19 Қыркүйек, 2016

Президент Назарбаев Талдықорған әуежайын жаңарту жұмыстарымен танысты

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
photo_195173 Бүгін, 19 қыркүйекте ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді деп хабарлайды Қазақпарат. Елбасының жұмыс сапары Талдықорған қаласының әуежайын жаңарту барысымен танысумен басталады. Биыл ұшу-қону жолағы, перрон, вокзал маңындағы алаңға күрделі жөндеу жүргізіледі, сондай-ақ жаңа аэронавигациялық кешен пайдалануға енгізілді, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Келешекте әуежай Қырғызстан, Ресей, Қытай және басқа да елдермен облыс орталығын біріктіретін халықаралық деңгейге көтерілуі  тиіс. Одан әрі Президент Ескелді ауданындағы «Нам Г.Н» шаруашылық қожалығына барады, одан кейін қант қызылшасы егістігін көреді. Еске салсақ, 2014 жылғы тамыздағы Алматы облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы өңірдің  бұрынғы елдегі    қызылша шаруашылығындағы жетекшілік рөлін қайта жаңғыртуды тапсырды.  Осы мақсатта өңір басшылығы тиісті ауқымды жұмыс жүргізді. Қызылша өндірушілерге жан-жақты қолдау, көмек көрсетілді: 240 млн теңге мемлекеттік субсидия бөлінді, арнайы техника, сапалы тұқым, гербицидтер, отын-жағармай материалдары, өнімді шалғай аудандардан жеткізу үшін КамАЗ көліктері сатып алынды. Барлық жасалған жұмыс оң нәтижесін беруде. Өңірде қант зауыттары мен қызылша қабылдау пункттері қалпына келтіріліп жатыр. Сондай-ақ Елбасы бір ай бұрын пайдалануға берілген облыс орталығындағы көп бейінді жаңа ауруханаға барады. Көп бейінді аурухананы салуға 9 371,0 млн. теңге бөлінгенін атап өткен жөн, оның ішінде 1 887,0 млн. теңге жергілікті бюджеттен. Аурухана сомасы 4 094,0 млн. теңгелік заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған. Кадрлық құрамы - 676 бірлік, оның ішінде 143 дәрігер. Аурухананың жалпы алаңы 33 885,6 шаршы метр. Ауруханада стационар алмастыратын, стационарлық, жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетеді. Ол   терапия, хирургия, полижарақат, қалпына келтіру ортохирургиясы, нейрохирургия, миниинвазивті хирургия, оториноларингология, және жақ-бет хирургиясы, урология, офтальмология бөлімшелерінен тұрады. Жабдықтар: магниттік-резонанстық томограф, эксимерлік лазер, барокамера, эндовидеохирургиялық құрылғы  және т.б.   бар. Содан кейін Президент Оқушылар сарайында болады. Мұнда көптеген үйірмелер, секциялар жұмыс істейді. Нұрсұлтан Әбішұлы жас суретшілердің жұмыстары қойылған көрме галереясымен, акт залымен  танысады. Одан әрі Орталықтың жұмысы көрсетілетін Жастарға қызмет көрсету орталығында болу жоспарлануда. Бүгінгі күн Талдықорған қаласының жұртшылығымен кездесу өтетін «Жастар» саябағына барумен аяқталады.