Дүниеде сөз құдіретін білген халықтың бірі қазақ па деймін кейде. «Өнер алды – қызыл тіл», «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деп тілді аспандата дәріптейтін де, енді бірде – «Басқа пәле – тілден», «Көнектей басыңа шүмектей тілің жау», «Айтылған сөз – атылған оқ», деп тірнектеп жиған абырой-беделіңді орынсыз айтылған сөздің аймандай қылып төгіп жіберетінін алға тартатын да қазақ. «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деген халық «Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» деп сөз семсерін оңды-солды серпи берудің көңіл жаралайтынын, сондықтан, әрбір сөзге абай болуды, сөзбен жұбатуға да, жылатуға да болатынын меңзейді. Әрине, орнымен айтылған сөзден құдіретті, одан әсем, одан келісті ой жоқтай көрінеді.
Адам ақылының, көңіліндегі көрікті ойларының отыз тісті жарып тұрып, сыртқа шыққандағы айнасы іспетті осы тіл қаруын бүгінгі қазақ қалай пайдаланамыз? Кәдемізге асырып, кемтіктің орнын толтырып, ортаны кемеріне жеткізіп, кемелді асқақ күйіне келтіріп, кестесін келістіре көркемдеп, айшығымен әдіптеп айта алып жүрміз бе, әлде жұлым-жұлымын шығарып, орашолақ қолдың әсемдеп тігілген шапанды өрнектеймін деп жүріп өңіржиекке салар оюды – етекке, етекке салар оюды жағаға салғанындай келісімсіз, сиықсыз дүние жасап жүрген жоқпыз ба деген ой жиі мазалайды.
«Тіл тұздығы – мақал» деп, әрбір мақал-мәтелге, қанатты сөздерге, тұрақты сөз тіркестеріне керемет мән-маңыз беру қазақтың қанына сіңген қасиет дегенімізбен, оларды таяздықтан ба, әлде білместіктен бе мәнісіне жетпей қолдану, өкінішке қарай, жиі ұшырасады. Бұл ретте қазіргі қоғамда кәдімгідей бел алып, бедел жинап әлеуметтің әлеуетін танытарлықтай тегеурінге ие әлеуметтік желілер «алға» түсуде. Өткенде әлеуметтік желіде «Буыршын көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзбейді», деген сөзді оқып мына бір әңгіме ойыма оралды. Мұндағы буыршын да, бұқа да еркек мал. Және екеуі екі түлік. Бірде ақын Серікбай Оспановтың Әбіқайдың Ахметханы жайлы мынадай естелік айтқаны бар: «Ахаңның білмейтіні жоқ еді. Шежіре қарт қай тақырыпта әңгіме шертсе де, жұртты ұйытып, шешендік танытатын. Сөз төркіні жайында сөйлесе, қазақ тілін зерттеуші маман ба деп қалар едіңіз. Сол кісі бірде «Құнажын көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді, дегенді естіп, қатты ренжіді.
– Құнажын – сиыр, буыршын – түйе, құнажынның қарағанын түйе қайтсін! – дейді ашуланып.
− Дұрысы қалай? – дейміз біз тезірек білгіміз келіп.
– Дұрысы, шырақтарым, «Бұзбаша көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді? «Б» әрпінен басталып тұрған сөздердің үндестігі қандай! Мақалдың айтпағының өзі айқындала түскен жоқ па?!
– Бұзбаша деген не сонда?
– Ой, оңбайтындар-ай, бұзбаша – шағылысқа түспеген інген, сендерше айтсақ, «түйенің қызы», – деп Ахаң баладай күліп, бізге ежірейе қарады деген.
Жалпы, сөздің байыбына бармай, жеңіл ойлап сөйлей салу көпшілікті адастыруы мүмкін. «Құлағыңа алтын сырға» деген сөз тіркесі әдетте сөз түсінетін қазаққа құлағыңа алтын сырға салып қойдым, саған жетпесін, естімей-ақ қой деген мағынада қолданылатын. Қазір, керісінше, естісін деген сөздерін солай айтып жүр.
Қазақ тілінің 2008 жылы шыққан 50 мыңға жуық сөзі мен сөз тіркесін жинақтаған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» бұған дейінгі шыққан сөздіктерді жоққа шығарғандай, бұра тартып, «естіп, ұғып ал» дейді. Ал Ісмет Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» оған «сен тыңдамай-ақ қой, естімей-ақ қой» деген түсіндірме берілген. Академик І.Кеңесбаев шығарған сөздіктерден кейін Тіл білімі институты шығарған сөздікте де бұл тұрақты тіркестің осы мағынада қолданылатыны айтылады.
Бір айта кетерлігі, «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» бұл тіркестің кейде әзіл ретінде «қайта естісін» деген нұсқада айтылатыны бар деп те көрсетілген. Қазір ауызекі сөзде де, тележурналистер де осы тіркесті жиі қолданады. Әзіл емес, салмақты түрде Үкіметтің, министрдің, әкімнің құлағына алтын сырға салып, олқы түскен тұсты осып-осып айтып жатады. Сонда тыңдап отырып: «Не дейді, естімесін дей ме, әлде лауазым иесімен әзілдесіп, сен тыңда» деп тұр ма деп қайран қаласың.
Қалай болғанда да, «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деген қазақ баласы емеспіз бе, жүйесіз сөйлеп сөз киесіне қалып жүрмейік.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»