Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының (ҚазҰЖҒА) Семей және Курчатов қалаларындағы филиалының ғалымдары үшін Елбасының биылғы Жолдауының маңызы зор. Оның себебін Жолдаудың ең алғашқы тарауының «Жеделдетілген экономикалық жаңғырту – үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасының жалғасы» деп аталуынан көруге болады. Семей қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан, Президентіміздің Жарлығымен 1992 жылдың 15 мамырында ашылған бүгінде әлемге танымал Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асырып жатыр. Бұл бағытта ҚазҰЖҒА-ның төралқа мүшесі, академик Қ.Кәдіржанов басшылық ететін Ұлттық ядролық орталық ғалымдары еліміздегі ядролық зерттеулер мен технологиялардың шын мағынасындағы көшбасшысы болып отыр. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында ядролық саладағы инновациялық технологиялар үлкен рөл атқарады. Алынған нәтижелер қолданбалы ғылыми зерттеулер кезеңінен жасалған технологияларды ендіруге және өнеркәсіптік өнімдерді шығаруда жалғасуда. Ядролық орталықтың ұжымы әлемнің дамыған елдерінің атом стансаларының озық үлгілерін өз бойына сіңірген атом энергетикасының қазақстандық моделін жетілдіру үстінде.
Елбасы өз Жолдауында биылғы жылды Тәуелсіздіктің 20 жылдығы және «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп атап отыр. Әрине, Қазақстан халқының бейбіт өмірге бет алысымен жасампаздық жолға түсуі осыдан 20 жыл бұрын Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қоюына да байланысты.
Жоғарыда айтқандай, осыдан 19 жыл бұрын Семей өлкесінің тарихында ерекше орын алған халықаралық деңгейдегі елеулі оқиға болды. Ол – Семей сынақ полигоны кешенінің және Қазақстан аумағында орналасқан ғылыми ұйымдар мен объектілердің негізінде Курчатов қаласында орналасқан ядролық орталықтың ашылуы. Елбасы Жарлығын іске асыру үшін Үкіметіміз бірнеше қаулы қабылдады. Сол қаулылардың бірі – Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық және кадрлық базаны құру. Осы шараны іске асыру үшін ҰЯО республикамыздың және шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен ядролық профильде мамандар даярлау жөнінде шарт жасасты. Олардың қатарында Семей және Өскемен қалаларының жоғары оқу орындары да болды.
Осы жолдардың авторы өзінің докторлық диссертациясын ядролық орталықтың қазіргі заманғы физика-техникалық жабдықтарына, ғылыми әлеуетіне және кадрларына сүйене отырып, жоғары білікті мамандарды даярлау мәселесін шешуге арнаған. Кейіннен бұл бастама республикамыздың ядролық физика саласына мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарында қолдау тапты. Сонымен, Шығыс өлкесінің ғалымдары Қазақстанның атом саласында кадрларды даярлау үшін озық білім беру технологияларына белсенді түрде араласып жүр.
ҰЯО өзінің өмір сүруінің 19 жылында қиын да ауыр кезеңінен өтті деп есептеуге болады. Ядролық орталық өзінің интеллектуалдық әлеуетін сақтап қалды. Осыған байланысты 2003 жылдың көктемінде Президент Н.Назарбаев қазақстандықтарға арнаған Жолдауында Курчатовта ядролық технологиялық парк ашу жөнінде идея көтерген. Қазіргі таңда бұл идея іске асып жатыр.
Ядролық орталық қашанда Елбасы жолдауларын қолдап келеді. Осы екі аралықта «Қазақстанның атом саласының қызметкерлерінің күні» кәсіби мейрам ретінде аталып өтілуде. Таңдаулы мамандарға Қазақстан Республикасының атом саласына еңбек сіңірген қызметкері атағы беріліп келеді. Академик Қайрат Камалұлы Кәдіржанов бастаған ядролық орталықтың бір топ ғалымдары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды. Соның бәрі мұндағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың деңгейінің қаншалықты екенін көрсетсе керек. Иә, атом саласының қызметкерлері Елбасымыздың кезекті Жолдауында айтылған міндеттерді іс жүзіне асыруға бір кісідей үлес қосатын болады.
Серікбай МАУСЫМБАЕВ, Семей мемлекеттік педагогика институтының кафедра меңгерушісі, ҚазҰЖҒА Семей және Курчатов филиалының төрағасы.
Семей.