Бүгінгі кезге дейін елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы кенжелеп қалды деген пікір қалыптасып келген болатын. Әйтсе де, қазіргі күні өндірістің бұл түрі еңсесін тіктей бастағанын көреміз. Кәне, ой таразысына салып көрейікші?! Айталық жеңіл өнеркәсіптің ең басты көрсеткіші – киім-кешек тігу ісін жолға қою үшін үлкен фабрика ашу міндеті бола қояр ма екен?! Әрине, тіпті де мұндай қажеттілік жоқ. Керісінше, бұл бағыт шағын жеке кәсіпкерлікті дамытуға өте ыңғайлы екені байқалады. Бір сүйсінерлік жағдай, Орал қаласында осы орайдағы шағын кәсіпкерлік нысандары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көктей дүркіреп өсіп келеді.
Сондай кәсіпорындардың бірі, тіпті бірі емес-ау бірегейі – «Тужилкин А.Б.» жеке кәсіпкерлігі деуге болады. Бүгінде елімізде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шапағаты мен игілігін көріп отырған шағын, орта әрі ірі бизнес иелері жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, бұл ауқымы өте жоғары бағдарлама. Киім-кешек тігуді мақсат еткен жергілікті жеке кәсіп иелері де осы бағдарлама шеңберіндегі қолдау-көмектің игілігін көре бастады. Оның бұл тармағы «Даму-Өндіріс» деп аталады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы болып табылады. Бүгінгі материалымызға арқау болып тартылған шағын нысан иелері осындай қаржылай көмектің арқасында тек соңғы бір жылдың ішінде өнім көлемін әжептәуір өсіруге қол жеткізді.
Тігін цехы арнайы киім тігуге маманданған. Бұған қоса тенттер мен брезент жабындар да тігіледі. Сонымен қатар, әскерилер мен күзет қызметіндегілерге арналған киімдерге арнайы логотиптер мен жапсырмалар салынады. Оны тігін цехының шеберлері сәндеп өрнектейді. Компания өз өнімдерін облыс аумағында өткізеді. Негізгі серіктестері бюджеттік ұйымдар мен жеке тұлғалар болып табылады.
Бұл жөнінде газет тілшісіне «Тужилкин А.Б» жеке кәсіпкерлігінің менеджері Татьяна Шевцова өз ой-пікірін былайша жеткізді.
– 2015 жылы ақпан айында аймақтық үйлестіру кеңесі жеке кәсіпкерліктің «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша алты пайыздық жеңілдікпен несиелеуді көздейтін жобаны мақұлдады. Біз осы жобаға қатысқанды жөн көрдік. Сөйтіп, несиелік қаражатқа үлкен ателье ашу үшін ғимарат, сонымен қатар цех пен ательеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұған қоса киім пішу үстелі мен тігін машиналары сатып алынып, орнатылды.
Бүгінде Оралдың екінші шағын ауданында орналасқан мекен-жайдағы жаңа тігін цехында Оңтүстік Корея өндірісшілерінен шыққан лазерлі өрнек салу машинасы жұмыс істеп тұр. Бұл техниканың көмегімен көйлек-көншектер кестеленіп әдеміленеді. Бұған қоса қажетті пішіндегі ою-өрнектер жасалады. Жобаны жүзеге асыру мақсатында ондаған жаңа жұмыс орындары құрылған.
Тігін цехындағы мамандардың көңіл күйі жоғары. Біз олармен тілдескен кезімізде тігінші бригадир Айман Сауытова былайша пікір білдірді.
– Жеке кәсіпкерлік цехында тігінші болып еңбек етудемін. Тапсырыстардың түсуіне қарай арнайы киімдер тігеміз. Жалақымыз тындырған ісімізге байланысты тұрақты түрде төленеді. Зейнетақы қорының аударымдары жөнінде де осылай дей аламын. Мұндағы жұмысым өзіме ұнайды. Ұжым мен басшылық арасында түсіністік пен өзара келісім қалыптасқан.
Міне, осылайша Оралдағы жаңа тігін цехтардың бірі қызу жұмыс үстінде.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ