15 Қыркүйек, 2016

«Керуеннің» көркін келтірді

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
kz3«Керуен» сауда және ойын-сауық орталығында 100-ден астам қолөнер шеберлерінің еңбектерін көпшілік назарына ұсынған «Ұлы Дала жәрмеңкесі» атты II республикалық көрме-жәрмеңкенің салтанатты ашылуы болды. Керуен іші көктемгі даладай. Көптен қалада жүріп, даланы аңсаған жан көктемде көгілдір әлемге еніп, даланың көк майсасын, қызыл-жасыл гүлдерін көргенде, қалай көздері жайнайтын болса, орталыққа дәл осы сәтте кірген қыз-келіншек сондай күй кешкендей. Көздің жауын алатын небір ұлттық әшекей бұйымдар, жібекке киізден өрнек салып тігілген киім түрлері, сөмкелер, бас киімдер, тұрмыстық бұйымдар дейсіз бе, әйтеуір толып жатқан әсемдіктен есің кеткендей. Халық­тық өнердің тынысының ашыл­ға­ны, өнерге бетбұрыстың те­рең­­де­гені және осы арқылы адам­­дар­дың бәсекелес ортада тұты­ну­шысын таба білетіндігін, жұртшылықтың тарапынан қызы­ғушылық пен сұраныс бар екенін танытқан жәрмеңке аясында қазақстандық дизайнерлердің жаңа сән үлгілерін көрсетуі де жоспарланыпты. Тараздан «Асыл Дизайн», Ақтаудан «Тәрбия», Оралдан «Мәрия ханым», Қарағандыдан «Нұрәсем» сынды сән үйлерінің Алматыдан «Aigul Line» киіз шеберханасының тамаша сән үлгілері жұртшылықтың назарына ұсынылды. Дефиленің ең бір тосын сыйы – Париждегі «Гранд Опера» сахнасының сәні болған, опера өнерінің жұлдызы Майра Мұхамедқызының жаңа қырынан көрінуі. Бұлбұл қыздың дизайнерлік «Мaira Aida» атты 1 – 12 жас аралығындағы қыздар үшін арнайы жасалған брендіне көпшілік қуана қол соқты. БҰҰ «Даму» бағдар­ла­ма­сының еліміздегі тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтынгерел: «Осы жолы жәрмеңкеге қатысу­шы­лар­ санының артып отыр­ғаны қат­ты қуантады. Қазақ­стан­­ның барлық аймақ­тары­нан кел­­ген шеберлер ұлт­тық өнер­дің көк­­жиегінің қан­дай кең еке­нін кө­р­­сетуде. Алда болатын ЭКСПО-2017 ая­сында шетел­дік­тер­­ге өз елін таныта түсуде шебер­­­­­л­ер үле­сі айтарлықтай бол­­­мақ­шы деп есептеймін. Және қо­ғам­дық не­­гіз­­де осы көрмені өт­кізу­ге атса­лы­су­­шылардың бар­лығы­на алғыс ай­та­мын. Бұл ретте біз­дің БҰҰ «Даму» бағдарламасы қол­өнер­ші­­лер­­ге жүйелі қолдау көр­се­те­тін жаңа жобаны қолға алмақ­шы», – деді. Ашылу салтанатында Қазақ­стан Республикасы Прези­денті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен, G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков құттықтау сөздерін арнады. Ләззат Сүлеймен: «Ұлы даламызд­а қалыптасқан терең тамыр­лы өнеріміз, ұлттық бет-бей­немізді сақтап, әлем өрке­ниетінде қазақ атты халықтың олжа салар бай мәдени мұрасы бар­лығын көрсетеді. Сол өнерді бүгін­де өрістетіп, болашаққа табыс­­тап отырған шеберлерге бәрі­міз алғыс айтсақ артық емес», деп ғасыр­лар қойнауынан үзілмей жеткен асылдың құнына тоқталып өтті. Жәрмеңкенің енді бір қуант­қан тұсы – мүмкіндігі шектеулі жандардың көрмеге көптеп тартылуы болды. Мүгедектіктеріне қарамастан, жауһар өнерді жұрт­шылықтың назарына ұсынған шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарды көріп, адам баласы пейілін салса, қолынан кел­мейтіні жоқ және ол ешқандай қиындықты да елемейді екен-ау деген ойға қаласың. Іс-шараның ұйымдастыру­шылары Қазақстандағы БҰҰ «Даму» бағдарламасы, EXPO& WOMEN xалықаралық ұйы­­­­мы және G-global xалық­ара­­­­лық xатшы­лығы болып табылады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»