Астанада жасаған азық-түлік жәрмеңкесіне Батыс Қазақстан облысының 12 ауданы мен Орал қаласының кәсіпкерлері жалпы салмағы 200 тоннадан астам азық-түлік әкелді. Қойылған бағалар Астанадағымен салыстырғанда шамамен 20-30 пайыздай арзан болды. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазір облыста 21 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық, 10 бордақылау кешені бар. Өткен жылы экспортқа шығарылған ет пен ет өнімдерінің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп болды.
Астаналық тұтынушылар үшін «Кублей» ЖШС, «Жайық Ет» ЖШС, «МаслоДел» АҚ, «Агропродукт ЛТД» ЖШС, «Белес Агро» АҚ, «Имановские полуфабрикаты» ЖШС және басқалары өз өнімдерін әкелді. Облыстағы ет өндіруші аудандардың бірі саналатын Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Мағазұлы:
– Біз ауданнан 2 тонна жылқы етін, 2 тонна сиыр етін әкелдік. Өнімдеріміз сапалы, санитарлық нормаларға сай. Бағасы да жергілікті еттің бағасынан арзан, – деді.
Атырау облысы ауылшаруашылық жәрмеңкесіне жалпы көлемі 90 тоннадан астам өнім ұсынды. Мұнайлы өңірдің ауылшаруашылық өнімдерін шығарушы кәсіпкерлері ет, сүт, шұжық өнімдерін, құс еті мен жұмыртқа сынды бас-аяғы 58 түрлі тауар жеткізіпті.
Атырау облысында 2 мыңнан астам агроөнеркәсіп кәсіпорындары бар. Оның 500-ге жуығы егін шаруашылығымен, 1500-ден астамы мал және аралас шаруашылықпен айналысады. 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, биылғы жылдың алты айында ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 4,5 пайызға өскен. Облыстағы егістік жерлердің аумағы да осыдан 5 жылғы көлемнен 20 пайызға ұлғайыпты.
Арнұр Асқар, Айгүл СЕЙІЛОВА,
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,