Көз алдымызда көркейді
Адам физиологиялық тұрғыда жыл өткен сайын қартая берсе, қаланың бір артықшылығы, уақыт өткен сайын құлпырып, жасара түседі. Алматы қаласының тұрғыны болғаныма 70 жылға жуықтады. Туып-өскен Семейімде 18 жыл ғана тұрсам, содан кейінгі бар өмірім Алматымен байланысты болғандықтан, бұл қала маған тым ыстық, аса аяулы мекен. Жер жүзінің бірталай мемлекеттерінде болдым, талай елді араладым, бірақ Алматыдай сұлу қаланы еш жерден кездестірмедім. Тіпті мұнда аз күнге келген шетелдік қонақтардың өзі оны сүйіп қалғанын талай көрдім. Өзім де шетелге шыққан сапарларда «Қайдан келдіңіз?» дегендерге, «Алматыдан» десем, бірден жүздері жайнап, жылыұшырай ілтипат білдіріп жатады. «Алматы» дегенде ауызға ілігетіні алдымен алмасы болса, содан кейін мөп-мөлдір суы сылдырап аққан арықтары аталушы еді. Студент кезімде қазіргі Фурманов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы жатақханада тұратын едім. Суды таңғы сағат 6-дан тұрып, екі-үш көше жоғары жатқан «Головной арык» деп аталатын, бүгінгі Абай даңғылының бойындағы арықтан тасып ішетінбіз. Арықтар Алматының барлық көшесінде ағып жататын. Судың әсері болуы керек, Алматының ауасы да салқын тартып тұратын. Әрине, кейінгі жылдарда қала адам танымастай өзгерді. Әдемі ғимараттар салынды. Субұрқақтар көбейді. Көз алдымызда көркейіп бара жатқанына қуанамыз. Бірақ осындайда ой туады. Мысалы, мен Шанхайда болдым. Шанхай дегеніңіз мемлекеттің ішіндегі жеке бір мемлекет десек те болады. Архитектураның ең соңғы жаңалығынан, адамның ойы түгілі түсіне кірмейтін, бірін-бірі қайталамайтын, көкпен иық тірескен керемет ғимараттардан аяқ алып жүре алмайсың. Дамып, өркендеп жатқанына қарамастан, қытайлар ескі Шанхайдың қисық ағашына да қол тигізбей, толықтай сақтаған. Өйткені, ол көне қаладан Қытайдың өткен мәдениеті, дәстүрі, тарихы тілсіз сөйлеп тұрады. Сол секілді Фурманов пен Абылай хан көшелерінің бойында біздің байырғы зиялыларымыз тұрған екі қабатты ағаш үйлерді де қиратпай, сақтау керек еді. Өйткені, ол біздің өткен тарихымыздың бір көрінісі. Өткенді құрметтей отырып, жаңаны асқақтатсақ, жасарған, жайнаған бүгінгі Алматының тарихы да толығып, байытыла түспек. Лаки КЕСОГЛУ, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:Өнеріме өріс ашты
Мен үшін Алматының аты да, заты да ерекше. Бұл қаланың бүкіл Қазақстан үшін де орны бөлек. Өйткені, Алматыда мемлекеттің ең құнды құжаты –Тәуелсіздік декларациясы мен Қазақстан Республикасының Конституциясы жарияланды. Алматы ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталығы. Менің өз басым Алматыны ешбір қаламен салыстыра алмаймын. Менің өнердегі жолым, өмірдегі бар қызығым осы қалада өтті. Алматы мен үшін күн өткен сайын жасарып, көркейіп келеді. Сүйікті шаһарымның 1000 жылдық мерейтойы оның тарихи келбетін бұрынғыдан да шырайландыра түскеніне қуаныштымын. Алматыда қаншама қазақ өнері алыптарының ізі сайрап жатыр. Халық арасында «Алматы – ән қала, Алматы – жыр қала!» деп бекер айтылмаса керек. Бұл қалада қазақтың небір ғұламалары, ғалымдар, шығармашылық өкілдері еңбек етті, әлі де етіп келеді. Ұлт зиялыларының көбі Алматыда рухтанған. Алматы сонысымен де биіктен көрініп, асқақтап тұрады. Бүгінгі мерекелік сәтте – халықтар арасындағы береке-бірлікті нығайтып, тұрақтылықтың үлгісіне айналған сүйікті қалама шын жүректен «Асқақтай бер, Алматы! 1000 жылдығың құтты болсын!» дегім келеді. Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық ғылым академиясының президенті: Қағанаттардан қалған қарашаңырақтың иесімізАлматының 1000 жылдық тарихы, негізінен, Ұлттық Ғылым академиясы ғалымдарының еңбегімен дәлелденіп отыр. Тарих және этнология, археология институтының ғалымдары бұл мәселемен ұзақ уақыт айналысып, ақыры бұлтартпайтын дәлел-дерегін тауып, нақты нәтижелердің негізінде Алматыға 1000 жыл болғанын мойындатты. «Алмату» деген жазуы бар күміс теңгелердің табылуы шаһарымыздың талас тудырып отырған тарих-тағдырын шешті. Сонымен қатар, Алматының Ұлы Жібек жолы бойында сауда-саттық жасаумен айналысқан ірі қала екенін растайтын өзге деректер де табыла бастады. Нормативке сәйкес, қаланың жасын анықтап, дәлелдеу өте қиын. Еуропадағы тиісті ұйымдар жазба деректер мен артефактілерге сүйенген дәлелді талап етеді. Ал, оны табу оңай емес. ЮНЕСКО орналасқан еуропалықтардың талабы бойынша, қала мәртебесін иеленген болса, ол қалада, алдымен, әкімшілік-билік орталығы, яғни ел билеушісі отыруы керек, екіншіден, дамыған қолөнері болуы керек, үшіншіден, сауда ісі болуы тиіс, міне, осы талаптың бәріне ежелгі Алматы тарихы толықтай жауап береді. Осылайша арғы бабаларымыз қала да салды, саясат та жүргізді, шартараппен қатынас та жасады. Алматы тарихын Верный бекінісінің салыну уақытымен байланыстырып жүргендер оның бар болғаны байырғы қалада орныққан инфрақұрылымға салынғанын түсінуі керек. Түптеп келгенде ол шаруаға қолайлы, малы бар, азық-түлігі бар, қызмет көрсететін адамдары бар дайын қаланың жанынан салынған жай ғана бекініс болатын. Алматы алдымен қараханидтердің, содан кейін шағатайлардың қаласы болды. Осы уақытқа дейін Тараздың 2000 жылдығы, Түркістанның 1500 жылдығы аталып өтті, бірақ кейінгі жылдардағы ғалымдардың зерттеуі бойынша, қазақ хандығының астанасына 3000 жыл болғанын растайтын жаңа дәлелдер табылып жатыр. Сондай-ақ, Самарқан мен Бұқараның 3000 жылға дейін жылжытылуы тегін емес. Бұлардың бәрі Жібек жолы бойындағы қалалар, ендеше Алматы да осы қалалар пайда болған уақытқа шамалас бой көтерген. Рәбиға СЫЗДЫҚОВА, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор:Әлі сүйсінумен келемін
Алматының топырағына табанымның тигеніне биыл 61 жыл болады. Батыс жақтағы Ақтөбе секілді орташалау қаланы, Темір, Ойыл деген қалашықтарды көріп өскен маған зәулім үйлері сап түзеген, табиғаты тамылжыған ғажайып сұлу қала естен тандырғандай әсер қалдырды. Әсіресе таң қалдырғаны – басын ақ қар құрсап, найзадай шаншылып тұрған таулар мен аспанға бойлай өскен биік тал-теректер болды. 16-17 жастағы балаңдығымызға қарамай, бүкіл соғыс бойы анамызды, бауырларымызды асырап келген біз үшін әнде айтылатындай, Алматы нағыз «арман қала» болатын. Қысы-жазы құм суырып, ұйытқып боран соғып тұратын елден келген мен желі жоқ қаланы алғаш рет көріп, тағы да таңғалғанмын. Содан бері Алматы мен үшін алабөтен ыстық. Сол жылдарда бүгінгі Абай атындағы Опера және балет театры, соған таяу Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы орналасқан ескі Үкімет үйі, оның жанындағы Қазпошта және оның айналасындағы үш-төрт көше Алматының орталығы болып есептелетін. Сол көшелердегі үйлердің бұрышында таудай-таудай демейін, бірақ кішігірім жеңіл көліктің көлеміндей қойтастар жататын. Қаланың байырғы тұрғындарынан сұрап білсем, 1921 жылдары қалада алапат тасқын болып, Алатаудың қары, мұзы еріп, таудан аққан сел жолындағысын түгел шайып, таудың баурайындағы қойтастарды қаланың ішіне дейін домалатып әкелген екен. Құшақ жетпес тастардан қаланы тазарту қиынға соққандықтан, құрылысқа пайдаланып, үйлердің бұрышына жапсарластырып қойған. Содан бері Алматыға таңғалуым, сүйсінуім күні бүгінге дейін бәсеңдеген емес. Алматыда білім алдым, еңбек еттім, ғылыммен айналыстым, кітаптар жаздым, қанаттандым, өстім, міне, осының бәріне маған күш берген – Алматы. Әрине адам үшін туған жердің орны бөлек, бірақ азамат болып қалыптасуыма өлшеусіз септігі тиген Алматы, ал оның 1000 жылдық қуанышы жеке менің өзімнің еншіме тиген қуанышым сияқты.Құтты қоныс, мерейлі мекен
Елбасы айтқандай, Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Бала кезімізде Алматының көркіне біз ғана емес, бүкіл шетелден келгендер таңданатын, тамсанатын. Қазір Алматыда қаншама зәулім ғимараттар бой көтерді, көшелер кеңейіп, жолдар жөнделді. Мен мұның бәрін мақтаныш етемін. Бірақ әттеген-ай дейтін тұстар да баршылық. Мен оқыған мектепте Абайдың: «Орыстың тілі – дүниенің кілті» деген сөзі үлкен әріппен жазылып тұратын. Неге қазір біз «Қазақтың тілі – Қазақстанның кілті» деп айтпаймыз? Неге өз тілімізді қадірлеп, құрметтемейміз? Бірде Алматының қазіргі жас әкімі Бауыржан Байбек Алатау ауданында Ұлттық дәстүрлі өнер театрының салтанатты ашылуында: «Қазақтың өнері – бармақтың басында, тілдің ұшында», деді. Жаным сүйсінді. Шынында да қазақтың домбырасына, қазақтың әніне, қазақтың фольклорына, қазақтың әдет-ғұрып, дәстүріне ештеңе де жетпейді. Оны насихаттау, дамыту – әрбіріміздің парызымыз, міндетіміз. Сөз соңында айтарым – біздің құтты қоныс, мерейлі мекеніміздің орталығы болған Алматының 1000 жылдығы құтты болсын! Алматының мәртебесі, құдіреті, қасиеті, маңызы арта берсін! Асылы ОСМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегеріЖеңісті де жемісті күндеріміздің куәсі
Біздің жігіт шағымызда айтылатын «Алматым жүрегімде...» деген ән бар еді, сол әнмен ағалыққа аяқ басқанбыз. Адам өзі етек-жеңін жиып, атақ-абыройға бөленген кезеңі мен мекенін есінен шығармай, мақтанышпен айтып, тебіреніп жүреді екен. Менің Алматыға деген махаббатым, сағынышымның астарында осындай үлкен құрмет жатыр. Өзімді бақытты адамдардың санатына қосамын. Еліммен, жеріммен бақыттымын. Қазақтың махаббатына бөлендім. Кезіндегі «Қайрат» командасындағы барлық серіктерім үшін ең керемет құрмет отандастарымыздың сенімі еді. Алматының Орталық стадионы біз үшін киелі еді. Матчтар өтіп жатты. Талай қарсылас команданы Алматының төрінде қарсы алдық. Жеңіске жеттік. Жеңілістің ащы дәмін де таттық. Осының барлығына Алматы куә болды... Алматының 1000 жылдығы құтты болсын! Ұлтымыздың жетістігіне, ұрпағымыздың жалғастығына жол ашып, Мәңгілік Елмен бірге жасай берсін! Сейілда Байшақов, КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Қайрат» футбол клубының ардагері