Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде Аралбай батырға еңселі ескерткіш қойылды. Тұлпар мініп, ту ұстаған батырдың мүсінін павлодарлық шебер Марат Әбілқасымов сомдаған.
Осыдан бес жыл бұрын батырдың өнегелі де ұйымшыл ұрпақтары Аралбай бабаның 325 жылдығын лайықты түрде атап өтіп, ас берген еді. Сол жылы аудан орталығынан оның атына көше де бұйырған болатын. Ендігі кезек ескерткішке келіп, сол көшенің басына батырдың ат үстінде тұрған айбарлы ескерткіші орын тепті.
Аралбай батыр ескерткішінің ашылу салтанатында айтыскер ақын Аманжол Әлтаев ескі тарихтан қалған естеліктерді тірілтіп, елін-жерін қорғаған ердің өміртарихына жан-жақты шолу жасады. Бұдан кейін еңбек ардагері Хамзе Сәтжанов, жазушы Алдан Смайыл, ақын Серік Ақсұңқарұлы және аудан әкімі Ғабдрахман Омаров ескерткіштің жамылғысын сыпырып, ашылу рәсімінің ырымын орындады.
Сонымен қатар, ескерткіштің ашылу салтанатында ауыл ақсақалы Молдазайым Хишауов бата берсе, жергілікті ақын Өміржан Көпбосынов жырдан шашу шашты. Сөз сөйлеушілер тағылымды шараның ұрпақ тәрбиесінде алатын орны зор екендігіне тоқталып, ескерткішті орнатуға атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді.
Айта кетерлігі, ескерткішке жұмсалған 11 миллион теңге қаржыны батырдың ұрпақтары өз орталарынан шығарған екен.
Тәрбиелік, тағылымдық мәні зор бұл шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Расында да, Аралбай батырдың ел шетін ата жаудан қорғап, қазақтың жерін аман сақтап, бүгінгі ұрпаққа аманттап кеткен ерлердің қатарынан екендігі ата тарихтан мәлім.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы