20 Қыркүйек, 2016

Қазақстанда жер кезегінде 1 миллион адам тұр

264 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
28754 "Тұрғын үйлердің барлық түр­лерін, соның ішінде жеке тұрғын үй салу үшін «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасымен құрылыс аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылым тартуға 2015-2016 жылдары 151,8 млрд теңге бөлінді. 2016-2017 жылдары 100,9 мың жер телімін қажет­ті инженерлік инфрақұрылыммен қамта­масыз етеміз. Инфрақұрылым бүгінгі күні берілген 57,4 мың жер теліміне жә­не жаңадан берілетін 43,5 мың жер те­лі­міне жүргізілетін болады. 2017 жылы қа­жет­ті инженерлік инфрақұрылыммен қам­та­­масыз ету үшін 84 млрд теңге жұм­сау жос­парлануда", деді мәлімдеді Бишім­баев. Ол Парламент Мәжілісінде «Экономикалық өсім және «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында сөйлеген болатын. Бишімбаевтың  айтуына қарағанда, ағымдағы экономикалық жағдай қалыпты, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының, 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың іске асырылуы ойда­ғыдай. Ұлттық қордың ақшасы жұмсалмайды Министр 2017 жылдан бастап «Жалпыға арналған тегін кәсіптік-тех­ни­калық білім беру» жобасы іске қосы­ла­тынын мәлім етті. Одан басқа, микронесиелеуді дамыту жолымен кә­сіпкерлікке жаппай ынталандыру көзделген екен. 600 мың га суармалы жерді пайдалануға берудің нәтижесінде 200 мың тұрақты жұмыс орнын құру мүмкіндігі тумақ. Орта мерзімді перс­пек­тивада Ұлттық банктің ақша-несие сая­саты инфляцияны 3-4%-ға дейін төмен­детуге бағытталған. «2017-2019 жылдары мемлекеттік бо­рышты қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін республикалық бюджет тапшы­лығын 2019 жылға қарай ІЖӨ-ге қатысты 1%-ға дейін төмендету жос­парланып отыр», деді министр. «Енді Ұлттық қордан қосымша қаражат тартылмайтын болады. Біз жеке инвестициялар мен кәсіпкерлікті дамытуға негізінен ішкі мүмкіндіктерді пайдаланамыз», деді ол. Жер кезегінде 1 млн адам тұр Қосымша баяндаманы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Са­бильянов жасады. «Су құбырлары желісінің көп бөлігі қанағаттанарлықсыз жағдайда қалып отыр. Жүргізілген талдауларға қарағанда, жылу желілерінің 40 пайызы мүлдем тозған, жартысынан көбінде пайдалы әсер коэффициенті 41 па­йыз ғана. Мұның бәрі жылудың аса үлкен шығынына әкеліп соқтырады», деді депутат. Өңірлерде ауызсумен қам­тама­сыз ету проблемасының да әлі күнге шешілмей жатқанына назар аударылды. Кейбір өңірлерде ол 40 пайыздан аспайтыны айтылды. «Сумен жабдықтау жобалары бо­йынша дайын сметалық құжаттары бола тұра, оларды республикалық бюджет жылдар бойы қаржыландырмай келеді. Бұл тұрғындардың ренішін туғызуда», деді Н.Сабильянов. Мемлекеттік орган­дар­дың деректеріне қарағанда, қазіргі уа­қыт­та сомасы 100 млрд теңгеден аса­тын жо­балар дайын екен. Бірақ бұл мақсатқа 2016 жылы бар-жоғы 640 млн теңге бө­лініпті. Тұрғын үй салу жоспары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да депу­тат­тың сынына ұшырады. «Жалпы респуб­лика бойынша 2015 жылы тұрғын үй құрылысына 740 млрд теңге, 2016 жыл­ғы қаңтар-шілде айларында 422,7 млрд теңге инвестиция салын­ды. Мем­лекет тарапынан бөлініп отырған мұн­дай қаржыландырулар елдегі тұрғын-үй құрылысына еселеп екпін бе­руі керек еді, бірақ біз тұрғын үйге мұқ­таж адамдардың проб­лемасы жет­кі­лікті дәрежеде шешілмей отырға­нын бай­қаймыз», дей келіп, қазіргі уақытта тұрғын үй алу кезегінде 350 мыңнан астам адам, жер алу кезегінде 1 млн адам тұрғанын айтты. 21 млрд теңге игерілмеген «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 52,8 млрд теңгенің де тиімсіз пайдаланылған тұстары депутат назарынан тыс қалмады. Атап айтқанда, өндіріс қана емес, көтерме және бөлшек сауда, қонақүй бизнесі, дем­алыс және ойын-сауық кәсіпорындарына, сондай-ақ, бюджетке салық төлемеген, жұмыс орындарын ашпаған, мемлекеттің кепілдігімен алынған проблемалық несиелері бар кәсіпкерлік субъектілеріне де субсидиялар берілген. Мәселен, 2015 жылы барлығы 4424 кәсіпкер осы бағдарламамен жалпы сомасы 26,7 млрд теңге субсидия алса, соның 1700-і, яғни 40 пайызы осындайлар екені айтылды. Сондай-ақ, депутат өзінің баяндамасында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен индустриялық инфрақұ­ры­лымды дамыту бағыттарына да шолу жасап өтті. Соның ішінде Атырау об­лы­сын­дағы «Ұлттық индустрия­лық мұ­най-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым нысандарын салуға «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан 2015 жылы 68,5 млрд теңге бөлінгенін айтты. Алайда, соның 21 млрд теңгесі игерілмеген, ал жұмыстар 11 пайызға ғана орындалған. "Нұрлы жол" бойынша ауыл шаруашылығына ақша бөлінбейді Баяндамалар аяқталған соң Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев де­путаттардың сұрақтарына жауап берді. Мә­селен, депутат Омархан Өксікбаев елі­мізде импорттың былтырға қарағанда 46 пайызға кеміп отырғанын айта келіп, министрден осыған сенуге бола ма деп сұрады. Бұлай сұрауының себебі, Қа­зақстанға кіретін импорттық киімдер Қырғызстанға өтіп, барлық кедендік баж салығы соларға төленген соң ғана біздің елге кіргізілетіні туралы ақпарат алғанын көлденең тартты. Оған министр статистикалық мәлі­меттерге өзінің сенетінін айта келіп, ЕАЭО елдері арасындағы келісім бойынша экономикалық одақ аумағына енген импорттан түсетін барлық кедендік баж салығының 10 пайызы Қазақстанға аударылатынын жеткізді. Сонымен бірге, министр бұл көрсеткіштің абсолюттік шамасы өткен жылғымен салыстырғанда ұлғайғанын да атап өтті. Депутат Жексенбай Дүйсебаев «Нұр­лы Жол» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға бір тиын да бөлінбегенін айта келіп, соның себебін сұрады. Министр бағдарлама инфрақұрылымдық дамуды көздейтіндіктен, ауыл шаруашылығы сек­торын ескермегенін, ал АӨК саласына Парламентке енгізілген нақтыланған бюд­­жет бойынша заң жобасында қо­сым­ша 97 млрд теңге бөлу көзделгенін айтты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»