20 Қыркүйек, 2016

"Сағындым Алматымды" әні қалай туды?

4599 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
9999Ұлтымыздың небір таланттарының арманын әлдилеп, ұлы тұлғаларға айналдырған Алматыны сағынатындар аз ба?! Алматы – армандар қаласы. Алматы – үлкен өмірдің есігі. Алматы – тәуелсіздіктің бесігі. Қала берді Алматыны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да сағынады. Көп жылдар бойы Мемлекет басшысының Алматыға жұмыс сапарларын жаза жүріп, Алматыны сағынатынын ол кісінің өз аузынан да естіген едік. Ұлы сағынышты мемлекет мүддесінің жолына тәрк етіп, ұлы көштің басын даламыздың келесі жағына қарай бұрған талай азаматтар Алматыны әлі де сағынады. Алматыға үлкен армандары жоқ адам ғана асықпайды. Ендеше бітпейтін сағыныштан туған ән бар. Бұл ән – Алматыға арналған шығармалардың тәжі десе де болады. Сазы да сөзі де үйлескен, жазылғанына қырық жылдан асса да жұрт жатқа айтатын, хит болудан қалмаған, қостанайлық ақын Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған сол ән – «Сағындым Алматымды». Бұл әннің туу тарихы талай рет жазылған, айтылып та жүр. Дегенмен, жүрекке жеткізіп жазатын Алтынбек Қоразбаевтай дарынды композитордың бұл туындысының орны бөлек. «Егемен» бетінде бұл ән туралы бұрын да қалам тербеген болатынбыз, енді міне, сол естелікке қайта оралудың тағы сәті түсіп тұр. – «Сағындым Алматымды» Құрманғазы атындағы консерваторияны енді ғана тәмамдап, Жамбыл облыстық «Алатау» ән-би ансамблін басқарып жүрген кезімде шық­қан еді. Нағыз жастық дәурен, алты жылдық студенттік қызықты кездерімнің бәрі Алматыда өтті. Әнде айтылатын Көктөбе мен Алматының саябақтарында қыдырған күндерімді шын сағынып, әннің алғашқы шумақтарын ептеп құрастыра бастадым, – дейді композитор. Сонымен 1974 жылы Алтынбек Қоразбаев ағамыз Алматыға «Алтыбақан» деген телехабарға келеді. Бұл өзі ұйымдастырған «Алатау» триосының «Желбіржекен», «Көкшолақ» сияқты әндермен халыққа енді таныла бастаған кезі екен. Содан сазгер Қазақ радиосындағы досы Әнуар Бекжановқа сағыныштан туған жаңа шығармасын орындап береді. Мәтіні шалағайлау әнді тыңдаған досы: «Жақсы дүние екен. Бірақ осында менімен бірге жұмыс істейтін Серікбай Оспанов деген жігіт бар. Өлеңін соған жаздырайық» деген ұсыныс айтады. Келесі күні жамбылдық қонақ жатқан «Жетісу» мейманханасына ақын бес жасар ұлын ертіп, сәлем бере келеді. Сол арада «Сағындым Алматымды» әні бірнеше мәрте орындалады. Біраз уақыттан кейін әнді әрі тыңдап, бері тыңдап ойланып қалған ақын үндеместен кетіп қалады. Сөйтіп, ертеңіне қайта есік қағып, қазір кең таралып кеткен өлеңді композитор қолына ұстатады. – Қосамын әнге атыңды, Тосамын әр хатыңды. Сағындым алма бағын, Арайлы Алматымды. Сағындым аққу үнді, Сағындым ақ гүлімді. Алматым, сыйладың сен, Шабытты шаттығымды... Мәтін композиторға қатты ұнайды. Алғашқы жылдары  әнді  өзі орындап, кейіннен  Жамбыл  облыстық  «Алатау» триосының репертуарына енгізеді. – 1982 жылы Жамбыл облыстық филармониясын басқарып жүргенімде, біздің өңірге Ресей халық артисі Вален­тина Толкунова гастрольдік сапармен келді. Қадірлі меймандарды қонақжайлылықпен күтіп отырғанымызда, Валентина: «Жолдас директор, сізді композитор деп естіп едік. Бір әніңізді орындап бермейсіз бе?» деді. Мен домбырамен «Сағындым Алматымды» шырқап бердім. Ән аяқтала салысымен, ол кісі «мына әніңізді маған сыйға тартыңыз. Мен орысшаға аударып, оркестрге түсіріп, Мәскеудің үлкен сарайларында орындаймын» деп жабыса кетті. Әншімен бірге киносценарист, әрі ақын Оскар Волин және атақты эстрадалық пианист Давид Ашкенази бірге келген. Оскар Волин менен әннің мағынасын сұрады. Түсіндіріп беріп едім, ол табан астында: – Древний город в цветах, Мудрый ты, как аксакал. Лебедем белый плывешь, Город мой – Алма-ата, – деп орысшаға аударып жіберді. Бізді бағанадан бері тыңдап отырған Давид Ашкенази әнді нотаға түсіріп алды да, «Бұл әнді ертең кешке жұртшылыққа тарту ететін боламыз» дегені. Расында келесі күні Валентина Толкунова Қаратау қаласында концерт қойды. Мен осы шараға жауапты бол­ған­нан кейін кеш барысын тексеріп келгенмін. Сөйтсем, Валентина сахнадан «Жолдас директор, бүгін сіздің әніңізді орындаймыз» дейді. Залда отырып, әнді қазақ және орыс тілдерінде тыңдап, өзімді керемет бақытты сезіндім. Осы уақыттан бастап менің шығармашылығымның шарықтау шағы басталды, – дейді Алтынбек Қоразбаев журналист Қаншайым Байдәулетке берген сұхбатында. – Бірақ – мен Валентинаның сол күні айтып кеткеніне тіпті сенген жоқ едім. Менің әнімді Ресейдің өнер жұлдыз­дары орындап тұрғаны шығармашылығыма үлкен шабыт сыйлады. Ал бір ай өткен соң, ұмытпасам, қазан айында Валентина бұл әнді Алматыдағы бұрынғы Ленин, қазіргі Республика сарайында орындады. Одан кейін Алматыда 1984 жылы бүкіл Кеңес Одағы композиторларының симпозиумында да ән әйгілі әншінің орындауында шырқалды. Сол себепті де мен «Сағындым Алматымды» әнінің халыққа кеңінен таралуын Валентина Толкунованың есімімен байланыстырамын. Дегенмен де, өз ортамыздан бұл әнді Мақпал Жүнісова, Нұрғали Нүсіпжанов та өз деңгейінде жақсы орындады. Ал «МузАРТ» тобының орындауын әннің қайта тууы деп түсінемін, – дейді Алтынбек Қоразбаев. Айтқандай, Валентина Толкунова Мәскеуге оралған соң, қазақ композиторына берген уәдесінде тұрып, әнді эстрадалық-симфониялық оркестрмен айтады. 1983 жылы Одақ бойынша «Өмір әні» фестивалі Алматыда өтеді. Сол басқосуда он бес республика өнерпаздары алдында Кеңес Одағының сүйікті әншілерінің бірі «Сағындым Алматымды» нақышына келтіріп шырқайды. Ән ұзақ уақыт телеарналардан түспейді. Табиғатты қолына қалам ұстағаннан бері жырлап келе жатқан талантты ақындарымыздың бірі Серікбай Оспанов та: «Алматымды сағынғанда осы әнді тыңдап жүремін», дейді. Алматыны сағынатындар аз емес... Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ