22 Қыркүйек, 2016

Барша қазақ өз тілінде сөйлеген күні қазақ тілі қоғамы жабылады - Қайдари

415 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

abduali-kaydar-1Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдаримен әңгіме

 – Ассалаумағалейкум, Әб­дуәли аға! Хал жағ­дайы­ңыз қалай? – Уағалейкумассалам, балам!.. Аллаға шүкір! Дегенмен, қа­дам жерге бару қиын, айналасы осы үйдің ішінде ғана өмір сүріп жатырмыз. Дү­ние­де болып жатқан, толып жат­қан жаңалықты теледидар мен газет-журнал арқылы біліп тұрамын. Көп оқимын. «Егемен Қазақстан» күнде келіп тұрады. Жаңалық көп, оның бәрін білген дұрыс. 80 шә­кіртім бар еді. Аз да емес, көп те емес. Солардың бәрі бірдей үйге келіп, сәлем беріп жаңалық айта бермейді. Көбі жұмыстамыз дейді. – Соңғы келген шәкір­тіңіз? – Әнеу күні Өмірзақ (академик Айтбайұлы) келіп кетті. Қызметте ғой бәрі. Ең жақсысы бірге өскен замандас, қаламдас адамдар. Жасы 92-ге келген, ер­теден араласқан Шора Сары­баев құрдасымнан басқа бұ дүниеде ешкім қалмады. – Әбдуәли аға, қазақтың тілі дегенде сол бір жылдары басталған үлкен науқанның ең алғы шебінде өзіңіздің тұрғаныңызды біз жақсы білеміз. Сол 1989 жылы шынында да ана тіліміздің басына қауіп төніп пе еді өзі? Төнсе ол сырттан келді ме, іштен шалды ма? «Қазақ тілі» қоғамын құруға итермелеген қандай себептер? – Студент кезімнен-ақ кі­тапты тіміскілеп көп оқу­шы едім. Сондағы жиған-тер­гендерімді пікір етіп басы­лымдарға жаздым. Сөй­тіп жүргенде, зерделеп қа­расам, біздің әлемде бірнеше ірі мемлекеттің, талай импе­рия­ның тілі жоғалып кеткен екен. «Бір замандағы Хун мемлекетінің тілі, шумерлердің тілі, хазарлардың тілі, түрік империясының тілі қайда?» деген сауалдар мазалай бастады. Тілдің жоғалып кетуі – оның дамуы сияқты өмірде бар дүние. Көшеде келе жатқан атасы мен әжесі немере-шөберелерімен орысша сөйлеседі. Түк бол­мағандай. Бұл қалай? Бұл құ­былыс осылай кете бере ме, әлде тілдің жоғалуына алып келетін заңдылық па екен деген ойға баттым. Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин және басқалары осы қазақ тілінің өмірден өз орнын табуы үшін атсалысқан, үлес қосқан азаматтар. Неге? Олар қандай қауіпті сезді? Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің өзі тіл туралы 50 мақала жазыпты. Оны оқып алған соң, бізден бұрынғы тілшілер мұны байқамаған ба, әлде мән бермеген бе деп тағы күрсіндім. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында 30 жыл директорлық қызмет атқардым. Алғаш рет сол ғимаратта «Тілді қорғаушылардың басы неге қосылмайды?» деген ой жылт етті. Сөйтсем, бар болғаны аттың төбеліндей қа­зақ интеллигенциясы ғана тіл мәсе­лесімен шұғылданады екен. Бұл шоғыр тілдің дамуына еш әсер ет­пейтіні мәлім еді. «Халқым, тілім» деген азаматтардың басын қосу сол кезден басталды. Кешеуілдетпей институттағы көзі ашық деген жігіттерді жинап алдым да, қоғам құру деген мәселені көтердім. – Қазіргі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізі сол күні қаланды дейсіз ғой. Ол қай жылдың қай мерзімі, қай күні екені есіңізде қалды ма? – Әрине, қалды. Қолдамаған топтар да шықты. Олар «Ойбой, қазақ тіліне де қоғам керек пе еді?» деп бетін шымшыды. Талантты ғалым Өмірзақ Айтбайұлы бастаған көзі ашық ғалымдар мені қолдап кетті. Өмірзақтың өзі әнші ғой, табан астында ана тілі туралы ән шығарып, келесі жиналыста жұрттың алдында орындап та берді. Мәселені көтеріп Орталық комитетке Өзбекәлі Жәнібековке бардық. Обалы нешік, Өзекең бізді бірден қолдады. «Сендер үлкен бір мәселені қолдап отырсыңдар. Шамам келгенше жәрдемдесемін» деп жылы шығарып салды. Содан кейін жиын мен митинг, тіпті, конференция өткізуге ол кісінің өзі жер-жерден рұқсат алып беріп, қызу кірісіп кетті. Қолында билік бар ғой енді. Содан Өзбекәлі мен Мырзатайдың жәрдемі арқасында М.Әуезов атындағы драма театр­да алғашқы мәслихатымызды 1989 жылдың 29 қыркүйегі күні өткізіп, «Қазақ тілі» қоғамын құру туралы мәселе көтердік. Есімде қалғаны – қазақ белсенділерімен бірге Талғардан келген мұғалім, орыс жігіті біздің бастамамызды екі қолын көтере қолдап, жиналыста зор белсенділік танытты. – Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері бұл мәселеге қалай қарады? – Дүрілдеп өтіп жатқан сол жиналыстың арасындағы үзілісте холға шығып, тыныстап тұрғанбыз. Бір орыстілді, азиялық нәсілді келіншек пен корей әйелі маған жақын келіп: «А нам что делать?» – деді. Екпіндеп тұр. Құдай аузыма салды ма «Сіздер де ұлттық қауымдастық тектес мәдени ұйым құрыңыздар!» – дедім жайбарақат қана. «Қазақстандағы әрбір ұлт өзінің тілін сақтап, дәстүрін сақтауы керек емес пе?!» деп өздеріне са­уал тастадым. Иланған секілді. Көп кешікпей еліміздің әр бұрышында ұлт­тық этномәдени бір­лес­тіктер құрыла баста­ды. Бұл оқиғаны естіп, енді шетелдегі қазақ­тар сол жақта өздері қауымдасып, мәдени орталықтар құрды. Сол мәдени орталықтар дами түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Президент болған соң бұл мәселені ұлт татуластығы сипатында асқақтатып қатты көтерді. Сөйтіп, Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Айтпақшы, оның алдында болған бір жайтты ұмытып кетіп барады екенмін. Бір күні Нұрсұлтан Назарбаев мені, Өмірзақты және облыстардан келген бірқатар қоғам басшыларын өзіне шақырып, марапат жасады. Маған арнап: «Сіздің қазақ тілінің дамуы мен өркендеуіне қосқан еңбегіңіз ақталады», деп кеудеме еліміздің жоғары наградасы – «Отан» орденін тақты. Оның бәрі ұмытылмайды, есте сақталады. Біз шамамыз келгенше қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына атсалыстық, жәрдемдестік. Бүгінгі қоғам бар болғаны оның заң жүзіндегі жалғасы ғана. – Қазақ тілінің болашағы қалай деп ойлайсыз? Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жабылған күн қазақ үшін бақытты күн болуы мүмкін бе?.. – Қазір 1989 жыл емес. Қазақстан – Тәуелсіз. Халықтың дені ана тілінің қадірін түсіне бас­тады. Өткендегі соқпақпен жүрсе, ана тілінен айырылып қалатынын кейбіреулер кеш те болса ұғынды. Бірақ, әлі де елдің бәрі емес дер едім. Бірнеше ұрпағы орысша сөйлейтін қандастарымызға ауырлау, бірақ, түзелуге мүмкіндік басым. Заман жақсы. Кезінде санасы жетпегені емес, «уланғаны» үшін оларды кінәлауға мүлдем болмайды. Қазіргі қазақ тілінің тұғыры берік. Ешқандай қауіп жоқ. Біздің алғашқы құлшынып құрған «Қазақ тілі» еліміздің тарихында бәрін өзгертіп жіберді дей алмаймын, бірақ біз үлкен бетбұрыс жасадық. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі тіл саясатын қолдаймын, бағыты өте дұрыс. Көңілім толады. Өйткені, халықта бұрын-соңды бой көрсетпеген тілге деген жанашыр сезім пайда болды. Екінші сұрағыңа келсем, «Қазақ тілі» қоғамы жабылуы мүмкін, неге мүмкін емес?! Қазақтардың барлығы қазақша сөйлеген күні тіл қоғамы жабылады. Ол қазақтар үшін бақыт емес, жай ғана қуанышты күн болар еді деп санаймын. – Әңгімеңізге рахмет, Әбдуәли аға. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ