21 Қыркүйек, 2016

Бүйрек, бауыр ауыстыру операциялары Ақтөбеде де жасалады - Б.Сапарбаев

513 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
forum-4 Соңғы 5 жылда Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласына 200 миллиард  теңгеге жуық қаржы бөлінді. Облыстың емдеу мекемелері халықаралық стан­дарттарға сай келетін аппараттармен жабдықталды. Оларды жетік меңгерген білікті мамандар болуы қажет. Сондықтан дәрігерлерді Оңтүстік Корея, Германия, Израиль, Ресей елдеріне тағылымдамадан өту­­­ге жіберіп жатырмыз деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Ол бұл жөнінде Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өткен халықаралық медици­налық форумда баяндады.

Облыста да трансплантациялық операциялар жасала бастады

Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева,  сондай-ақ, Беларусь, Израиль, Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея елдері жетекші емханаларының, республикалық ғылыми медициналық орталықтардың басшылары, медициналық кластерге кіретін Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының өкілдері қатысқан болатын. "Жыл сайын бізге көрші облыстардан 8 мыңнан астам тұрғын келіп, емделеді.  Біздің өңір республикалық ғылыми орталықтармен және халықаралық деңгейдегі емханалармен ынтымақтастықта жұмыс істеуде.  Қазір еліміздегі сияқты, облыста да бауыр, бүйрек ауыстырылады", Бердібек Сапарбаев. Форумға қатысушылар алдымен ар­­найы әзірленген көрмені аралап көрді. Көрмеге соңғы үлгідегі меди­ци­налық жабдықтар, хирургия мен трав­матологиядағы заманауи құралдар, тіпті жергілікті фармацевтикалық зауыттың фитоөнімдері қойылды. Мұнда  шетелден және көрші облыстардан келген компания­лар да өз өнімдерін ұсынды. Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша соңғы бес жылда ғана 63 денсаулық сақтау  нысаны пайдалануға берілген. Облыстағы ауруханалар мен емханаларда 8 компьютерлік және 6 магниттік-резонанстық томография, 109 УЗИ аппараты бар. Медициналық кластердің құрылуы аясында облыстағы жетекші емханаларды біріктіретін «Aktobe medical center» ауруханасын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, медициналық кластердің құрамына Ақтөбе қалалық балалар ауруханасы, ме­ди­циналық жедел жәрдем ауруханасы, «Дару» емханасы, облыстық перинаталдық орталық, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті кіреді. Қазіргі таңда Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Ал­ғашқы жәрдем» ЖШС құны 2,4 млрд теңге болатын Ақтөбе қалалық жедел жәрдем стансасының құрылысын бас­тады. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және кластер негізінде басқа нысандар салу жоспарлануда.

Жаңа цех іске қосылды

Оңтүстік Ко­рея­­ның «Синчеон Северенс» гос­пи­талінің бас директоры Ли Бен Сок "Елге барған бойда ақтөбелік дә­рігерлерді Оңтүстік Кореяда оқытып, шеберліктерін жетілдірудің  және аймақпен жаңа ғылыми-зерттеулер жүр­­гізудің бағдарламасын жасаймыз. Біз бұдан төрт жыл бұрын білікті дәрігерлерімізді Қазақстанға ота жасауға жібере бастадық. Ондай ота Ақтөбеде де жа­салды. Бұл дәстүрді биыл да жалғас­тырамыз", деді. Түрік компаниясының өкілі, доктор Абдрахман Кавунджу мемлекетаралық-жекеменшіктік әріптестік жайында баян­дады. Ол өздері салып жатқан жедел жәр­дем стансасының артықшылығын айтты. Оның мәлімдеуінше, биыл Cаll орталығы,  гараж пайдалануға беріледі екен. Форум барысында облыс орталығындағы «ТК Фарм Ақтөбе» фармацевтикалық компаниясы қатты таблетка түріндегі дәрілік заттарды өндіру цехын іске қосылды. Бұған дейін бұл компания жергілікті шөптерден жасалған сироп және капсула түріндегі дәрілік өнімдерді  шығарып келген-ді. 2012 жылы іске қосылған  компанияда дәрілік заттардың 14 түрі шығарылады. Бұдан кейін форумға қатысушылар  «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында ашылған 1200 орындық жаңа мектептегі «Денсаулық-экспресс» бағдарламалық-аппарат кешені жұмысымен танысты. Бұл Қазақстан бойынша алғаш рет осы мектепте іске қосылған заманауи қондырғы. Осы қондырғы арқылы оқушыны емханаға апармай-ақ, толық скринингтік тексеруден өткізуге болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ