Жазылған жайдың жаңғырығы
“Егемен Қазақстан” газетінің 2011 жылғы 7 қаңтардағы № 3-4 санында Фарида Бықайдың “Малды заңгер емдей ме?..” деген мақаласында көтерілген мәселелер бойынша мынаны хабарлаймыз. Ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ақсу қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен “Ақсу қаласының ветеринария бөлімі” мемлекеттік мекемесі құрылды, ал барлық селолық округтер, Үштерек, Ақжол мен Қалқаман ауылдары, Ақсу кенті әкімдері аппараттарына ветеринария жөніндегі бас және жетекші маман лауазымдары енгізілді. Бүгінгі күні барлық селолық округтер штатпен толық қамтылған, сонымен қатар, барлық мамандардың ветеринарлық білімі бар. Ақсу өңірінің аумағында ветеринарлық қадағалауды Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақсу қалалық аумақтық инспекциясының ветеринарлық-санитарлық бақылау бөлімі жүзеге асырады. Жолқұдық селолық округінде былтырғы жазда қарасан індетінің шығу себебі, сойылған малдың иесі А.Кенжебаев уақытында егу жүргізбеген және етті ветеринарлық зерттеуге әкелмеген. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақсу қалалық сотының үкімімен А.Кенжебаев кінәлі деп танылды және шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
2010 жылы өңірде ауыл шаруашылығы малдары бірдейлендірілді және паспорттау жүргізілді, егу жоспары толық орындалды. Қазіргі уақытта Ақсу өңірінің аумағында 15 мал сою алаңы жұмыс істеп тұр. Өңірде малдың қалдықтарын зарарсыздандырып көму үшін 32 мал қорымы мен биотермиялық шұңқыр бар.
2010 жылғы 24 тамызда мен, Ержан Имансләмұлы Имансләм қала әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Мен “Ауыл шаруашылығын механикаландыру” мамандығы бойынша Красноармейка ауыл шаруашылығы техникумын және “Заң және құқықтану” мамандығы бойынша Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірдім. Функционалдық міндеттерге сәйкес мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы және ветеринария мәселелерін қадағалаймын.
Ақсу қаласы, Үштерек ауылының тұрғыны Күмісжан Бұлбұл Ақсу қаласы әкімдігіне жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша өтініш білдірген жоқ. 2011 жылғы 10 қаңтарда Күмісжан Бұлбұл жұбайымен бірге менің жеке қабылдауымда болды. Күмісжан Бұлбұл Ұлан-Баторда Моңголияның орта кәсіптік оқу орнын ветеринария мамандығы бойынша аяқтаған. 2007 жылы ол ветеринарлық қызметпен айналасуға лицензия алды.
Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы № 8 бұйрығымен Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау ережесі бекітілді. Ереженің 1-тармағына сәйкес басқа мемлекеттерде, Қазақстан Республикасында құрылған халықаралық және шетелдік оқу орындарында (олардың филиалдарында) білім алған адамдар шетелдік білім беру ұйымдары, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында құрылған және жұмыс істеп жатқан халықаралық және шетелдік оқу орындары берген білім туралы құжаттар берілген білімнің деңгейіне және даярлау бейініне сәйкес Қазақстан Республикасында білім беру және кәсіби қызметке қол жеткізу мақсатында нострификациялау рәсіміне өту тиіс.
Күмісжан Бұлбұлдың білімі туралы Ұлан-Баторда алынған құжатына нострификациялау туралы куәлігі жоқ, сондықтан ол осы мамандық бойынша Қазақстан Республикасында кәсіби қызмет атқаруға кедергі болады. Жеке қабылдау барысында мен Астана қаласындағы “Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ұлттық аккредитация орталығы“ республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнынан нострификациялау куәлігін алу керек екендігін түсіндірдім, сонымен қатар, білім туралы құжаттарды тану және нострификациялаудың мемлекеттік тілдегі ережесін қолына бердім. Сондай-ақ, мемлекеттік органға жұмысқа орналасу тәртібін айтып түсіндірдім.
Ержан ИМАНСЛӘМ, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары.