Ақтөбеде Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің Ақтөбе облыстық әкімдігімен бірлесіп өткізген драма театрлардың XXIV республикалық фестивалі аяқталды. Жылда өтетін дәстүрлі өнер мерекесіне биыл 32 театр қатысуға тілек білдірсе, солардың тек 8-і ғана іріктеліп алынды.
Фестивальда бірінші болып өнер көрсеткен С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры көрермендер назарына Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастанының желісі бойынша сахналанған «Дауылпаз баба – Қожаберген» қойылымын ұсынды. Былтыр театр маусымының шымылдығын ашқан бұл қойылым Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған еді. Қоюшы-режиссер Батырбек Шамбетовтің трактовкасы бойынша спектакльде жыраудың өмірі, образы, әз Тәуке ханның әйгілі «Жеті жарғысының» қабылдануы, батыр бабалар бейнесі, іркіттей іріген қазақ руларының берекесіздігі, халық тағдыры алға тартылады. Спектакль зар заман қасіретімен бірге, жыраудың ақындығы мен батырлығын, көсемдігі мен көрегендігін суреттейді. Қожаберген рөлін сомдаған актер Нұрбол Асқаров өз кейіпкерінің мінезін, мақсат-мүддесін жақсы түсінген. Қазылар алқасы қойылымның артықшылықтары мен кемшіліктерін саралай келе, жас театрға шығармашылық бағытын айқындауға кеңес беріп, табыс тіледі.
Көрермендер мен қазылар алқасының назарына ұсынылған екінші шығарма – Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романының желісі бойынша қойылған «Мәңгүрт» спектаклі. Иә, кезінде «Ғасырдан да ұзақ күн» деген атпен мэтр-режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойғаны белгілі. Әзекеңнен кейін қырғыз жазушысының әлемдік философиясын сахналауға жүрегі дауалаған режиссерлер көп емес. Бұл жолы Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрының мәңгүрт тақырыбына батыл барғандығы сүйсінтті. Қазақ театр режиссурасындағы жаңа есім – жас режиссер Гүлназ Қамысбаева жаңа пішін іздеуге талпынған, тапқыр шешімдерге жүгінген. Актер Нұрбек Съезхан жасаған Мәңгүрт бейнесіне және Дастан Пышанов сомдаған Едіге образына қазылар алқасы жақсы баға берді. Кемшіліктер де жоқ емес. Болашақта ұжым қазылар алқасы айтқан ескертулерге көңіл бөле отырып, шығармаға әлі де терең бойлап жұмыс істесе, толыққанды көркем спектакль шығатынына күмәніміз жоқ.
Фестивальда Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының қазақ труппасы Н.Гогольдің «Үйлену» спектаклін қойды. Спектакльден жас режиссер Дина Жұмабаеваның режиссерлік ізденістерін айқын аңғаруға болады. Бұл қойылымында режиссер «әр адамның кіріп-шығатын өз есігі бар, тек өз есігіңді дұрыс таба біл...» деген идеяны алға тартқандай. Сахнада қанша кейіпкер болса, сонша есік бар. Тек сол есіктердің екі сағат бойы тынымсыз қозғалысын елестетіңізші... Дөңгелекке орнатылған декорация театрда жаңалық емес. Ал ол есіктерді ары-бері қозғалта беру қойылымға сырттай динамика бергенімен, актерлердің өз шеберліктерін көрсетуіне кедергі келтіріп жатты.
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры фестивальға Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» драмасын әкелді. Қазылар алқасы режиссер Дунай Еспаев қойған спектакльдің қай жағынан алса да деңгейі төмен екенін бірден айтты. Қорытындылауда театр артистерін кәсіби тұрғыда өсіріп, шеберліктерін шыңдау керектігіне бір ауыздан тоқталды. Бұл үшін республикамыздағы білікті режиссерлерді шақырып жұмыс істеудің, тәжірибе алмасудың тиімділігі тілге тиек етілді.
Ал Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Шие» қойылымында сахналық режиссер Сергей Потапов өзіндік режиссерлік қолтаңбасын танытып қана қоймай, ондағы әрбір актердің жеке-жеке көрінуіне, шеберліктері мен таланттарының барынша ашылуына мол мүмкіндік берген. Кейіпкерлердің тағдыры бар, өмірі бар, тіпті, бәрі де басты рөл сияқты әсер қалдырады. Режиссер кейіпкерлердің есімдерін қазақшалап алғанын кезінде түсінбегеніміз рас. Енді мұның ар жағында қоюшының классикалық шығарма арқылы бүгінгі қазақ қоғамын көрсетуді, шығарманы қазақыландыруды мақсат еткенін аңғардық. ХХ ғасырдың басында жазылған туынды бүгінгі біздің өмірімізді суреттегендей. Қойылым сценографиясы, музыка, жарық, костюм сияқты спектакль құрушы негізгі компоненттердің бәрі сәтті ойластырылған.
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ұсынған Уильям Шекспирдің «Гамлетін» режиссер Гүлсина Мерғалиева басқа қырынан көрген. О дүниелік болған патшаның топырағы кеппей жатып оның ағасы Клавдийге күйеуге шыққан королева Гертруданың бұл қылығын режиссер ақтап алғысы келеді. Патша өлді – көз жасыңды көл қылып отыратын кез емес, тез арада шешім қабылдау керек, әйтпесе тақтан да, басыңдағы бақтан да айырылып, өзің де, балаң Гамлет те өлуі мүмкін. Кез келген көреген саясаткер мұндайда жылдам әрекетке көшеді. Осы тұрғыдан алғанда, Гертруданың бұл қадамы дұрыс. Алайда, қойылымда режиссердің сол мақсаты анық көріне алмады.
Фестивальда өзге қойылымдарға ұқсамайтын ерекше туынды ретінде жастар театры ұсынған Ж.Пило және О.Шультездің «Моцарт» мюзиклін айтуға болады. Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың бұл шығармаға терең дайындықпен келгені, жанын салып жұмыс істегені байқалады. Сахнадан өте қомақты әрі көркем жұмысты көрдік. Сахнада елу шақты артист жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы – бір-бір нота. Олар – фортепианоның клавиштері. Олар – Моцарт жүрегін жарып шыққан әуеннің иірімдері. Олардың киімдерін неге пианино түймедақтары секілді ақ пен қара қылып екі түске бөле салмаған? Неге киімнің астарын – ақ, үстін қара түсті етіп үйлестірген? Мұнда, біріншіден, ақ пен қара философиясы жатса, екіншіден, екі түсті клавиштер біріккенде ғана музыка туатынын киім арқылы суреттеген. Қойылымнан сондай ойды оқыдық. Спектакльді пластикалық шешімге құру – жаңашыл режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың айнымас қолтаңбасы. Қойылымда бимен қатар, ән, хор айрықша үйлесім тапқан. Ән айтып жүріп билеу, билеп жүріп образға ену... мұның бәрі оңай емес. Моцарт рөліндегі жас актер Шерхан Талғатұлы өз кейіпкерінің жан дүниесіндегі психологиялық иірімдерін жақсы сезінген, бірақ уақытпен келетін шеберліктің аздап жетпей тұрғаны байқалды. Ал Моцарттың әкесі Леопольд Моцартты сомдаған актер Асланбек Жанұзақов пен анасы Анна Марияны бейнелеген актриса Айым Жүсіпбектің сахнадағы жұмысына қазылар алқасы ерекше тоқталды.
Республикалық неміс театры қойған Әннес Бағдаттың «Жерде (Рух)» спектакль-лекциясынан тарихты хронологиялық тұрғыда баяндаудан басқа ештеңе көре алмадық. Не драматургия жоқ, не режиссура жоқ, не актерлердің мүмкіндігін, шеберлігін, талабы мен талантын көрсетуіне мүмкіндік беретін сахна жоқ. «Мұның жанры сондай, бұл – спектакль-лекция» деп ақтауға да болмайды.
Фестиваль қорытындысында қазылардың шешімімен Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Шие» қойылымы мен жастар театры сахналаған «Моцарт» мюзиклі «Үздік қойылым» деп танылды. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының «Өкпек жолаушы» қойылымы «Тақырыптық ізденісі үшін», ал республикалық неміс театрының «Жерде» («Рух») спектаклі «Классикалық шешімі үшін» аталымымен марапатталды. Ал фестивальға конкурстан тыс қатысқан Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры орыс труппасының «Ағайдың түсі» спектаклі Алғыс хатқа ие болды. Сол сияқты Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері Кенжебек Башаров Гамлет рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі» сыйлығына лайықты деп табылды. Бұдан бөлек, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық музыкалық драма театрының режиссері Батырбек Шамбетов, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының режиссері Гүлназ Қамысбаева, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Дина Жұмабаева «Режиссерлік ізденісі үшін» жүлдесін алды.
Сәуле ӘБЕДИНОВА,
театртанушы, өнертану магистрі
АҚТӨБЕ