес енді өздерінің депутаттық міндеттерін орындамайтын, парламентпен және сайлаушылармен байланысын үзген халық депутаттарының өкілеттіктерін доғару туралы мәселені қарап, шешуге құқылы болып белгіленді.
* 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын талқылау және қабылдау жөніндегі жұмысын аяқтады. Парламенттегі 312 депутаттың 309-ы Конституцияны тұтасымен қабылдау жөніндегі ұсынысты қолдады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның тұңғыш Конституциясының түпнұсқа мәтіні табыс етілді. Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық депутаттарына, құқық саласындағы мамандарға, шетелдік достарға, қазақстандықтарға, республиканың жаңа Конституциясын жасауға белсенді қатысқандардың барлығына ризашылықпен алғыс білдірді. Осылайша, 28 қаңтар Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданған күн ретінде тарихқа енді.
*29-31 қаңтарда Президент Н.Ә.Назарбаев Швейцарияның Давос қаласында өткен Әлемдік экономикалық форумның жұмысына қатысты.
*1 ақпанда Бельгияға екі күндік ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ел королі Бодуэнмен, Премьер-министр Жан-Люк Деанмен әңгімелесті. Бұдан бөлек, Солтүстік Атлантика одағының штаб-пәтерінде НАТО-ның Бас хатшысы Манфред Бернермен кездесті.
* 2 ақпанда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Австрия астанасы Венада федералды канцлер Франц Враницкиймен кездесті. Келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды.