Бұрнағы күні түнде Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында Паралимпиялық ойындардың салтанатты жабылу рәсімі болып өтті. Ойындар қыркүйектің 7-сінен 18-іне дейінгі аралықта өтті.
Жабылу рәсімінің қойылымы Бразилия халқының ән әуені әлеміне арналды. Жиналғандар алдында осы елдің белгілі әншілері өнер көрсетті. Солардың ішінде туғаннан қолдары жоқ музыкант Жонатан Бастос та болды. Ол әлемге өзінің барлық композицияларын аяғының башпайларымен ойнайтынымен танылған.
Шара басында көрермендер мен қатысушылар сенбі күні жарыс барысында қатты құлап, ауруханаға барар жолда жантәсілім еткен ирандық 48 жастағы велошабандоз Бахман Голбарнежад үнсіздікпен еске алды. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Ойындар ұйымдастыру комитетінің басшысы Карлос Нузман мен Халықаралық паралимпиялық комитеттің президенті Филип Крэйвен Иран командасы мен марқұмның отбасына көңіл айтты.
«Мақсат орындалды... Бразилия ешқашан берілмейді», деп мәлімдеді өзінің сөзінде Нузман елде Олимпиада мен Паралимпиаданы дайындаудың өте қиын жағдайда өткенін меңзей келіп.
Өз кезегінде Крэйвен бразилиялықтарға жылы құшақ жайғандары үшін алғыс сезімін білдірді. Ол сондай-ақ жарыстарға қатысқан мүмкіндіктері шектеулі спортшылардың бәрінің керемет қасиеттері жөнінде айтып өтті. Содан кейін комитеттің Ойындарды жақсы ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізгені үшін Рионы өзінің ең жоғары наградасы – орденмен марапаттайтынын жеткізді. Соңында Крэйвен ән салып, Ойындарды жабық деп жариялады. Ал паралимпиялық жалау келесі Ойындардың иесі – Токиоға салтанатты жағдайда табыс етілді.
Паралимпиялық ойындар 107 алтын, 81 күміс, 51 қола, барлығы 239 медаль алған Қытай құрамасының айқын жеңісімен аяқталды. Екінші орын 64 алтын, 39 күміс, 44 қола, барлығы 147 медаль жинаған Ұлыбритания құрамасына бұйырды. Үшінші орынға 41 алтын, 37 күміс, 39 қола, жалпы 117 медалі бар Украина командасы шықты. Бұдан әрі алғашқы ондықты АҚШ, Австралия, Германия, Нидерланд, Бразилия, Италия және Польша командалары құрады.
Бұрынғы кеңестік елдер арасынан 8 алтын, 6 күміс, 17 қола, барлығы 31 медаль жинап, 16-орыннан көрінген Өзбекстан құрамасын ерекше атап өтуге болады. Бұл елден Ойындарға барған 32 спортшының 31-і осылайша медальмен оралды. Бұдан бөлек, Беларусь – 19-шы, Литва – 44-ші, Латвия – 45-ші, Әзербайжан 48-ші орындарға орналасты. Ал Ойындарда 1 алтын, 1 күміс медаль алған Қазақстан құрамасы Словения спортшыларымен бірге 58-59-шы орындарды бөлісті.
Мұрат АЙТҚОЖА