22 Ақпан, 2011

Туризмді түлетіп, спортшыларды ширату – уақыт талабы

667 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Туризм және спорт министрлігінің өткен жылғы жұмыс қорытындысына арналған алқа мәжілісі өтті. Кеңейтілген отырыста қалыптасқан дәс­түр бойынша алдымен министрдің, одан кейін комитет төрағасының баян­да­масы мен спорт және туризммен тығыз бай­ланысы бар азаматтардың аталған ведомствоның былтырғы жұмыс қоры­тын­дысы мен алдағы мақсат-міндеттеріне қатысты пікірлері тыңдалды. Мәжілісте Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов туризм саласына қатысты мәселеге тоқталып өтті. Соның ішінде ең бастысы ішкі туризмді дамыту жұмысына баса назар аудару керектігін айтты. Осыған байла­ныс­т­ы ол қазір туризм индустриясын дамы­тудың перспективалы бағыттары бар екенін, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойын­да туристік кластерді құру, Ақмола облы­сында «Бурабай», Маңғыстауда «Кеңдір­лі», Алматы облысында «Жаңа Іле» туристік орталықтарын салу жоспарланып отырғанын, осылардың бәріне республи­ка­лық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге ол Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан мен басқа да жерлерде тау шаңғысы курорттары мен базаларын дамыту жөнінде жұмыстардың жүргізіліп жатқанын, ішкі және сырттан келушілер туризмінің негізі болып табылатын эколо­гиялық туризмді дамытуды ынталандыру жөніндегі жұмыс та іске аса бастағанын атап өтті. Осы мәселеге байланысты ол былтыр ауылдық туризмнің танымал­дығы артқанын, қонақ үйлер желісінің көптеп салынып жатқанын тілге тиек етті. Темірхан Мыңайдарұлы өткен жыл­дың 9 айында ішкі туризмнің көлемі 15,7 пайызға артып, 3,4 млн. адамға жеткенін, ал туризмге тартылған инвестицияның көлемі 28 пайызға өсіп, 10,7 млрд. теңгені құрағанын атап көрсетті. Оның ай­туын­ша, қазір елімізде 34 400 нөмірі бар 1 460 қонақ үй жұмыс істесе, ондағы орындар­дың саны – 74 500. Ал туризмнен түскен табыс 15,3 пайызға артып, 78 млрд. теңгені құрап отыр. Дегенмен, туризм са­ла­сында жыл сайын осындай көңіл көн­шітерлік сандар көбейіп жатса да сырттан саяхаттап келушілерден гөрі сыртқа кетушілер саны көп. Мәжілісте Т. Дос­мұхам­бетов осы мәселеге де тоқталып, ішкі туризмді көбейту үшін қолда бар барлық жағдайды жасауымыз керектігін айтты. Ол үшін Жамбыл облысында киіз үйлер қала­сын, Алматы облысында сақтар қорғанын, Солтүстік Қазақстанда «Жемчужина», Ақ­мола облысында Бурабай, Павлодарда Тұз­дықала, Маңғыстауда Кеңдірлі курорт­ты аймақтарын дамытуда туристік мекемелермен бірігіп жұмыс істеуді әрі қарай жал­ғастыру қажет. Сонымен бірге ол Қырғыз­станда былтыр болған оқиғалар­дың әсері­нен отандастарымыздың Қапша­ғай ай­ма­ғында көбірек демалғанын, осы­ның өзі ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік беріп отырғанын, қазір онда туризмнен түскен табыс соңғы 10 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтты. Осыдан кейін мәжілісте спорт тақыры­бына қатысты әңгіме қозғалды. Мұнда өт­кен жылы атқарылған жұмыстармен бірге спортта қордаланып қалған проблемалар, оларды шешу жолдары жөнінде мәселе көтерілді. Осы ретте министр былтыр ведомство ал­дында үлкен маңызды үш міндеттің – Азия ойындарын ұйымдастыру және өт­кізу, спортшылардың бәсекеге қабілет­ті­лігін арттыру, елде дене тәрбиесі  мен бұ­қаралық спортты дамыту болғанын айтып, соларды шешу үшін материалдық-техника­лық базаны нығайту, спортшылардың са­палы дайындығын қамтамасыз ету, бұқара­лық спортты дамыту жөнінде шешім қа­был­данғанын атап өтті. Осыған байла­ныс­ты ол былтыр «Жол картасынан» үнем­дел­ген қаражат есебінен 12 облыста 64 нысан­ның жөнделгенін, спорт ғимараттарының саны бұрынғыдан екі есеге артып, 31 мың­ға өскенін, ал дене тәрбиесімен айналы­сушылар саны 2 млн. 900 адамды немесе халықтың 17,7 пайызын құрап отырғанын жеткізді. Мәжілісте жоғарыда айтқанымыздай, спортқа қатысты бірқатар проблемалық мә­се­лелер де көтерілді. Соның ішінде алды­мен бірнеше жылдан бері сақалды құры­лысқа айналған Щучьедегі республикалық шаңғы базасының, Астана және Алматы облысындағы Олимпиялық даярлық орта­лықтарының құрылысын аяқтау, спорттық ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі сөз болды. Министрдің айтуынша, қазір осы мә­селе бойынша бюджеттік өтінімдер жыл сайын республикалық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау таппай келеді. Осы мә­селеге байланысты ол Үкімет басшы­сынан министрліктің ұсынысына қолдау көр­сету­ді өтінді. Сонымен бірге елімізде күні бү­гінге дейін Азия ойындарында олимпия­лық емес спорт түрлерінен және мүгедек спортшыларға сыйақы беруді көздейтін нор­мативтің жоқтығын айтып, осы мәсе­лені де шешіп беруді сұрады. Бұдан басқа мәжілісте бұқаралық спорт­ты дамыту, Кеңес Одағы кезінде болған ерік­тілер спорт қоғамын құру мәселесі жөнінде әңгіме қозғалды. Бұл жөнінде ми­нистрліктің спорт істері жөніндегі ко­митетінің төрағасы Елсияр Қанағатов баяндама жасап, қордаланған проблемалардың бүге-шігесіне дейін айтып берді. Мұнда ол Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» жобасына ұқсас «100 спорт кешені» деген сияқты жобаның керектігін, соның негізінде ауылдық жерлерде, аудандарда спорт кешендерін салуға болатынын атап өтті. Сонымен бірге ол бұқаралық спортты дамыту үшін студенттердің «Сұңқар», мектеп оқушы­ларының «Жастар», мемлекеттік қызмет­кер­лер мен басқа да жұмыс­керлер­дің еріктілер қоғамдарын құрудың уақыты жеткенін ескертті. Одан басқа спортты халық арасында кеңінен насихаттау мақ­сатында газет-журналдармен бірге арнайы телеарнаны ашудың кезі келгенін айтып, онда 24 сағат спорт тақы­рыбындағы материалдар беріліп тұрса осы салаға қызы­ғушылар саны көбейетініне күмән келтірмейтінін жеткізді. Осыдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан сөз сөйлеп, спорттағы проблемалардың ішінде бапкерлер мектебінің әлсіздігі, күрес түрлерінің соңғы кездері кенже қалып бара жатқаны туралы өз пікірін білдірді. Өткен жылы еліміздің саяси сахнадағы белсенділігі, спорттағы табыстары жақсы болғанын, ал биылғы жылдың Азиаданы өткізіп, жақсы басталғанын айта келіп, ол қазір еліміздегі бапкерлердің әлсіздігіне, күрестен Олимпиада, әлем чемпион­дары­ның соңғы уа­қыт­та аз шығып жатқанына назар аударып, осы мәселеге байланысты біраз мысалдар келтірді. Ол былтыр министрдің «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ спорты» газеттеріне жазған грек-рим, еркін күрес пен дзюдоға арналған талдамалы материал­дарын оқып шық­қанын, мұндай дүние­лерді өткен жылы әлі ешбір министр өз саласы бойынша жазбағанын айтып, осы мақалаларда кү­рес түрлерінің қазіргі жағ­дайы терең­нен зерттелгенін атап көр­сетті. Ол балуандар дайындығы шын мәнінде алаңдатарлық жағдайда екенін айтып, егер осы кезден бастап іске осын­дай жанашыр­лық көз­қараспен қара­ма­сақ күрес спорты­ның артта қалып қоюы мүмкін деген ойын білдірді. Осы­ған байланысты ол күрес түрлерін дамыту үшін өзінің бірнеше ұсыныс-тілектерін айтты.  Министр өз кезегінде бұл пікірмен келісетінін, ұсыныстарын қолдай­ты­нын айтып, «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан ма­териалдарды барлық бапкерлер мен спорт мамандарының оқып шығуын өтінді. «Егер бізде намыс болса, күресті көтеру керек. Осы жерде отырған барлық аза­мат­тарға, соның ішінде бапкерлер мен спорт мамандарына газетте шыққан дүниелерді оқып, содан ой түюлерін сұраймын», – деді ол. Мәжілісті Премьер-Министр Кәрім Мә­сімов қорытындылады. Ол министр­ліктің былтырғы жұмысына жоғары баға беретінін, ведомство басшысының өзі берген уәдесінде тұрып, еліміздің Азия ойындарын лайықты өткізгенін, ал онда жарыс жолына шыққан спортшылардың жеңісі барлық отандастарымызды ортақ мақсат, ортақ мұратқа ұйыстырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол бұқаралық спорт­ты, туризмді дамыту сияқты жұ­мыстардың Елбасының басты назарын­дағы мәселе­лер екенін, оларды атқарып шығуға тек министрлік қана емес, бар­лық қазақстан­дықтар атсалысуы керектігінатап көр­сет­ті. Дегенмен министрлік туризм және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырушы және жүргізуші болған соң оған екі есе жүк артылатынын жеткізді. Осыған байла­ныс­ты ол ведомствоға тапсырмалар беріп, алдына бірқатар міндеттер қойды. Соның ішінде Лондон Олимпиадасына лайықты дайындалу, спорт нысан­дары­ның санын көбейту, бұ­қаралық спортты дамыту, Азиада ны­сандарын тиімді пайдалану, ол жерлердің қарапайым халыққа қолжетімді болуы үшін шаралар қабыл­дау қажеттігін ай­рық­ша ескертті.

Көрсеткіштерге көз салсақ

Өткен жылы дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын адамдар саны 380 мыңға жетті. Былтыр 17 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді, оның ішінде 10 мыңнан астамы ауылдық жерлерде өткізілген. 2010 жылы қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ат жарысы сияқты ұлттық спорт түрлерінен 80 іс-шара ұйымдастырылды. Қазір елімізде барлығы 423 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, 8 республикалық және 17 өңірлік олимпиялық резерв даярлығы орталықтары жұмыс істейді. Былтыр олимпиялық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ұлттық құрама 11 медаль, Азия чемпионаттарында – 50, Азия кубоктарында – 6, әлем кубоктарында – 23, халықаралық турнирлерде 255 жүлдені жеңіп алды. Дастан КЕНЖАЛИН.