ғылыммен ұштасса нәтиже береді
2015 жылғы 15 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген құттықтау сөзінде Елбасы: «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды», – дей келіп, халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрғанын атап өтті.
ХХІ ғасыр – ақпараттық ғасыр, жаңа технологиялар ғасыры. Әлемдік ақпараттық технологиялар кеңістігінде жастардың жаһандық білім алуының негізінде Қазақстанның ақпараттық әлемі де заман талабына сай деңгейде дамып келеді. Бұл ақпараттық технологиялық өрлеулерімізді республикамыздың ғылым саласындағы мемлекеттік саясатының жемісі деп білеміз. Сондықтан, нақ осы салаға қызмет ету үшін құрылған біздің Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты өзінің зерттеу жұмыстарын ғасыр сипатына, ғасыр деңгейіне отандық ақпараттық-технологиялық құндылықтарымыздың сай болуын қамтамасыз етуге бағыттайды. Шаңырақ көтергеніне 25 жыл толған бұл ғылым мекемесін тәуелсіздік жемісі десе болады. Институт ұйымдастырылған күнінен бастап, ақпараттық технология және республиканы ақпараттандыру бағдарламасын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету мен басқару саласында іргелі де қолданбалы зерттеулерді жүйелі жүргізіп келеді.
Өткен жылы Елбасымыз Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасын ұсынып, онда қоғамдық дамудың барлық саласындағы атқарылар жұмысты айқындап берді. Бұл, ғылым саласына да үлкен серпіліс беріп отыр.
Енді АЕТИ-дің ғылыми қызметінің негізгі бағыттары қандай дегенге тоқталсақ, бірінші, ақпараттық және есептеуіш технологиялар; екінші, ақпараттық қауіпсіздік; үшінші, нарықтық экономикада желілік емес динамикалық жүйелердің дамуын параметрлік реттеу теориясы; төртінші, бейнелерді тану, жіктеу және шешімдер қабылдау теориясының мәселелері; бесінші, динамикалық жүйелерді оңтайландыру және оңтайлы басқару; алтыншы, күрделі объектілерді болжау мен басқарудың интеллектуалды сарапшы жүйелерін жасаудың модельдерін, әдістерін және ақпараттық технологияларын әзірлеу; жетінші, қазақ сөзін синтездеу және тану мәселелері; сегізінші, робот-техникалық жүйелер, тағы да басқа салалар бойынша іргелі зерттеулермен айналысуда.
Жиырма бес жылдың ішінде ғылыми-зерттеу институттың негізгі жетістіктеріне тоқталсақ: тепе-теңдік жай-күйі жалғыз емес динамикалық жүйелердің қозғалыс тұрақтылығы тұрғысынан жаһандық асимптотикалық орнықтылығына арналған математикалық модельдері зерттелді, бұған қоса, фазалық жүйелердің математикалық модельдері әзірленді және күрделі электрэнергетикалық жүйелердің орнықтылық, тұрақтылық және басқарушылық шарттары алынды, Қазақстан экономикасының макроэкономикалық модельдерінің жиынтығын қалыптастыру әдістері, орнықтылық және өзгермелілік жағдайлары оның көрсеткіштерін бағалау әдістерінің параметрлік реттеу теориясы ұсынылды.
Институтта жасалған тез әрекет етуі мен криптотұрақтылығы жағынан баламасы жоқ электронды цифрлық қолтаңбаны шифрлау мен қалыптастырудың отандық түпнұсқа алгоритмдерін жүзеге асыратын ақпарат қорғаудың бірегей технологиясы әзірленді, өзге де тақырыптар сараланды.
«Робот-техникалық жүйелер және машиналық бағдар» жобасының шеңберінде робот-техникалық кешен әзірленіп, құрастырылды. Оның ішінде: ғылыми мақсаттарға арналған ұялы платформа, кедергілерді орағытып өтуге арналған арнаулы ұялы робот, әскери және арнаулы азаматтық қызметтерге арналған машиналық бағдарға негізделген шынжыр табанды ұялы платформа бар.
Институтта 9 ғылыми зертхана жұмыс істейді. Олардың қатарында ақпараттық қауіпсіздік, профессор М.Айдарханов атындағы бейнелерді танып білу және шешім қабылдау, ақпараттық жүйенің ерекшелігі және теориялық модельдер, жүйені интеллектуалды басқару және болжау, математикалық кибернетика және есептеуіш технологиялар, математикалық және компьютерлік модельдеу, басқа да зертханалар бар. Қазіргі таңда сол зертханаларда өз саласын жетік білетін профессорлар мен академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттары табысты еңбек етуде.
АЕТИ ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері елімізде лайықты орнын алып қана қоймай, шетелдіктердің де назарын аударуда. Lecture Notes in Engineering and Computer Science, Advances in Systems Science and Applications, Complex Variables and Elliptic Equations, International Journal of Speech Technology, International Journal of Mathematical Analysis, т.б. шетелдік және ресейлік рейтингтік журналдардағы жарияланымдар дәлел болады.
Институт жыл сайынғы халықаралық азиялық «Күрделі жүйелерді оңтайландыру мәселелері» атты семинарды ұйымдастырушылардың бірі болып табылады.
2008 жылдан бастап жыл сайын институт ғалымдары РҒА корреспондент-мүшесі С.Кабанихин, профессор М.Ахмет, ҰҒА корреспондент мүшесі, М.Қалимолдаев «Бейжелілік жүйелерді математикалық модельдеу» атты Қазақстан-Ресей-Түркия халықаралық ғылыми семинарына бастамашы болып келеді.
Ғылыми жобалар бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орындап грантқа ие болу қажеттігі туындап отырған тұста ғалымдарға ескі сүрлеуден шығып, бәсеке бәсіне төтеп беру қажет болып тұр. Бұл істе де толғақты мәселелер баршылық. Атап айтар болсақ, ғылыми жобаларды қаржыландыру ең төменгі жағдайда десек, артық айтқандық емес. Жобаны орындауға бөлінген уақыт тым аздық етіп жатады. Кейбір жобалардың ауқымдылығы белгіленген мерзімге сәйкес келмейді. Асығыстық – шалалыққа ұрындырады. Оның үстіне жоба бойынша жұмыс атқаратын ғылыми қызметкерлер санының аздығы да зерттеу жұмысына кері әсерін тигізбей қоймайды. Ал ғылыми жобаларға жеке кәсіпкерлерді тарту, ірі компаниялармен серіктес болу жағы да кемшін соғып жатады. Себебі, өлшеулі уақытта олармен жұмыс істеуде оңайға соқпайды. Тіпті, тексеруге берілген жобалар қысқарқарып қалады. Бұл ғылыми ізденістерге кері әсерін тигізбей қоймайды.
Иә, информатика мен ақпараттық технология маңызы күн санап арта түсуде. Жекелеген адамдардың, сондай-ақ тұтас ұйымдардың, тіпті, мемлекеттің қызметі олардың ақпаратқа қол жеткізуі мен қолда бар ақпаратты тиімді пайдалану қабілеті дәрежесіне байланысты. Осыған орай, зерттеу нысаны ақпарат болып табылатын ғылымның өзектілігі барған сайын артатын болады. Соңғы жылдар ішінде институтқа көптеген жастар келді. Біздің жас ғалымдарымыздың жартысынан астамының жасы 35-ке толмаған. Институт жас ғалымдарының грант алу қызметін арттыру бойынша және оларды көрнекті ғалымдардың жетекшілігімен іске асырылатын ғылыми жобаларға тарту ісін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Жас ғалымдар өздеріне лайықталған ғылыми конкурстар мен бағдарламаларға жүйелі түрде қатысуда. Білікті кадрлар даярлаумен белсенді түрде айналысып келеміз. Мысалы, институт базасындағы магистратурада – 30, PhD докторантурада – 23 адам оқыса, олардың 5-еуі ғылыми жұмыстарын сәтті қорғады.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде 20 ғылыми және білім беру ұйымдарымен ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөнінде келісімшарттар жасалып, меморандумдарға қол қойылғанын да айта кетсек дейміз.
Ақпараттық әдістер ғылыми қызметтің барлық саласына кеңінен енгізілуде. Компьютерлік және телекоммуникациялық технологияларды ақпараттандыру, конвергенциялау, қазіргі заманғы ақпараттық жүйелерді ғылым мен білімнің салаларына кеңінен қолдануға өтуде білім алу мен оны жинақтап қорытудың, оны тарату мен пайдаланудың жаңа деңгейге көтерілуін қамтамасыз етеді. Ақпараттық қамтамасыз етудің лайықты жүйесінсіз экономика және әлеуметтік саланың ешқайсысында, оның ішінде білім беру мен ғылым саласында прогреске қол жеткізу мүмкін емес. Қазіргі заманғы әлемдік өркениеттік қоғамдастық жаңа сапалы деңгей – ақпараттық қоғамдастыққа өтуде. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатында экономиканы көтеру мәселелеріне барынша көңіл бөлінген. Оларды шешудің тиімділігі республикамызда ақпараттық кеңістік қалыптастырумен де, әлемдік ақпараттық қоғамдастыққа енуімен де тікелей байланысты. Мұндай жағдайда ғылым мен ақпараттық кеңістікті ұштастыра отырып ілгерілету қажеттігін өмір алға тартып отыр.
Өркен МАМЫРБАЕВ,
Ақпараттық және есептеуіш технологиялар
институты бас директорының орынбасары,
PhD докторы