21 Қыркүйек, 2016

Өнер өз топырағын өгейсінбейді

366 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
nakypbekovalar-triosy-yeleonora-pianМузыка әлемінде кең танымал апалы-сіңлілі Нақыпбековалар туралы ой-толғау Осыдан біраз жыл бұрын баспасөзде қасиетті Арқадағы бір қалада тұратыны мәлім болған Нақыпбеков дейтін ақсақал жайлы өкініш пен үміт, қызық пен қуаныш, мұң-наласы аралас көлемді мақала жарияланды. Ол кісінің дерегін білген бойда арнайы іссапармен іздеп барған газет қызметкері отағасымен ашық әңгіме-дү­кен құрып, бұған дейін жұртқа беймәлім жай-күйлерді айқындапты, көп адамның көкейіндегі күмән-күдікті сейілтердей сара­лау жасапты. Біраз мәселенің беті ашыл­ғандай бопты. Қош, мұны неге айтып отырмыз? Жер бетінде Нақыпбековтей қаймана қазақ аз ба еді? Тілші неге іздеп барды? Жауап біреу: ол адамның аты-жөні Нақыпбеков және бір кезде (қырық жылдай бұрын) қазақ өнерінің үш жұлдызы атанған аса дарынды музыканттар – апалы-сіңлілі Нақыпбековалардың туған әкесі болғаны үшін. Шыны керек, оған дейін Нақыпбековалардың аналары жайлы тиіп-қашып айтылатын да, әкелері жөнінде ешкім ештеңе демейтін. Әйтсе де, талантты қыздардың фамилия­лары Нақыпбекова емес пе? Қазақтың атын аспандатып, даңқын әлемге жаятын. Ен­деше, ондай фамилия иелері туған халқын жерге қаратпаулары лазым. Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар: Эльвира, Элеанора, Әл­фия. Ұлтжанды ма екен өздері?! Әйтеуір, орындау шеберліктері кереметтің кереметі. Үшеуі үш аспапта (трио боп) ойнайды. (Эльвира – скрипка, Элеанора – фортепьяно, Әлфия – виоленчель). Ал, енді қазір қазақ сахнасынан көрін­бей­тініне ұзақ жылдар өтіп, ешкім онша көп еске ала бермейтін, тіпті, санадан өшіп, бір­жола ұмытылды десе де болатын Нақып­бековалар жайлы неліктен сөз қозғап отырмыз? Жоғарыда айтылғандай, бірінші себеп әкелері болса, екінші себеп, олардың жас өрім кездерінде туған жер топырағында өніп-өсіп, фамилиясы Нақыпбековалар болғандықтарынан да қазақтың сол кездер­дегі жақсы-жайсаңдарының мейірім-шапа­ғатына бөленіп, ештеңеден кемтарлық көр­местен түлеп ұшулары. Сол кездегі белгілі өнер қайраткерлері оларды аялады, ішке тартты, көл-көсір материалдық көмек жасады, қиындықтардан қорғаштады, себебі, үміт артты. Және қандай үміт?! Амал не, Нақыпбековалар шетел асып кетті. Оларды сарыауыз балапан кездерінен қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай, қас-қабақтарына қарап, мәпелеп тәрбиелеген кімдер? Кімдер болсын, қазақ­тан шыққан зиялылар (демедік пе?). Нақпа-нақ, қаз-қалпында айтқанда былай: – 1964 жылы мен Қазақ КСР Оқу ми­­­­­нис­трлігі жанындағы ғылыми-мето­дикалық, музыкалы-эстетикалық кабинеттің меңгерушісі болып істеп жүрдім, – деп еске алады белгілі музыкатанушы, ғалым, профессор Пернебек Момынов. – Оқу министрі Кенжәлі Айманов, орынбасары Шиаб Сағындықов болатын. Екеуі де ұлтжанды, кеңпейіл, қайырымды, зиялы жандар еді. Бірде Күләш Байсейітова атындағы ерекше дарынды балалар оқитын онбір жылдық музыка мектебінің директоры Досымжан Тезекбаев маған келіп, бір жайды ақылдасты: «Бізге биыл Қарағандының жетіжылдық музыка мектебінен апалы-сіңлілі үш қыз келді. Үшеуі үш мамандықта, үш түрлі класта оқиды. Әкесі қазақ, шешесі татар көрінеді. Қыздардың айтуынша, семьяда келісім болмай, шешелері үш қызын алып, Алматыға көшіп келіпті. Қазір филармонияда еден жуады екен. Анасы менен үш қызды интернатқа алып, киім-кешекпен қамтамасыз етуді, не үшеуінің тамағын беріп, үйлерінде уақытша пайдалану үшін пианино сұрайды. Қыздардың үшеуі де елден ерек дарынды. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Оларға көмектесу керек. Әйтпесе, қазақ атымызға сын болады. Сол себепті, министрліктің келісімін сұрап, Шиаб Сағындықовтың атына өтініш-хат әкелдім. Осыған жәрдем ет. – Ұзамай жауабын айтамыз, – деп шығарып салдым. Ертеңіне министр К.Айманов пен орынбасары Ш.Сағындықовқа кіріп, жағдайды түсіндірдім. Олар қаржы бөлімі, мектептер басқармасының бастықтарын шақырып (мен де бармын), мәселені жедел шешті. Әкеден көмек жоқ, жалақысы жартымсыз жай жұ­мысшы болып істейтін әйелдің жартылай жетім қыздары министрлік қам­қорлығына алынып, тегін киім-кешек, үйлеріне интернат бағасымен тамақ, уақытша пианино берілетін болды. Осыларды оларға хабарлап, қыздардың оқуын қадағалау маған және мектеп басшыларына тапсырылды. Әрине, бәріміз қуандық. Министрден бастап, орынбасары, мектеп директоры Досымжан Тезекбаев бір-бірін құттықтап жатты. Мектепті үздік бітірген үш қыздың үшеуі де Мәскеу консерваториясына қиналмай түсті. Студенттік жылдарда оларға Министрлер Советінің арнаулы қаулысына сай, жетерліктей мөлшерде стипендия беріліп тұрды. Апалы-сіңлілі дарынды қыздардың оқуы Мәскеу консерваториясының тарихында да кездеспеген оқиға болған екен. Классикалық шығармаларды орындайтын трио түрлі конкурстарға қатысып, биіктен көрініп жүреді. Осындай қамқорлыққа олар қалай жауап берді, риза болып, алғыс білдірді ме? Ана­­лары да, өздері де рахмет айтуын айтты, оқуларын бітірген соң, Қазақстанға кел­ді. Өнерсүйер қауым жылы қабылдады. Қазақтың қыздары деп төбеге көтерді. Трио ретінде сахнаға шығып, теледидардан көрініп, шетелдік гастрольдерге шығып жүрді. Алда оларды зор болашақ күтіп тұрды. Әттең, бірақ... Бір жолы үшеуі Англияға гастрольдік сапармен барғанда, ең кішісі Әлфия қиқарлық танытып, сонда қалып қойды. Сол шақтағы тәртіп бойынша, бұл тек қазақ елі емес, күллі одақтың атына жағылған қара күйемен тең еді. Аяқ астынан көтерілген айқай-шу, дау-дамай өрттей қаулады. Әлфияға ие бола алмай, қолдан шығарып алған біраз адам ескерту алып, жазаға тартылды. Эльвира мен Элеанораға былайғы жерде шетелге шығу қиындады. Олардан теріс айналғандар да табылмай қалған жоқ. Әрине, бұл жақсы емес-ті. Үміт желге ұшқандай болды. Алайда, Нақып­беко­валарсыз да қазақ өнерінің таңы атып, тауығы шақыратыны да белгілі еді. Сол тұстарда қазақтың көптеген дарынды ұл-қыздары жауқазындай жайнап, өсіп-жетілу үстінде болатын. Гүлжәмила Қадір­бекова, Әлібек Дінішев, Гауһар Мыр­забекова, Айман Мұсақожаева, Жәния Әу­бәкірова, марқұм Амангелді Сембин ұлт мақтанышына айналды, олар қазір де туған халқын, қазақ өнерін әлемге әйгілеуде. Арада біршама уақыт өткенде Әлфия­ның соңынан Эльвира мен Элеанора да қыр асып кетті. Сөйтіп, қазақ зиялылары алақанда аялап, кемтарлық көрсетпей оқытып-тәрбиелеген үш қыз жатжұрттыққа айналды. Өкініш пе? Бір қарағанда солай. Студент болып жүргенде одақ атынан Ник­коло Паганини атындағы – оның туған қаласы Генуяда өткен – скрипкашылар жарысына қатысып, бесінші орынды иеленген Эльвираны өзге жаққа қию қайдан оңай болсын. Аталмыш конкурстың ережесі бойынша, 1-5 орынды иемденгендер ұлы орындаушы, композитор Паганинидің мұрағатта сақталған скрипкасымен жеке концерт беруге міндетті екен. Соған орай, Паганинидің скрипкасымен Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы «Биді» орындаған Эльвира зор табыспен оралған-ды. Апалы-сіңлілі Нақыпбековаларды күні бүгінге дейін елжірей еске алып, «қа­­рын­­дастарым» деп сөйлейтін, оларға көп шапағаты тигендердің бірі, белгілі музыкатанушы-ғалым Пернебек Момынов осылай дейді. Әлдеқашан қыр асып кеткендеріне реніш байқатпайды. Ішінде не жатқанын кім білсін, сырттай шаң жуыт­пауға құмбыл. Шүкір, халық орнында, қазақ орнында, кейбір өзгелердің қаңсығын таңсық көретіндер бар болғанмен, дарын иелері кемшін емес. Сырбай Мәу­леновтің: «Өмірдің өзенінде жылдар ағып, Ке­ле­шек келе берер жыл жаңарып, Жақын­нан кейде оны байқамасақ, Алыстан өсе берер тұлғаланып», дейтініндей, алыс-жақын­нан жарқырай бой көрсетіп, тұлғалана өсіп жатқан өрендерге көз тояды, көңіл марқаяды. Сондай-ақ, бүгінде туған елінде біреу біліп, біреу білмейтін, бар-жоғы белгісіз жағдайға жеткен Нақыпбековаларды бір­жақты кінәлаудан да аулақпыз. Өскен жердің ауасы жақпады ма, орта тарлық етті ме, кім білсін. Туған топырақта көзайым болып жү­ріп те жетер биікке жетуге болмас па еді деген ниет қой біздікі. Жалпы, мұндай нәрсе қашанда болған, бола беруі де бек ықтимал. Әріге бармай-ақ, орыс халқының қаншама айтулы тұлғалары әртүрлі себеппен шет жұрттарда ғұмыр кешіп, құсамен көз жұмғанын кім білмейді. Жазушы И.С.Тургенев, композитор С.Рахманинов, биші А.Павлова, әнші Ф.Шаляпин, т.б. дегендей. Кеңестік дәуірде елден безгендер қаншама. Ерлі-зайыпты Растропович пен Вишневская, балет бишісі Рудольф Нуриев те шетелдерге кеткен кезінде. Бір ғажабы, олар Отандарынан кеткенмен, ту­ған жерді сарғая сағынып, аңсаумен өтті. Біразы қайтып оралды, біразы екі араны жол қылып, бірде онда, бірде мұнда шауып жүр. Нақыпбековалар ше? Елді сағынар ма екен, кері оралу ойлары бар ма? Дәл бүгінгі таңда бұған онша мән бермесе де болады дер едік. Өйткені, жатжұрттық болып кеткендер жалғыз-жарым емес. Халық байлығын қалтаға басып, шетелдерді сағалап жүрген бай­шы­­кештер мен қандықол қылмыскерлерді айтпағанда, су ішкен құдығына түкіріп кеткендер аз ба? Одан да, солар кері қай­та ма, жоқ па деп неге ойланбасқа?! Тек олар бүкіл ғұмыры Францияда өткен И.С.Тургеневтің: «Россия обойдется без меня, а я без России не обой­дусь», – дегенінен хабардар ма екен? Мәселе сонда. Осылардың бәрін сараптай келгенде, кейде апалы-сіңлілі Нақыпбековаларға бүйрек бұрып, іш жылитын да кездер жоқ емес (әсі­ресе, соңғы жылдарда). Неге дейсіз бе? Бұрын болмаса да, соңғы уақыттарда өздері өсіп-өніп, үлкен өнерге жол ашқан Қара­ғанды, Алматы, Астанаға ат басын бұрып, кездесулер, қайырымдылық концерттер өткізіп тұруға әдділері жете бастағаны үшін. Рим, Париж, Милан, Лондондағы айтулы өнер мекемелерінде қазақ музыкасын насихаттап, қазақ дейтін халық барын аңдата жүргендері үшін де. Белгілі бір уақыттарда Лондонда қазақ мәдени кештерін ұйымдастыратыны туралы да айтылып, жазылып жүр. Оларды біржақты кінәлаудан аулақпыз деуіміздің бір себебі сол дер едік. Олар естелік жазады екен. Солардан аз-кем үзінді. Эльвира (үлкені): «Мәскеу консерваториясына түсердегі азабым есімнен кетпейді. Әлемге аян Леонид Коган, Давид Ойстрах секілді алыптарға скрипкадан емтихан тапсыру маған, Алматыдан келген қазақ қызына оңай болған жоқ. Менің ұстаздан жолым болған. Қарағандыда – Роман Мазанов, Алматыда – Вениамин Хесс, Мәскеуде – Игорь Безродный. Кеңестік скрипка мектебінде тәрбие алып, соның арқасында орындаушы әрі ұстаз атандым. Сіңлілерімнен ерекшелігім де сол – ұс­тазбын. Олар орындаушы ғана». Элеанора (ортаншысы): «Қазақстанда дарынды жастар көп. Оларды қолдау керек. Қазір қазақ елінде түрлі форум, симпиозиум, музыка фестивалі, жарыс, конкурстар жиі өтеді. Қазақтың дарынды өнер иелеріне шетелдерде қызығу, ынта басым. Қазақ жастарының биік деңгейден көрінулеріне мүмкіндіктер мол. Біздің әлемдік деңгейге жеткеніміз – қазақстандық және мәскеулік ұстаздарымыздың арқасы. Апалы-сіңлілі үшеуміз бір-бірімізді нәзік түсініп жұмыс істейміз. Лондонда алғаш сахнаға шыққанда көрермендер қазақтың үш қызына үлкен құрмет көрсетіп, зор қошеметпен қарсы алғанына тебірендік. Рахманинов, Чайковский, Шуман, Равель, Бах, Шостаковичтің шығармаларын орын­дағанымызда зал тік тұрып қол шапалақ­тады. Біз қазақ екенімізді ұмытпаймыз». Әлфия (кенжесі): «Қазір бүкіл әлемде өнер, мәдениет, музыкаға жол ашық. Халықтар арасында мәдени қарым-қатынас зор қарқынмен дамуда. Орындайтын шығармаларды үшеуміз бірігіп саралаймыз, триоға лайық туындыларды таңдаймыз». Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар жайлы сөзді осымен тәмамдаймыз. Қимастықпен басталып, қимас­тықпен аяқтағалы отырған әңгіме төркіні түсінікті шығар деп ойлаймыз. Елге қайтып орала ма, жоқ па, бір тағдыр білер... Зәкір АСАБАЕВ АЛМАТЫ