70 жылға жуық өмір сүрген кеңестік билік марксизмді тарихты тура түсінудің ең тиімді құралы деп иландыруға көп күш жұмсады. Олардың тұжырымында адамзат тарихы әр алуан, бірін-бірі қайталамайтын, сан қырлы құбылыстарға толы, ал жеке тұлғалардың, әлеуметтік топтардың жүріп өткен жолы одан да күрделі. Міне осыларды бір негізге келтіру арқылы марксизм ілімін насихаттаушылар адамзат дамуының ортақ заңдылығын аштық деп мәлімдеді. Ол негіз экономикалық қатынастар және қоғамның даму көзі – өндірістік күштер мен өндірістік қатынастар арасынан туындайтын қарама-қайшылықтар деп саналды. Сол базалық негіз арқылы адамзат тарихы әлеуметтік формацияларға жіктеліп қарастырылды. Бұл тұжырымдаманың өзегі – тап аралық күрес, таптардың өмірге келуі мен олардың жойылу заңдылықтары. Соның аясында ұлттардың әлеуметтік, құқықтық, мәдени, рухани теңдігі шешімін таппақ.
Бірақ марксизмнің таптық көзқарасты негізге алып қалыптастырған тұжырымдамасы уақыт тезінен өте алмады, оның біржақтылық сипатын адамзат тәжірибесі көрсетіп берді. Дегенмен, кешегі кеңестік кезеңде сол идеологиялық тұрғыдан жазылған том-том тарихи еңбектер әлі де кітап сөрелерінен кете қойған жоқ, олар белгілі дәрежеде өз қызметін жалғастырып жатыр. Өйткені, заман сұранысына лайық тәсілдемелік әдіс-құралдар арқылы жазылған жүйелі тарихи еңбектер басымдылық ала алмай отыр.
Осы ретте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан ұйымдастырылған «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгелдінің ғылыми жетекшілігімен соңғы он жыл төңірегінде жарық көрген еліміздегі тарих ғылымы үшін жаңа тұжырымдамалы бағыт болып табылатын бірқатар еңбекке көңіл аударған жөн.
Енді сол тарихи еңбектердің өткенді жаңа көзқарас тұрғысынан танудағы байыптамасын қарастырайық. Бұл ретте, тарих ғылымының философиялық негіздеріне тоқталуға тура келеді. 2000 жылы Мәскеуде «Философия социальных и гуманитарных наук» атты кітап жарық көрді. Онда «Тарих ғылымдарының философиясы» деген бөлім бар. Кітап тарихи фактілерді көп вариантты түсіндірудің онтологиялық, дереккөздік, дүниетанымдық және ар-ождандық негіздерін нанымды баяндайды. Тарихи фактінің онтологиялық негіздері тарихи болмыстың көпқырлылығы мен қайшылықтығында, ал олар өз ретінде оның дереккөздерінде, мәтіндері мен теориялық пайымдауында көрініс табады. Мәселен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы туралы түрлі мағынада жазуға болады: біреулер саяси және әскери басшылық тарапынан жіберілген көптеген қателіктер салдарынан миллиондаған адамдардың қырылғанына, енді біреулер шектен тыс әскери шығындар болғандығына, үшінші біреулер керемет жеңістер мен стратегиялық операцияларға басымдылық береді.
Сонымен қатар, тарихи оқиғаларды түсіндіру нақты бір мәдени, ұлттық, рухани, саяси ұстанымдар негізінде жүзеге асырылады. Тарихи мектептер мен тарихи тұжырымдамалар тек қана таза ғылыми мүдделер тұрғысынан қалыптаспайды, оның өмірге келуіне сондай-ақ қоғамдық, идеологиялық және рухани ұстанымдар ықпал жасайды.
Ал осы «Айтылған тарих» орталығы жариялаған еңбектердің басты ерекшеліктері туралы не айтуға болады?
Тарих авансценасына бұрын ескерусіз қалып келген әлеуметтік күш – кішкентай адам, қатардағы еңбек тұлғасы көтерілді. Яғни, тарихты түсінуде және түсіндіруде жеке адамның пікіріне, тіпті көңіл күйіне де назар аударылған. Сол себептен, қоғамдағы жеке адамның, оның ішінде бірінші кезекте өмір көрген, айтары бар еңбек адамының пікірі, көзқарасы, ұстанымы маманға берген сұхбаты арқылы тарихи фактіге айналып отыр. Кешегі тарихқа айналған социалистік қоғамдағы өмір туралы зерттеулер ендігі уақытта тек ресми құжаттарға ғана сүйенбей, сонымен бірге, ғылыми айналымға тартылған жеке қоғам мүшесінің пікіріне де сүйенетін болады. Бұл – зерттеу жұмыстарының фактілік базасы принципті өзгерістерге ұшырайды деген сөз.
Ғалымдар алған сұхбаттық материалдардың дербес танымдық маңызына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Риясыз, толыққанды сұхбаттың өзіне тиесілі ішкі қуаты бар. Себебі, сұхбат берушілер – кешегі социалистік қоғам мүшелері, бүгін олар идеологиялық қысымның, шырмаудың жоқ екендігін біледі, еркін ойдың қадір-парқын іштей болса да бағалайды.
Бұл келтірілген тұжырымдар тарих бағытының тек Қазақстан ауқымында ғана емес, жалпы ХХІ ғасырдағы ақпараттық заманда өте өзекті мәселеге айналып отырғанын көрсетеді. Шынында, қазіргі ақпараттық заманда адамдардың өз басынан өткізген тәжірибелерінің құны мен салмағы арта түсуде. Сонымен бірге, қазіргі таңда ақпарат арқылы түрлі манипуляция жасау тым жеңіл, ал ондағы шындықты айырып алу тәжірибелі зерттеушінің ғана қолынан келеді.
«Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кітапта 1918 жылы туған, Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны, Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова өзінің бір сұхбатында: «Әкем 20-жылдардың соңында тәркіленіп, бай болғаны үшін тұтқындалды. Қайда қамап қойғанын да, қашан қаза тапқанын да білмейміз. Анам, інілерім, ағаларым 32-жылғы ашаршылықтан опат болды. Отбасымдағы 15 баланың ішінен жалғыз аман қалыппын», – дейді. Ол бұдан әрі тілшінің сұрағына жауап бере келіп, былай дейді: «Сол кезде сағат жоқ, сондықтан, уақыттың қанша екені белгісіз. Әйтеуір, күн шықпай жұмысқа барамыз, ал күн шығып кетсе, «прогул» болатынын білеміз. Қызылшаны суарамыз, оның арам шөбін жұлып күтеміз. Аяғымызда түк жоқ, күні бойы жалаң аяқ суарып жүретінбіз, сондықтан аяқ-қолымыз тілім-тілім болып кетеді, оған солидол жағып қоямыз. Сөйтіп, өзіміз ем жасайтынбыз, қызылша жүйесіндегі суды лайын дәкемен сүзіп іше салушы едік. Қызылша піскен соң оны қолмен қазып аламыз, қолмен машинаға салып жинаймыз. Бір жолы жалғыз өзім 4 тонналық машинаға қызылша артып, бір күнде төрт рет апарып өткізгенім бар. Қызылшаны қоймаға жеткізген соң, өзіміз түсіреміз. Сонда жалғыз өзім барамын ғой».
«Айтылған тарих» сериясы бойынша жарық көрген еңбектерде беріліп, құжаттандырылған сұхбаттар мәтіндерінен оларды берген адамдардың трагедияға толы өмір жолы туралы заманның шынайы бет пердесін, ішкі өмірлік ұстанған құндылықтарын түсінуге мүмкіндік аласың, өйткені, әрбір баяндалған ғұмырнама сенің жан сезіміңе, жүрегіңе тиіп, санаңа қозғау салады.
Қазіргі жастардың түрлі діни секталарға, экстремистік ағымдарға ықыластарының ауып жатқандығының бірден-бір себебін философия, әлеуметтану, мәдениеттану, саясаттану, тарих, яғни әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша жазылған оқулықтардың жұтаңдығынан, толып жатқан оқу құралдарының әлсіздігінен, оқытушылардың немқұрайды жансыз әңгімелерінен іздеген жөн сияқты.
Соның ішінде тарих пәнінен даярланған оқулықтар мен өткізілетін сабақтар шынайы өмірден, оның күнделікті сұраныстарынан алыс екендігі айтылып-ақ келеді. Тарих пәні – танымдық міндетімен бірге, идеологиялық жүгі бар пән. Барлық қоғамдар мен замандарда солай болған, солай бола береді. Тарих пәнінің идеялық жүгі оның шынайылығында. Шындыққа жүгініліп жазылған тарих қана көзқарас қалыптастыруға қызмет жасай алады. Көзқарас ешуақытта тарихи фактілер мен даталарды жаттап алу жолымен емес, тарихи фактілер мен үдерістерді еркін қорыту, қорытылған маңызды фактілер мен тұжырымдарды ой әлеміне сіңіру арқылы ғана қалыптасады.
Бұл еңбектердің келесі ерекшелігі сұхбат берген адамдардың күнделікті өмірі мен тіршілігі тынымсыз қозғалыста және өзгерісте болатын уақыт арасында көрінуі, яғни, олардың киген киімі, қолданатын сөздері мен сөз саптаулары, ішкен астары, тұрмыс жағдайы, отбасы шаруашылығы өздерінің баяндаулары арқылы оқырманға жетіп, оның танымы мен талғамының қалыптасуына тікелей ықпал жасай алатынында болса керек. Яғни, «Айтылған тарих» материалдары арқылы өзін тарихи процесс арасында сезініп, өткен буындардың қажырлы да мақсатты еңбегі мен күресі арқылы бүгінгі жағдайына жеткендігін, өмір көші негізінде ұрпақаралық тарихи сабақтастықтың жатқандығын ұғыну мүмкіндігін алады.
Осы ретте кеңестік тарихнаманың ұмытылмайтын бір кемшілігі еске оралады. Онда қарастырылатын оқиға мен процестің қандай нәтижемен аяқталатындығы алдын ала белгіленген, сондықтан тарихи материалдың оқушының сана-сезіміне ықпалы төмен. Бұл жағдай математикада берілген есепті шығармай жатып-ақ оның кітаптың соңында берілген жауабын көшіріп жазған оқушыны еске салады.
Сұхбаттар берген респонденттер төрт буын өкілдері болғандықтан, тарихи процесті сол буындардың көзқарасы тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік туады. Оларды мынандай хронологиялық тұрғыдан 1918-1930, 1931-1940, 1941-1950 және 1951 жылдан кейінгі төрт буынға бөліп, қарастыруға болады. Сұхбат бергендердің қызметтеріне, тұрған қоныс жайына, аймағына қарамастан, бәріне бірдей ортақ жағдай – олардың кеңестік қоғамда өмір сүргендігі. Мейлі ол ғалым болсын, ұжым басшысы, колхозшы, совхоз жұмысшысы, үй шаруасындағы адам болсын, бәрі бірдей сол қоғамда өмір сүріп, еңбек еткен. Мәселен, 1918-1930 жылдарға тән буын өкілдері кеңестік социалистік жүйенің қалыптасуынан бастап, Азамат соғысы, тәркілеу, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс жылдарындағы қасіретті көзімен көріп, жанымен сезінген, олардың сұхбаттары соны байқатады.
Сонымен бірге, бұл жазылған еңбектер – пәнаралық тәсілдемелік ұстанымның жемісті болғандығының айғағы. Мұнда тарих ғылымында қалыптасқан әдіс-тәсілдермен қатар, ғылымның әлеуметтану, психология, философия сияқты салаларына тиесілі тәсілдемелік құралдардың кең қолданысқа түскенін байқауға болады. Сондықтан да, жоғарыда аталған еңбектер осы пәндер арқылы оқу үдерісіне және ғылыми айналымға тартылғаны жөн.
Тарихшы Мәмбет Қойгелді тарихты зерттеудегі жаңа концептуалды бағыт туралы былай деп тұжырымдайды: «Күнделікті тарих пен айтылған тарихты ғылыми тарихнаманың мүлдем жаңа бағыты және сатысы ретінде қарастыру ағаттық болар еді. Аталған екі бағыт та тарихи зерттеулерді әлеуметтендіре (социализация) түсу үрдісінің кезекті кезеңдегі көрінісі ретінде бағаланғаны жөн».
Қазіргі таңда әлеуметтік тарих жаңа мазмұнға ие болып, ендігі уақытта таптар, ірі әлеуметтік құрылым және институттармен қатар отбасы, әулет, шағын қауым сияқты әлеуметтік микроқұрылымдар тарихы да зерттеу нысанасына айналмақ.
Ілияс ӘЙТІМБЕТ,
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры
АЛМАТЫ