«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы мен «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалдары арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартқа қол қойылды. Бұл шартта филиал жұмыскерлері мен олардың отбасы мүшелеріне кепілдіктер мен өтемақы беруге қатысты жағдайлар, оның ішінде емдеу және сауықтыру шығындарын өтеу, еңбек жағдайларының қауіпсіздігін арттыру белгіленген.
Айтулы рәсімде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры К.Ибрашев сөз сөйлеп, жаңа Ұжымдық шарттың қабылдануымен оған қатысушы тараптардың барлығын құттықтап:
«Жаңа Ұжымдық шарт – ауқымды атқарылған жұмыстың нәтижесі. Енді алда тұрған басты мәселеміз – өндірістік көрсеткіштердің орындалуында. Біз осыған жұмылуымыз керек», – деді бас директор.
Естеріңізге сала кетейік, Ұжымдық шартты дайындау жұмысы өткен жылдың мамыр айында басталып, тоғыз айға жуық уақытқа созылды. Жаңа Ұжымдық шарттың жобасы өндірістік филиал еңбек ұжымдары арасында кеңінен талқыланып, қолдау тапты.
Мұнайшылардың кәсіподақ ұйымдары тарапынан болған көптеген ұсыныс-тілектер жобаны дайындау жөніндегі Комиссияның бірқатар отырыстарында қаралды. Комиссия мұнайшылардың әрбір ұсыныс-тілегін жіті қарап, жан-жақты талқыдан өткізді. Жаңа ұжымдық шарт жобасының дайындығына қалың мұнайшы қауым белсенді атсалысты. Атап айтатын болсақ, шартты екі жақты талқылау шешімі бойынша, енді әйелдер 50 және 55 жасқа, ал ер адамдар 50 және 60 жасқа толған кезде, сондай-ақ сәби дүниеге келген кезде көрсетілетін материалдық көмектер сақталатын болса, жыл сайын Отан қорғаушылар күніне, ауған соғысына қатысушыларға, сондай-ақ Мүгедектер күніне бала кезінен мүгедек балалары бар қызметкерлерге салықтар есептелместен қаржылық жылда белгіленген елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі деп отыр. Ұжымдық шартқа сай, жыл сайын Мүгедектер күніне 3-топтағы мүгедек қызметкерлерге салықтар есептелместен қаржылық жылда белгіленген елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Көктемде аталып өтетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне берілетін төлем де бұрынғысынша сақталып қалды. Аталмыш ұжымдағы жалақысы сақталмайтын демалыстағы жас аналарға ай сайын баланы күтуге байланысты тиісті төлем төленеді.
Еңбек еткен әрбір адамның жақсы тынығуға, емделуге құқы бар. Ауыр дене еңбегінен, миға күш түсіретін қызметтен шаршаған адамның бір ауық демалыс орындарында тыныққысы келетіні белгілі. Осы орайда, жаңа Ұжымдық шартта компания өндірістік филиалдары қызметкерлерінің және отбасы мүшелерінің емделуін, демалуын жәрдемақымен қолдап отыратын болады. Бүгінгі таңда көптеген кәсіпорындарда уақтылы жалақы төленбей жатады, өз құқықтарын білмей, Ұжымдық шартсыз қызмет етіп жүргендер соның салдарынан жапа шегуде. Ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамымен «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалдары дер кезінде Ұжымдық шарттарды жүзеге асыруларының арқасында бүгінде өндірістің барлық салалары бойынша төлемақы төлеу, жұмыскерлердің еңбек ету жағдайының сапасын арттыру, әлеуметтік көмектер мен кепілдіктер, еңбек уақыты мен еңбек демалысы, еңбекақы мөлшері мен түрлері және басқа да әлеуметтік-еңбек қатынастары толыққанды іске асырылып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылдың 31 желтоқсанында қолдану мерзімі аяқталған бұрынғы Ұжымдық шарт 2008 жылы республикалық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауында үздік аталып, «Парыз» сыйлығын алған болатын. Сондықтан да жаңа Ұжымдық шартта бұрынғы қолданыста болған құжаттың негізгі параметрлері сақталғанын баса айтқан жөн. Сонымен қатар қолданысқа енгізіліп отырған құжат жаңа әлеуметтік игіліктермен одан әрі жақсартылып отыр.
Жаңа Ұжымдық шартқа жан-жақты тоқталсақ, жұмыскердің еңбек міндеттерін атқару кезінде көрсетілетін әлеуметтік кепілдіктер өзгеріссіз сақталды. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен мұнайшылардың кәсіпшілікте еңбек етуіне тұрмыстық жағдайларды жасайды. Мұнайшылардың күнделікті жұмыс орындарына барып келуін тасымалдауға автокөлік бөледі.
Жұмыс беруші өз қаражатының есебінен еңбек үдерісін мұнай кәсіпшіліктерінде жүзеге асыратын, өнеркәсіптік аймақта еңбек ететін жұмыскерлерді ыстық түскі тамақпен қамтамасыз етеді.
Жұмыс беруші қажеттілігіне қарай асханалар, тұрмыстық-шаруашылық кешендерді, жуынуға арналған орындары бар операторлық блоктарды салуды қамтамасыз етеді. Жұмыс беруші бұған дейін де жұмыскерлердің еңбек етуіне жағдай жасау, жақсарту бағытында атқарып отырған жұмысын одан әрі де жалғастыратынын құжат жүзінде қуаттап отыр.
Жұмыс беруші қызметкерлерге Қазақстан заңдарында көзделген әлеуметтік жәрдемақы мен оған қосымша төлеуді қамтитын уақытша жұмысқа жарамсыздығы бойынша жәрдемақы төлеуді жүргізеді. Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы төлеу үшін мұнай-газ саласындағы еңбек өтілі қызметкердің Қоғамның тиісті құрылымдық бөлімшесіне берген еңбек қызметін растайтын құжаттардың негізінде есептеледі. Жәрдемақы еңбекке жарамсыздығы кезеңіне дөп келген жұмыс күндеріне бара-бар төленеді.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы жұмыскерлерінің еңбек, әлеумет құқықтарын заңды түрде, Ұжымдық шарттың ережелеріне байланысты сақтап, орындалуын жүзеге асыруы, аталмыш өндірістің өркениеттілігін көрсетеді. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді атамыз қазақ. Осы бірлігі жарасқан өндіріс, өздерінің жұмыскерлерінің өркендеп, олардың іштей топтасуына қосқан жеке үлесімен ерекшеленіп отыр.
Индира БЕРКІМБАЕВА.