10 Қыркүйек, 2016

Әділеттілік орнаса – құба-құп

569 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
(«ЕҚ», «Заң бұрмалаудың сыры неде?». 23 шілде 2016 жыл)  «Егеменнің» үстіміздегі жылғы 29 шіл­де­­дегі нөмірінде журналист Жақсыбай Самраттың «Заң бұр­ма­лаудың сыры неде?» атты сыни мақаласы жарық көрген еді. Онда «Астана – Петропавл» бағытын­да жол құрылысын жүргізіп жатқан компания жеке шаруаның жеріне басып кіріп, оның егістігіндегі құмдауыт то­пырақты жол құрылысына рұқ­сатсыз пайдаланғаны, ал осы іске облыс басшылары және тиісті қызметтер көз­жұмбайлықпен қарап отырғаны жайында жазылған. Сонымен қатар, осы мәселеде сыбайлас жемқорлық факті­леріне де жол беріліп жатқан­дығы туралы айтылған. Жуырда «Егемен Қазақстан» га­зетінің редакциясына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бю­росынан жауап хат (№ исх:3-13/АБМ -1596 от: 01.09.2016) келді. Онда мақала бюроның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде талқыланып, оның негізінде облыс әкімдігі­нің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыс­тық іс тіркелді де­лінген. Хатты толығымен кел­тіретін болсақ: «Ағымдағы жылғы 24 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен аталған мақала негізінде Қылмыстық кодекс­тің 361-бабы 2-бөлігімен облыс әкімдігінің лауа­зымды тұлғаларына қатысты «391-418 км жолының аймағы, «Астана – Петропавлов» республикалық маңызы бар автокөлік жолын қайта құру» жо­басын жүзеге асыру барысында өкілеттіліктерін теріс пайдалану фактісімен қылмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеудің нәтижелері туралы сізге заңмен қаралған тәртіп пен мерзімде хабарланатын болады» делінген. Сөйтіп, бұл әділеттікке қол жеткізе алмай жүрген шаруа үшін жақсы хабар болып отыр.