Әр топырақтың өзіндік бір ерекшелігі бар. Соған қарай әр облыстың өзіндік бір тауары, өнімі болады. Алла тағала алтын шыққан жерді белден қазсын дегендей-ақ, Әулиеата топырағына байлықты аямай бере салған ғой. Осы өңірдегі Талас, Мойынқұм және Сарысу аудандары Менделеевтің әйгілі кестесін «менікі, менікі» деп, қайшымен кесіп-кесіп, бөліп ала салған сияқты. Біздің Жамбыл облысының әкімі Кәрім КӨКІРЕКБАЕВПЕН әңгімеміз осы өңірдегі химия өнеркәсібінің қиындығы мен жетістігінен бастау алды.
– Кәрім Насбекұлы, соңғы жылдары Жамбыл облысында химия саласына шындап көңіл бөліне бастады. Химия саласының алыбы – «Қазфосфат» ЖШС бүгінде 6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Енді Сарысу ауданынан орын тепкен Ресейдің «ЕуроХим» компаниясы да осы салаға бел шешіп кірісуде. Әрине, еліміз осындай әлеуетті де алып инвесторларға зәру. Дегенмен де бәсекелестік заманында «ЕуроХимнің» жұмысының жандануы «Қазфосфаттың» тынысын тарылтып жібермей ме? Ресейлік компания жергілікті зауытты «жұтып» қоюы мүмкін бе?
– Әрине, бұл сұрақ бізді де көп ойландырған. Бірақ бұл алыптардың бір-бірін жұтып қоюына ешқандай себеп жоқ деп ойлаймын. Қазір халық шаруашылығында химия өнімі қолданылмайтын сала сирек. Ол, әсіресе ауыл шаруашылығын өркендету үшін аса қажет. Елбасымыз Н.Назарбаев химия өнеркәсібін өркендету ел экономикасының қарыштап дамуына қол жеткізетін табысты іс екенін айта келіп, «Химия кластерін дамытатын кез келді. Еліміз фосфор кені жөнінен әлемде төртінші орында. Оның 15 миллиард тонна қоры барланған. Кейінгі кезде көптеген мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда. Ауыл шаруашылығы өнімін мол өндіру үшін минералды тыңайтқыш аса қажет» деген болатын.
Дәл қазір екі компания да бір-біріне ешқандай кедергі келтірместен өз міндеттерін ың-шыңсыз атқаруда. Алдын-ала жасалған болжамдарға қарағанда «Қазфосфаттың» өзіне тиесілі жерлерінде мың жылға жететін кен қорлары бар екен. Осыдан кейін компания өзінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге бар күшін салуда. Мұнысы нәтижесіз де емес.
Ал, Ресейдің әйгілі минералды тыңайтқыш өндірушілерінің бірі болып табылатын «ЕуроХим» компаниясы фосфорит кенін өндіру мақсатында үш кен ошағында – Сарысу ауданындағы Көкжон кеніне қарасты Аралтөбе учаскесінде, Кесіктөбе учаскесі және Түркістан елді мекені жерінде орналасқан Гиммельфарб кен орнында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, фосфорит өнімін қайта өңдейтін химиялық кешен құрылысын жүргізді. Ең қуаныштысы, оның Жаңатас қаласының жаңаруына, тіршілігінің өрістеуіне көп септігі тимек. Нарыққа көшкен жылдары тіршілігі тұралап, енді-енді есін жинап келе жатқан кеншілер қаласының өмірін қыз-қыз қайнатуды өз мойындарына алмақ. Қазірдің өзінде «ЕуроХим» осы ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға18 млн АҚШ долларын жұмсады.
Жаңатас қаласында табиғи газ жоқ. Сондықтан «ЕуроХим» Үкіметке газбен қамтамасыз ету жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба оң шешімін тапты. Тағы бір айта кетер мәселе, Жаңатас-Түркістан бағыты бойынша теміржол құрылысы жөніндегі ТЭН дайындалып, Үкіметке ұсынылды. Сонда бұл компания өнімін Таразға тасып, одан Шымкент, Түркістанға асырып әуре болмайды. Жаңатастан әрі қарай тіке Түркістанға жіберіп, Ресейге кетеді. 115 шақырымдық бұл теміржол құрылысы 700 шақырымдай артық жол жүруден құтқарады.
Жалпы алғанда, еліміздегі химия өнеркәсібінің 30 пайызы Жамбыл облысының үлесінде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында (екінші бесжылдық) облыста жалпы сомасы 511,4 млрд теңгеге 32 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Аталған жобалардың іске қосылуы құрылыс кезеңінде 5,6 мың жұмыс орнын және іске қосылғаннан кейін 5,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
– Жамбыл облысындағы химия саласының соңғы кездегі тағы бір қиын мәселесі Қаратау қаласындағы «Talas Investment Company» ЖШС-нің жұмысы болған сияқты. Натрий цианидін шығаратын осы кәсіпорынның тірлігі бірде жүріп, бірде тоқтап, ел ішінде әртүрлі әңгіменің өрбуіне негіз болды. Тіпті, халық қалаулылары да алаңдаушылық білдірді. Осы мәселенің түйінін тарқатып бере аласыз ба?
– Бірден айтайын, «Talas Investment Company» ЖШС осы кәсіпті өте дер кезінде және өте қажет кезде қолға алды. Алдымен бұл кәсіпорын басшылары не үшін натрий цианидін таңдағанына тоқтала кетейік. Нарықта үлкен сұранысқа ие натрий цианиді, әсіресе алтынды керексіз қоспалардан айыруға және басқа да өнеркәсіп орындарында пайдаланылады. Қазақстанның натрий цианидіне сұранысы жылына 11,5-12 мың тонна. Еліміздің алтын өндіретін кен орындарының бәрі бұған дейін цианидті Қытай, Ресей және АҚШ-тан алған екен. Қазір бұл зауыттан шығатын цианидтің бір тоннасы 2600 АҚШ долларына бағалануда. Ал шетелден келетін цианидтің бағасы тапсырыс берушінің қолына тигенше 3500-4000 долларға дейін шарықтайды.
Сөйтіп бұл кәсіпорын 2014 жылдың жазында іске қосылды. Зауыттың құрылысына 13 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалып, 491 адамды жұмыспен қамтыды. Бірақ, өзің айтқандай, бірден күш алып кете алмады. Бір жыл зауытты дағдыландырудан өткізді. Сосын о баста зауыт өзбек газына негізделіп салынған екен. Бірақ соңында Бейнеудің газын қосқан кезде, оның құрамында метан төмен болып, газ қабылдайтын пунктті соған сай қайтадан соқты. Осы кезеңдерде «Бұл зауыттың болашағы жоқ екен, жұмысы енді жүрмейді екен», деген әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің шыққаны рас. Цианид – өте улы өнім. Сондықтан бұл өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де түбегейлі ойластырылды. Міне, кәсіпорын құрылтайшылары осынау қиын кезеңдерде табандылық танытып, бәрін бастан өткерді. Соңғы үш айдан бері зауыт тұрақты жұмыс істеп, тәулігіне 35-40 тонна өнім шығарып тұр.
– Шу қаласында құрылысы қызу жүріп жатқан «Химпарк Тараз» арнаулы экономикалық аймағының болашағынан да ел үлкен үміт күтіп отыр...
– Шынын айту керек, кей кездері ел осынау «Химпарк Тараздың» қандай аймақ екенін, жалпы немен айналысады, мақсаты не екенін жақсы түсіне бермеуі де мүмкін. Қарапайым ғана тілмен айтсақ, «Химпарк Тараз» – бұл үлкен сауда орны, кәдімгі кешенді базар сияқты. Үлкен жобаларды іске асыру үшін барлық жағдайы жасалған, байланыстың барлық түрі жеткізілген сауда орны. Кел де, орын алып, жұмысыңды істей бер. Әрине, бұл – жоғары технология негізінде жаңа химия өндірісін қалыптастыруды мақсат тұтқан аймақ. Жоба толық жүзеге асса, өндіріс ошағы алып химиялық кластерге айналмақ. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы тоғыз жолдың торабы Шу қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан. Көлемі – 505 гектар. Бұл жерге бірінші кезекте зауыттарға қажетті электр энергиясы, автокөлік және теміржолдар мен су, көгілдір отын желілері тартылған. Рас, о баста бұл аймақта 16 ірі зауыт орналасады деген жоспар болған. Бірақ әлемдік қаржылық дағдарысқа байланысты қазір 5 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. 28 млрд теңге инвестиция көлемінде каустикалық сода мен хлор, үш хлорлы фосфор, глифосат, метанол өндірісі қолға алынып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
– Соңғы кездері облыста ет өңдеу және етті экспортқа шығару бағытында бірқатар тірліктер атқарылуда. Осы іс аяғына дейін жете ме? Елдің көкейінде «Бір күнде 40 тоннаға дейін ет өндіретін «Оңтүстік халал ет өнімдері» ЖШС-нің жұмысы қалыпты жүріп тұруы үшін соятын мал басын тауып бере ала ма?» деген күдік бар.
– Айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім... Жасыратыны жоқ, қазір ел еттің майлы, семіз болғанын ғана емес, халал болғанын да қалайды. Яғни, ел үшін алдындағы асының адал болғаны өте маңызды. Содан болар Жамбыл облысындағы «Оңтүстік Халал тағамдары» ЖШС-нің өнімдеріне сұраныс көп. Ет өндірумен айналысатын бұл комбинат үлкен бір жобаны қолға алды. Жамбыл ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінен 20 гектар жер бөлінген бұл жобаның құны 2 млрд 378,7 млн теңгені құрайды. Толық қуатымен іске кіріскен кезде тәулігіне 40 тонна «Халал» стандартына сәйкес келетін ет өнімдерін шығаруға қауқары жететін өндіріс орнында 153 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ, ең әлеуетті мемлекеттің бірі Малайзия компаниялары да Жамбыл жерінде өңделген ет пен сүт өнімдерін шетелге экспорттап, тіпті облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруды қолға алуда. Малайзиялық кәсіпкерлер 2016-2018 жылдары 350 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құйып, үш мың бас мал әкелуді жоспарлауда. Ал, «Мойынқұм Агро» ЖШС 3000 басқа арналған бордақылау алаңы мен ет бағытындағы ірі қара өсірумен айналысатын 5000 басқа арналған репродуктор-шаруашылық құрылысын қолға алды. Бүгінгі күні серіктестік Ресей Федерациясынан 900 бас «Қалмақ» асыл тұқымды ірі қара малы мен 1200 бас жылқы әкелді. Жыл аяғына дейін 1000 бас асыл тұқымды емес және 3000 бас асыл тұқымды ірі қара әкелу жоспарлануда. Жалпы жоба құны 5,0 млрд теңгеге жуық.
Міне, «Ет өңдеу кешендеріне соятын мал басын қалай тауып береміз?» деген сұраққа берер жауабым осы. Осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Одан бөлек қазір малдың барлығы дерлік жекеменшіктің қолында. Мамандардың есептеуінше, жекеменшікте 3 миллионнан астам мал басы бар. Қазір бір тонна ет беретін малды бордақылауға 4 тонна құрамажем кетеді. 4 тонна жеміңіз әрі кеткенде 200 мың теңге тұрады. Одан бөлек шөбі, бағатын адамның ақысы бар. Ал, енді қазіргі нарықта бір тонна етті ең кемі 1 миллион теңгеге саудалайсыз. Яғни, мал бағып, ет өндіруде үлкен табыс бар. Сондықтан ет комбинаттары өте қажет. Тек ұтымды ұйымдастыра білу керек. Менің ойымша, бұл комбинаттарға мал басын жеткізуде ешқандай мәселе болмайды. Жамбыл облысы бір кездері сонау Иранға ет экспорттаған. Яғни, бұл бағытта тәжірибесі бар. Аталған ет өңдеу кешендерін қажетті етпен қамтамасыз етуді аудандарда құрылатын дайындаушы ұйымдар жүзеге асыратын болады. Осылай толық циклді ет кластері қалыптастырылып, алдағы уақытта қайта өңделген ет өнімдері экспортқа шығарылады. Мысалға, алыс ауданнан базарға мал алып келіп, оны сата алмаған шаруа не істейді? Амал жоқ, қайтадан шығынға батып, кері қайтады. Енді ондай шаруалар малдарын ет өңдеу кешендерінің арнайы ұйымдарына өткізулеріне болады.
Нақты есепке жүгінсек, 2015 жылы ірі қара мал 1991 жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға, жылқы 2 пайызға, ал ет өндіру 97,4 пайызға артты. Қазір облыстағы мал басының 75 пайыздан астамы жеке шаруа қожалықтарда шоғырланған.
– Басқа елдегі бір қаламен бауырлас болу өткен ғасырдың 90-шы жылдары қатты қарқын алып еді. Бүгінде Жамбыл облысы Беларусьтің Гродо облысымен осындай қарым-қатынас орнатып, барыс-келіс жасауда. Шыныңызды айтыңызшы, осындай байланыстардан нақты қандай пайда бар? Екі өңірдің бауырластығы тек ас ішіп, аяқ босатып, бір-бірін қонақ етіп күтумен ғана шектелмеуі керек қой.
– Әрине, Жамбыл облысы мен Беларусь Республикасының Гродо облысының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімшарттың астарында ең алдымен екі жақты тәжірибе алмасу, жақсы тірліктерін, үлгілі тұстарын назарға алу, өзімізде қажетке жарату сияқты іскерлік мақсат тұратыны анық. Беларусь елінің ауыл шаруашылығы саласы өте жақсы дамыған. Міне, осынау тығыз қарым-қатынастың арқасында Шу ауданындағы бұрынғы локомотив депосының базасында комбайн құрастыру ісі қолға алынды. Бұл Беларусь елінің «Лидагропроммаш» компаниясының арқасында жүзеге асты. Жақында алғашқы 4 комбайн құрастырылды. Және бұл комбайндарды «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы шаруаларға лизингке бердік.
Жалпы алғанда, 2015 жылы облыс экономикасына 194,3 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл 1999 жылмен (2,4 млрд теңге) салыстырғанда нақты 55,5 есеге артық.
– Елбасы Н. Назарбаев жалпыұлттық телекөпір барысында «Қазіргі уақытта Жамбыл облысы жел энергетикасын орнатуда алдыңғы орындардың бірінде деуге болады. Бұл тәжірибені барлық жерде дамыту қажет. Еңбектеріңізге рахмет», деген болатын. Шынында Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін дамытуда және оны пайдалануда республика бойынша алдыңғы орында келеді. Осы бағыттағы шаруалар туралы айта кетсеңіз.
– Иә, расында Жамбыл облысы «жасыл экономиканы» дамытудың басым бағыты бойынша өңірлер арасында көшбасшылардың қатарында. Облыста жаңғырмалы энергия көздерінің (ЖЭК) 9 нысаны бар, жалпы қуаттылығы 114 МВт.
Оның ішінде, ірі жобалардың бірі – «Бурное солар-1» ЖШС қолға алған күн электр стансасы. Жобалық құны – 50 МВт, жалпы құны – 23,2 млрд теңге. Және нысанның қуатын тағы да 50 мегаватқа ұлғайтуға квота алды. Сондай-ақ, «VISTA INTERNATIONAL» ЖШС жел энергиясын өндіру жобасы бойынша Қордай асуында әрқайсысының қуаты бір мегаваттық 37 жел энергиясы қондырғысын орнатуды бастады. Белгіленген құны 6,4 миллиард теңгенің бұл жаңа жобасы толық аяқталған кезде, өндірілетін электр қуаты 74 мегаватқа артпақ.
Ең қуаныштысы, бұлар басты ұраны «жасыл экономика» болып отырған ЭКСПО-2017 көрмесінде облыста баламалы энергия көздерін таратудағы ең тиімді жобалардың бірі ретінде таныстырылмақ. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық белесінде мақтанып айтуға тұрарлық бұл жобалардың әлі де кең қанат жаятыны сөзсіз.
– Жыл сайын білім саласын қаржыландырудың өсуі, жасалған жағдайлар өз нәтижесін беріп отыр ма?
– Қазіргі заман – білімдінің заманы. Өткен оқу жылында дарынды оқушыларымыз халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 68 медаль иемденіп, бесінші жыл қатарынан командалық 1-ші орынды бермей келеді. Бұл облысымыз үшін үлкен абырой әрі дарынды шәкірттеріміздің Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасаған үлкен тартуы деп білемін.
Әрине, білім беру жүйесінің табысты жұмыс істеуі сапалы заманауи инфрақұрылымға байланысты. Елімізде Тәуелсіздік туы желбірегелі бері біздің облыста 92 жаңа білім нысаны іске қосылды, оның ішінде 71 мектеп, 20 балабақша, 1 колледж салынды. Бұның арқасында 46 тозығы жеткен, 8 үш ауысымды, 10 орын тапшылығы бар, 7 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан мектептер мәселесі шешілді. Аталған 71 мектептің 42-сі соңғы 6 жылда салынғанын айта кеткен жөн. Ал мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесін арттыру мақсатында өткен жылы 1190 орын ашу жоспарланса, жоспар 2 есе артық орындалып, 14 балабақша,
7 шағын орталық ашылды. Үстіміздегі жылы 6 балабақша ашылып, 390 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 3 балабақша және жергілікті бюджеттен 2 балабақшаның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде жыл басынан бері 5 балабақша ашылды.
– Әрине, облыста оң жамбасқа келіп, орайын тапқан тірліктер де, әлі күнге қиюы келіспей жатқан мәселелер де баршылық. Дегенмен, Кәрім Насбекұлы, облыс басшысы ретінде сізді қандай мәселе көп мазалайды?
– Жамбыл облысындағы егістік жерлердің 80 пайыздайы ағын су мәселесінде көрші қырғыз еліне тәуелді болғаны көп ойландырады. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан айыр қалпақты ағайындармен алыс-беріс, барыс-келіс жылдан-жылға дамып келеді. Бірақ, кей жылдары тау басында қар аз түсіп, біз түгілі қырғыздардың өздері ағын суға жарымай, еккен егіннің күйіп кететін кезі де бар. Бұл тығырықтан шығудың бір ғана жолы – су қоймаларын көптеп салу. Міне, Қырғызстанмен шекаралас жатқан Қордай және Меркі аудандарынан 4 су қоймасын салу жөнінде жобалық-сметалық құжат жасап, Үкіметке өткіздік. Шешімін табады деген ойдамын.
Жамбыл облысы – шыбық шаншысаң шынар шығатын, топырағы өте құнарлы, ауыл шаруашылығына өте қолайлы өңір. Мемлекеттің қолдауы мен озық технологияларды өндіріске енгізудің және әртараптандырудың нәтижесінде 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың көлемі 4,1 мың гектардан 91,2 мың гектарға, картоп 4,6 мың гектардан 8,5 мың гектарға, көкөніс 5,4 мың гектардан 26,1 гектарға және бақша 1,9 мың гектардан 10,1 мың гектарға дейін артты. 2000 жылдан бастап облыстың егіншілік саласында ауылшаруашылық мәндегі жерлерде су үнемдеу және ылғал сақтау технологияларын енгізу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Бүгінгі күні облыста су үнемдеу технологиялары 11 мың гектарға енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 мың гектарға артса, ылғал сақтау технологиясы 4,1 пайызға өсіп, 25,0 мың гектарды құрады.
– Әулиеата жерін әңгіме ете отырып туризм мәселесін айналып өтіп кету мүмкін емес сияқты...
– Әрине, осынау әулиелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан, кейінгі тарихымыздан жеткен ұзын саны 1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұра бар. Сәулет өнерінің ортағасырлық інжу-маржаны Айша бибі, Қарахан, Дәуітбек кесенелері, киелі Тектұрмас, Ақыртас сарай кешені, Қали Жүністің «Шығыс моншасы» секілді баға жетпес жәдігерлер Тараз қаласына ерекше көрік беріп, жылдан-жылға туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Ендігі мақсат – бұрынғы базар орнынан ашылған «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы мен археологиялық саябақ, «Мыңбұлақ» сквері, Достық үйі, ашық аспан мұражайы, бұрынғы «Шахристан» базарының орны, одан кейін жақын маңдағы Қарахан кесенесі, жалпы көлемі 20 гектарды алып жатқан осынау аумақты үлкен бір тарихи кешен жасау. Тарихы бір-бірімен астасып жатқан бұл кешен туристерді көптеп тартатыны анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы