«Жарқырайды Теміртаудың оттары» деген әдемі ән бар. Өкінішке қарай, металлургтер қаласының осы әнде айтылған оттары, яғни кеш түсе самаладай жарқырайтын шамдары шаһарды көптен бері тұмшалап тұратын түтіннен көрінбей қалатын халге жеткен. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иелігіндегі металлургиялық комбинаттың мұржаларынан шыққан қою түтінге бұл күнде көз де үйреніп, қала тұрғындары да көндігіп кеткендей. Дегенмен, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын бұл қауіптің алдын алмаса болмайтын түрі бар. Өйткені Теміртаудың экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұрғаны жасырын емес.
Жарты ғасырдан бері қаланы ғана емес, облысымызды жарылқап келе жатқан металлургиялық комбинаттың «ат қорасында» миллиондаған тонна өндірістік қалдық жиналып қалған. Қазіргі таңда өндірістік алпауыттың иелегінде әрқайсының тереңдігі 15 метрге жететін тоғыз қалдық жинағыш бар. Көп жылдардан бері осы өндірістік қоқыс төгілген шұңқырлар қоршаған ортаны аяусыз ластап келді. Әсіресе бұл көрініс күн жылыда күшіне мінеді. Жел ұшырған улы тозаң айналаға түгел тарап, ұзақ уақыттан бері жергілікті тұрғындардың түрлі ауруларға ұшырауына сүбелі «үлесін» қосып келді. Жаңбыр және қар суымен араласқан әлгі шаң-тозаң мен улы газ топыраққа сіңіп, су қоймаларына құйылып, табиғатқа орасан зор зиянын тигізіп келе жатқаны да жасырын емес.
Осындай өткір тұрған мәселенің ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір шешімін табуы керек болатын. Міне, бұл күнге де жеткен сияқтымыз. Таяуда «Шайыр Тау» фирмасы Теміртаудан қозыкөш жерде орын тепкен №1 химиялық үйінді маңынан коксты-химиялық өндірістің сұйық химиялық қалдықтарын қайта өңдеу бойынша жаңа кешенді іске қосты.
Жалпы №1 химиялық үйінді 1990 жылы пайдаланудан қалған болатын. Зауыт экологтарының мәліметіне сенер болсақ, 1964 жылдан бастап мұнда коксты-химиялық өндірістің 70 мың тоннаға жуық сұйық қалдығы жиналып қалған екен.
Негізі, 2012 жылдан бастап бірінші үйіндінің қалдықтары шетелге шығарылып, сол жақта қайта өңделе бастапты. Мысалы, 12 мың тоннаға жуық қалдық арнайы өңдеу қондырғылары бар Украинаға жеткізілген екен. Бірақ та мұның өзі пайдасы мардымсыз, шығыны мол шаруа еді. Сол себепті де өңдеу кешенін өзімізде салу өткір тұрған мәселе санатында болып келді.
«Шайыр Тау» ЖШС-нің директоры Қанат Қымызкеновтің айтуынша, Теміртаудағы өңдеу кешенін салуға осы істе бай тәжірибесі бар украиналық мамандардың көрсеткен көмегі көп болыпты. «Химиялық қалдықтарды өңдейтін кешенді біз бір жыл ішінде салып бітірдік. Жылжымалы көпір тұрпатындағы кешенде химиялық қалдықтарды сорып алатын және оны жүз градусқа дейін қыздыратын қондырғы орнатылған. Қалдық әбден қызу шегіне жеткеннен кейін арнайы ыдыстарға құйылып, оған түрлі реагенттер қосылады. Міне, осындай жолмен алынған өнім автомобиль жолдары құрылысында битумға ұқсас байланыстырғыш материал ретінде пайдалануға әбден жарайды», дейді кәсіпорын басшысы.
Жаңа кәсіпорын жылына 2500 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күннің өзінде фирма бірнеше тұтынушымен келісімшарт жасасып үлгерген. Бұдан бөлек, болашақта технологиялық және энергетикалық жабдықтарды жылытуға арналған 8400 тонна коксты-химиялық отынды бір жыл ішінде өндіру қолға алынбақшы. Қазірдің өзінде жылу электр стансалары мен қазандықтар жаңа кәсіпорынның өніміне қызығушылық танытып отырған жайы бар екен.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша салынған жаңа кешен құрылысына 194 миллион теңге шамасында қаржы жұмсалыпты. Қазір мұнда 28 адам еңбек етеді. Бүгінгі таңда фирма жұмысқа толықтай кірісіп кетпесе де, құрал-жабдықтарды орналастырып, химиялық заттардың қажетті үйлесімділігін зерттеу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде үлкен іске кірісер алдындағы дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бірақ осыған қарамастан, бүгінгі күннің өзінде жаңа кәсіпорын 12 мың тонна фус және қышқыл смолка өнімдерін шығарып үлгеріпті.
Жалпы, жоба бағдарламасы бойынша бес-алты жылдың ішінде химиялық қалдықтың астында қалған №1 үйінді толығымен тазартылуға тиіс екен. Сонан соң бұл жерге құнарлы топырақ төселіп, шөп егілмек.
«Шайыр Тау» фирмасының шарапатты ісіне «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының экологтары жоғары баға беріп отыр. Компанияның экология жөніндегі директоры Галина Дроздова былай дейді:
– «Шайыр Тау» фирмасы бірінші үйіндіні тазартуға белсенді түрде кірісіп кетті. Қазір біз екінші үйіндіні тазартуға құлшыныс танытып отырған тағы бір фирмамен келісімшарт жасасып жатырмыз. Келісім бойынша, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы фирмаларға химиялық қалдықтарды тегін береді. Жұмыс біткен соң, фирмалар өз қаражатына қалдықтарды өңдеп, жер телімдеріндегі зардап шеккен топырақты қалпына келтірулері керек. Бір есептен бұл біздің «Жасыл» экономикаға өту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қосқан үлесіміз болмақ.
Сонымен, Теміртаудағы өндірістік қалдықтарды өңдеудің заманауи технологиясы бір оқпен екі қоян атып алуға мүмкіндік береді. Ең алдымен металлургтер қаласындағы шетін мәселе – әбден шегіне жеткен экологиялық жағдай жақсара түссе, сонымен қатар бұл игі іс өндірістік кәсіпорындар өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге де оң әсерін тигізбек.
Шынтуайтына келгенде, бұл шаруа теңізге қосылған тамшыдай-ақ. Теміртауды қою түтін, улы газдан түбегейлі тазарту үшін бір ғана «Шайыр Таудың» шамасының жетпесі анық. Дегенмен, қайырлы істің қадамы құтты бастамасы қуантады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы