22 Қыркүйек, 2016

"Жамбыл облысында су мәселесін шешу жолы – су қоймаларын салу"

419 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
img_6816-1Әр топырақтың өзіндік бір ерекшелігі бар. Соған қарай әр облыстың өзіндік бір тауары, өнімі болады. Алла тағала алтын шыққан жерді белден қазсын дегендей-ақ, Әулиеата топырағына байлықты аямай бере салған ғой. Осы өңірдегі Талас, Мойынқұм және Сарысу аудандары Менделеевтің әйгілі кестесін «менікі, менікі» деп, қайшымен кесіп-кесіп, бөліп ала салған сияқты. Біздің Жамбыл облысының әкімі Кәрім КӨКІРЕКБАЕВПЕН әңгімеміз осы өңірдегі химия өнеркәсібінің қиындығы мен жетістігінен бастау алды. – Кәрім Насбекұлы, соңғы жылдары Жамбыл облысында химия саласына шындап көңіл бөліне бастады. Химия саласының алыбы – «Қазфосфат» ЖШС бүгінде 6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Енді Сарысу ауданынан орын тепкен Ресейдің «ЕуроХим» компаниясы да осы салаға бел шешіп кірісуде. Әрине,  еліміз осындай әлеуетті де алып инвесторларға зәру. Дегенмен де бәсекелестік заманында «ЕуроХимнің» жұмысының жандануы «Қазфосфаттың» тынысын тарылтып жібермей ме? Ресейлік компания жергілікті зауытты «жұтып» қоюы мүмкін бе? – Әрине, бұл сұрақ бізді де көп ойландырған. Бірақ бұл алыптардың бір-бірін жұтып қоюына ешқандай себеп жоқ деп ойлаймын. Қазір ха­лық шаруашылығында химия өнімі қол­да­нылмайтын сала сирек. Ол, әсіресе ауыл шаруашылығын өркендету үшін аса қажет. Елбасымыз Н.Назарбаев хи­мия өнеркәсібін өркендету ел эконо­ми­ка­сының қарыштап дамуына қол жеткізетін табысты іс екенін айта келіп, «Химия кластерін дамытатын кез келді. Еліміз фосфор кені жөнінен әлемде төртінші орында. Оның 15 миллиард тонна қоры барланған. Кейінгі кезде көп­теген мемлекеттер азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге күш салуда. Ауыл шаруашылығы өнімін мол өндіру үшін минералды тыңайтқыш аса қажет» деген болатын. Дәл қазір екі компания да бір-бі­ріне ешқандай кедергі келтірместен өз мін­деттерін ың-шыңсыз атқаруда. Алдын-ала жасалған болжамдарға қарағанда «Қазфосфаттың» өзіне тиесілі жерлерінде мың жылға жететін кен қорлары бар екен. Осыдан кейін компания өзінің ма­териалдық-техникалық базасын жаң­ғырту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге бар күшін салуда. Мұнысы нәтижесіз де емес. Ал, Ресейдің әйгілі минералды тыңайтқыш өндірушілерінің бірі болып табылатын «ЕуроХим» компаниясы фосфорит кенін өндіру мақсатында үш кен ошағында – Сарысу ауданындағы Көкжон кеніне қарасты Аралтөбе учас­кесінде, Кесіктөбе учаскесі және Түр­кістан елді мекені жерінде орналасқан Гим­мельфарб кен орнында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, фосфорит өнімін қайта өңдейтін химиялық кешен құрылысын жүргізді. Ең қуаныштысы, оның Жаңатас қаласының жаңаруына, тіршілігінің өрістеуіне көп септігі тимек. Нарыққа көшкен жылдары тіршілігі тұралап, енді-енді есін жинап келе жатқан кеншілер қаласының өмірін қыз-қыз қайнатуды  өз мойындарына алмақ. Қазірдің өзінде «ЕуроХим» осы ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға18 млн АҚШ долларын жұмсады. Жаңатас қаласында табиғи газ жоқ. Сондықтан «ЕуроХим» Үкіметке газбен қамтамасыз ету жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба оң шешімін тапты. Тағы бір айта кетер мәселе, Жаңатас-Түркістан бағыты бойынша теміржол құрылысы жөніндегі ТЭН дайындалып, Үкіметке ұсынылды. Сонда бұл ком­пания өнімін Таразға тасып, одан Шым­кент, Түркістанға асырып әуре бол­майды. Жаңатастан әрі қарай тіке Түр­кіс­танға жіберіп, Ресейге кетеді. 115 шақы­рымдық бұл теміржол құрылысы 700 ша­қырымдай артық жол жүруден құтқарады. Жалпы алғанда, еліміздегі химия өнеркәсібінің 30 пайызы Жамбыл облысының үлесінде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында (екінші бесжылдық) облыста жалпы сомасы 511,4 млрд теңгеге 32 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Аталған жобалардың іске қосылуы құрылыс кезеңінде 5,6 мың жұмыс орнын және іске қосылғаннан кейін 5,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. – Жамбыл облысындағы химия саласының соңғы кездегі тағы бір қиын мәселесі Қаратау қаласындағы «Talas Investment Company» ЖШС-нің жұмысы болған сияқты. Натрий цианидін шығаратын осы кәсіпорынның тірлігі бірде жүріп, бірде тоқтап, ел ішінде әртүрлі әңгіменің өрбуіне негіз болды. Тіпті, халық қалаулылары да алаң­даушылық білдірді. Осы мә­селе­нің түйінін тарқатып бере аласыз ба? – Бірден айтайын, «Talas Investment Company» ЖШС осы кәсіпті өте дер кезінде және өте қажет кезде қолға алды. Алдымен бұл кәсіпорын басшылары не үшін натрий цианидін таңдағанына тоқтала кетейік. Нарықта үлкен сұранысқа ие натрий цианиді, әсіресе алтынды керексіз қоспалардан айыруға және басқа да өнеркәсіп орындарында пайдаланылады. Қазақстанның натрий цианидіне сұранысы жылына 11,5-12 мың тонна. Еліміздің алтын өндіретін кен орындарының бәрі бұған дейін цианидті Қытай, Ресей және АҚШ-тан алған екен. Қазір бұл зауыттан шығатын цианидтің бір тоннасы 2600 АҚШ долларына бағалануда. Ал шетелден келетін цианидтің бағасы тапсырыс берушінің қолына тигенше 3500-4000 долларға дейін шарықтайды. Сөйтіп бұл кәсіпорын 2014 жылдың жазында іске қосылды. Зауыттың құ­ры­лысына 13 млрд теңгеге жуық қаржы жұм­салып, 491 адамды жұмыспен қам­тыды. Бірақ, өзің айтқандай, бірден күш алып кете алмады. Бір жыл зауытты дағдыландырудан өткізді. Сосын о баста зауыт өзбек газына негізделіп салынған екен. Бірақ соңында Бейнеудің газын қосқан кезде, оның құрамында метан төмен болып, газ қабылдайтын пунктті соған сай қайтадан соқты. Осы кезеңдерде «Бұл зауыттың болашағы жоқ екен, жұмысы енді жүрмейді екен», деген әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің шыққаны рас. Цианид – өте улы өнім. Сондықтан бұл өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де түбегейлі ойлас­тырылды. Міне, кәсіпорын құрыл­тай­шылары осынау қиын ке­зеңдерде табандылық танытып, бәрін бастан өткер­ді. Соңғы үш айдан бері зауыт тұрақты жұмыс істеп, тәулігіне 35-40 тонна өнім шығарып тұр. – Шу қаласында құрылысы қызу жүріп жатқан «Химпарк Тараз» арнаулы экономикалық аймағының бо­ла­шағынан да ел үлкен үміт күтіп отыр... – Шынын айту керек, кей кездері ел осынау «Химпарк Тараздың» қандай аймақ екенін, жалпы немен айналысады, мақсаты не екенін жақсы түсіне бермеуі де мүмкін. Қарапайым ғана тілмен айтсақ, «Химпарк Тараз» – бұл үлкен сауда орны, кәдімгі кешенді базар сияқты. Үлкен жобаларды іске асыру үшін барлық жағдайы жасалған, байланыстың барлық түрі жеткізілген сауда орны. Кел де, орын алып, жұмысыңды істей бер. Әрине, бұл – жоғары технология негізінде жаңа химия өндірісін қалыптастыруды мақсат тұтқан аймақ. Жоба толық жүзеге асса, өндіріс ошағы алып химиялық кластерге айналмақ. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы тоғыз жолдың торабы Шу қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан. Көлемі – 505 гектар. Бұл жерге бірінші кезекте зауыттарға қажетті электр энергиясы, автокөлік және теміржолдар мен су, көгілдір отын желілері тартылған. Рас, о баста бұл аймақта 16 ірі зауыт орналасады деген жоспар болған. Бірақ әлемдік қаржылық дағдарысқа байланысты қазір 5 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. 28 млрд теңге инвестиция көлемінде каустикалық сода мен хлор, үш хлорлы фосфор, глифосат, метанол өндірісі қолға алынып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. – Соңғы кездері облыста ет өңдеу және етті экспортқа шығару бағытында бірқатар тірліктер атқарылуда. Осы іс аяғына дейін жете ме? Елдің көкейінде «Бір күнде 40 тоннаға дейін ет өндіретін «Оңтүстік халал ет өнімдері» ЖШС-нің жұмысы қалыпты жүріп тұруы үшін соятын мал басын тауып бере ала ма?» деген күдік бар. – Айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім... Жасыратыны жоқ, қазір ел еттің майлы, семіз болғанын ғана емес, халал болғанын да қалайды. Яғни, ел үшін алдындағы асының адал болғаны өте маңызды. Содан болар Жамбыл облысындағы «Оңтүстік Халал тағамдары» ЖШС-нің өнімдеріне сұраныс көп. Ет өндірумен айналысатын бұл комбинат үлкен бір жобаны қолға алды. Жамбыл ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінен 20 гектар жер бөлінген бұл жобаның құны 2 млрд 378,7 млн теңгені құрайды. Толық қуатымен іске кіріскен кезде тәулігіне 40 тонна «Халал» стандартына сәйкес келетін ет өнімдерін шығаруға қауқары жететін өндіріс орнында 153 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ, ең әлеуетті мемлекеттің бірі Малайзия компаниялары да Жамбыл жерінде өңделген ет пен сүт өнімдерін шетелге экспорттап, тіпті облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруды қолға алуда. Малайзиялық кәсіпкерлер 2016-2018 жылдары 350 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құйып, үш мың бас мал әкелуді жоспарлауда. Ал, «Мойынқұм Агро» ЖШС 3000 басқа арналған бордақылау алаңы мен ет бағытындағы ірі қара өсірумен айналысатын 5000 басқа арналған репродуктор-шаруашылық құрылысын қолға алды. Бүгінгі күні серіктестік Ресей Федерациясынан 900 бас «Қалмақ» асыл тұқымды ірі қара малы мен 1200 бас жылқы әкелді. Жыл аяғына дейін 1000 бас асыл тұқымды емес  және 3000 бас асыл тұқымды ірі қара әкелу жоспарлануда. Жалпы жоба құны 5,0 млрд теңгеге жуық. Міне, «Ет өңдеу кешендеріне соя­тын мал басын қалай тауып береміз?» деген сұраққа берер жауабым осы. Осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Одан бөлек қазір малдың барлығы дерлік жекеменшіктің қолында. Мамандардың есептеуінше, жекеменшікте 3 мил­лионнан астам мал басы бар. Қазір бір тонна ет беретін малды бордақылауға 4 тонна құрамажем кетеді. 4 тонна жеміңіз әрі кеткенде 200 мың теңге тұрады. Одан бөлек шөбі, бағатын адамның ақысы бар. Ал, енді қазіргі нарықта бір тонна етті ең кемі 1 миллион теңгеге саудалайсыз. Яғни, мал бағып, ет өндіруде үлкен табыс бар. Сондықтан ет комбинаттары өте қажет. Тек ұтымды ұйымдастыра білу керек. Менің ойымша, бұл комбинаттарға мал басын жеткізуде ешқандай мәселе болмайды. Жамбыл облысы бір кездері сонау Иранға ет экспорттаған. Яғни, бұл бағытта тәжірибесі бар. Аталған ет өңдеу кешендерін қажетті етпен қамтамасыз етуді аудандарда құрылатын дайындаушы ұйымдар жүзеге асыратын болады. Осылай толық циклді ет кластері қа­лыптастырылып, алдағы уақытта қайта өңделген ет өнімдері экспортқа шыға­рылады. Мысалға, алыс ауданнан базарға мал алып келіп, оны сата алмаған шаруа не істейді? Амал жоқ, қайтадан шығынға батып, кері қайтады. Енді ондай шаруалар малдарын ет өңдеу кешендерінің арнайы ұйымдарына өткізулеріне болады. Нақты есепке жүгінсек, 2015 жылы  ірі қара мал 1991 жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға, жылқы 2 пайызға, ал ет өндіру 97,4 пайызға артты.  Қазір облыстағы мал басының 75 пайыздан астамы жеке шаруа қожалықтарда шоғырланған. – Басқа елдегі бір қаламен бауырлас болу өткен ғасырдың 90-шы жыл­дары қатты қарқын алып еді. Бүгінде Жамбыл облысы Беларусь­тің Гр­одо облысымен осындай қа­рым-қаты­нас орнатып, барыс-келіс жасауда. Шыныңызды айтыңызшы, осындай байланыстардан нақты қандай пайда бар? Екі өңірдің бау­ырластығы тек ас ішіп, аяқ босатып, бір-бірін қонақ етіп күтумен ғана шектелмеуі керек қой. – Әрине, Жамбыл облысы мен Беларусь Республикасының Гродо облысының арасындағы ынты­мақ­тастық туралы келісімшарттың астарында ең алдымен екі жақты тәжірибе алмасу, жақсы тірліктерін, үлгілі тұстарын назарға алу, өзімізде қажетке жарату сияқты іскерлік мақсат тұратыны анық. Беларусь елінің ауыл шаруашылығы саласы өте жақсы дамыған. Міне, осынау тығыз қарым-қатынастың арқасында Шу ауданындағы бұрынғы локомотив депосының базасында комбайн құрастыру ісі қолға алынды. Бұл Беларусь елінің «Лидагропроммаш» компаниясының арқасында жүзеге асты. Жақында алғашқы 4 комбайн құрастырылды. Және бұл комбайндарды «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы шаруаларға лизингке бердік. Жалпы алғанда, 2015 жылы облыс экономикасына 194,3 млрд теңге  инвестиция тартылды, бұл 1999 жылмен (2,4 млрд теңге) салыстырғанда нақты 55,5 есеге артық. – Елбасы Н. Назарбаев жалпы­ұлт­тық телекөпір барысында «Қа­зіргі уа­қытта Жамбыл облысы жел энер­ге­тикасын орнатуда алдыңғы орындар­дың бірінде деу­ге болады. Бұл тәжі­рибені барлық жерде дамыту қажет. Еңбектеріңізге рахмет», деген болатын. Шынында Жамбыл облысы  баламалы энергия көздерін дамытуда және оны пайдалануда республика бойын­ша алдыңғы орында келеді. Осы бағыт­тағы шаруалар туралы айта кетсеңіз. – Иә, расында Жамбыл облысы «жасыл экономиканы» дамытудың басым бағыты бойынша өңірлер арасында көшбасшылардың қатарында. Облыста жаңғырмалы энергия көздерінің (ЖЭК) 9 нысаны бар, жалпы қуаттылығы 114 МВт. Оның ішінде, ірі жобалардың бірі – «Бурное солар-1» ЖШС қолға алған күн электр стансасы. Жобалық құны – 50 МВт, жалпы құны – 23,2 млрд теңге. Және нысанның қуатын тағы да 50 мегаватқа ұлғайтуға квота алды. Сондай-ақ, «VISTA INTERNATIONAL» ЖШС жел энергиясын өндіру жобасы бойынша Қордай асуында әрқайсысының қуаты бір мегаваттық 37 жел энергиясы қондырғысын  орнатуды  бастады.  Белгіленген  құны  6,4 миллиард теңгенің бұл жаңа жобасы толық аяқталған кез­де, өндірілетін электр  қуаты 74 мега­ват­қа артпақ. Ең қуаныштысы, бұлар басты ұраны «жасыл экономика» болып отырған ЭКСПО-2017 көрмесінде облыста бала­малы энергия көздерін таратудағы ең тиім­­ді жобалардың бірі ретінде таныс­ты­­рыл­мақ. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық бе­ле­­сінде мақтанып айтуға тұрарлық бұл жобалардың әлі де кең қанат жаятыны сөзсіз. – Жыл сайын білім саласын қаржыландырудың өсуі, жасалған жағдайлар өз нәтижесін беріп отыр ма? – Қазіргі заман – білімдінің заманы. Өткен оқу жылында дарынды оқу­шы­ларымыз халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 68 медаль иемденіп, бесінші жыл қатарынан командалық 1-ші орынды бермей келеді. Бұл облысымыз үшін үлкен абырой әрі дарынды шәкірттеріміздің Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасаған үлкен тартуы деп білемін. Әрине, білім беру жүйесінің табысты жұмыс істеуі сапалы заманауи инфрақұрылымға байланысты. Елімізде Тәуелсіздік туы желбірегелі бері біздің облыста 92 жаңа білім нысаны іске қосылды, оның ішінде 71 мектеп, 20 балабақша, 1 колледж салынды. Бұның арқасында 46 тозығы жеткен, 8 үш ауысымды, 10 орын тапшылығы бар, 7 ыңғай­ластырылған ғимаратта орналасқан мек­тептер мәселесі шешілді. Аталған 71 мектептің 42-сі соңғы 6 жылда салын­ғанын айта кеткен жөн. Ал мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесін арттыру мақсатында өткен жылы 1190 орын ашу жоспарланса, жоспар 2 есе артық орындалып, 14 балабақша, 7 шағын орталық ашылды. Үстіміздегі жылы 6 балабақша ашылып, 390 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 3 балабақша және жергілікті бюджеттен 2 балабақшаның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде жыл басынан бері 5 балабақша ашылды. – Әрине, облыста оң жамбасқа келіп, орайын тапқан тірліктер де, әлі күнге қиюы келіспей жатқан мәсе­лелер де баршылық. Дегенмен, Кәрім Насбекұлы, облыс басшысы ретінде сізді қандай мәселе көп мазалайды? – Жамбыл облысындағы егістік жерлердің 80 пайыздайы ағын су мәселесінде көрші қырғыз еліне тәуелді болғаны көп ойландырады. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан айыр қалпақты ағайындармен алыс-беріс, барыс-келіс жылдан-жылға дамып келеді. Бірақ, кей жылдары тау басында қар аз түсіп, біз түгілі қырғыздардың өздері ағын суға жарымай, еккен егіннің күйіп кететін кезі де бар. Бұл тығырықтан шығудың бір ғана жолы – су қоймаларын көптеп салу. Міне, Қырғызстанмен шекаралас жатқан Қордай және Меркі аудандарынан 4 су қоймасын салу жөнінде жобалық-сметалық құжат жасап, Үкіметке өткіздік. Шешімін табады деген ойдамын. Жамбыл облысы – шыбық шан­шысаң шынар шығатын, топыра­ғы өте құнарлы,  ауыл шаруашылығына өте қолайлы өңір. Мемлекеттің қолдауы мен озық технологиялар­ды өндіріске енгізудің және әртарап­тан­дырудың нәтижесінде 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың көлемі 4,1 мың гектардан 91,2 мың гек­тарға, картоп 4,6 мың гектардан 8,5 мың гектарға, көкөніс 5,4 мың гек­тардан 26,1 гектарға және бақша 1,9 мың гектардан 10,1 мың гектар­ға дейін артты. 2000 жылдан бас­тап об­лыстың егіншілік саласында ауылша­руа­шылық мәндегі жерлерде су үнемдеу және ылғал сақтау технологияларын енгізу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні облыста су үнемдеу тех­нологиялары 11 мың гектарға енгізі­ліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 мың гектарға артса, ылғал сақтау техно­ло­гиясы  4,1 пайызға өсіп, 25,0 мың гек­тарды құрады. – Әулиеата жерін әңгіме ете отырып туризм мәселесін айналып өтіп кету мүмкін емес сияқты... – Әрине, осынау әулиелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан, кейінгі тарихымыздан жеткен ұзын саны 1000-нан асып жығыла­тын тарихи-мәдени мұра бар. Сәулет өнерінің ортағасырлық інжу-маржаны Айша бибі, Қарахан, Дәуітбек кесенелері, киелі Тектұрмас, Ақыртас сарай кешені, Қали Жүністің «Шығыс моншасы» секілді баға жетпес жәдігерлер Тараз қаласына ерекше көрік беріп, жылдан-жылға туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Ендігі мақсат – бұрынғы базар орнынан ашылған «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы мен археологиялық саябақ, «Мыңбұлақ» сквері, Достық үйі, ашық аспан мұражайы, бұрынғы «Шахристан» базарының орны, одан кейін жақын маңдағы Қарахан кесенесі, жалпы көлемі 20 гектарды алып жатқан осынау аумақты үлкен бір тарихи кешен жасау. Тарихы бір-бірімен астасып жатқан бұл кешен туристерді көптеп тартатыны анық. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы