Дүбірге толы дүние
Африкада, жалпы араб елдерінде аласапыран басталғанына біраз болды. Сарапшыларды таңдандырған бір жайт: сол аласапыранның біразға дейін Ливияны аттап өтіп жатқаны еді. Қисын бойынша, қарсылық әрекеттері алдымен осы елде болса керек еді. Ақыры бұл елге де жетті. Күткендегідей өзгешелеу болып жетті. Бұл елде Муаммар Каддафидің қаталдау да жосықсыздау тәртібі күшпен тұрған. Сірә, аласапыранның бұл елге кештетіңкіреп жетуінің де сыры сонда. Билік халықтың қарсылығын көтере алмайды, жазалайтыны да белгілі. Содан да қысымды басқалардан көбірек көрсе де, ашық қарсылық әрекетке шығуға ливиялықтардың бата алмай, кібіртіктегені де шындық. Бұл елдегі билік ойын жасырған жоқ. Алғаш аласапыран Тунисте басталып, сонаң соң Египетте жалғасқанда, Каддафи сол екі елдің басшыларын қолдайтынын білдіріп, жолдаулар жіберіп жатты. Сонысымен де халық қарсылыққа шықса, аямайтынын аңғартқан. Әскерін сақадай сай дайындыққа келтірген. Әсіресе, шетелдік жалдамалыларға арқа сүйеді. Халық біразға дейін содан сескенді. Каддафидің қатыгездігінен қаймықты. Сөйтсе де, Тунис пен Египет басшылары биліктен кетуге мәжбүр болған соң, ливиялықтар да көтерілді. Биліктің халықты аямайтын қара ниетін көргенде, күреске білек сыбанып кірісті. Сонда да қарсылық әрекеттерінің басқа жерлердегідей ел астанасында емес, елдің екінші қаласы – шығыстағы Бенгази қаласында болғанының да мәні бар. Билік, ел көсемі саналатын Каддафи алғашқы сәттен-ақ жаза басты. Ол халықты күшпен қорқытуға сенді. Сол Бенгазидегі бас көтергендерге қарсы әскерді, оның ішінде шетелдік жалдамалыларды пайдаланды. Көшеге шыққан халыққа қарсы тікұшақтардан, биік үйлердің шатырларынан мергендер оқ жаудырды. Ерекше жасақталған әскери бөлімшелер мен арнаулы күштерді Каддафидің ұлдары Саади мен Хамис басқарды. Әсіресе, олар оппозиция жетекшілерін аяған жоқ. Осындай жазалау шараларының салдарынан алғашқы күндері-ақ жүздеген адам қаза тауып, жараланғандар мыңдап саналды. Мұндай жосықсыз әрекеттер халықты қорқытудан бұрын ызаландырды деген жөн. Енді ашынған халық ел астанасы Триполиде Каддафиге қарсы ашық күреске шықты. Олар әуежайды басып алып қана қоймай, басқа жерде де биліктің іс-қимылын шектеп отыр. Ел арасында да Каддафи туралы әңгіме көп. Бірде оны Венесуэлаға қашып кетті десе, бірде астана сыртындағы арнаулы бекіністе паналап жатыр дегенді айтады. Билік өкілдері оны жоққа шығарғанымен, Каддафидің халыққа сөз айтатындай шамасы қалмағаны анық. Оның орнына баласы Сейф әл-Исламның халыққа үндеу жасағаны да көп жайды аңғартқандай. Бұл да кеш айтылған сөз. Жедел реформа жасаймыз, дейді. Халықты соған көнуге шақырады. Екінші жол – соғыс, деп қорқытады. Ал ашынған халық қорқудан қалған. Сейф әл-Ислам: «Ливия Тунис те, Египет те емес», «Каддафи Мүбәрак та, Бен Али де емес, олар – нағыз тирандар, ал Каддафи – халық көсемі», деді. Халық мұндайға сенуден қалған. Ливиядағы жағдай күн сайын емес-ау, сағат сайын өзгеріп жатқанын интернет хабарынан айқын көресің. Тіпті, осы мақаланы оқып жатқаныңызда бұл елдегі жағдай мүлдем басқаша болуы әбден мүмкін. Сірә, енді бұрынғы Ливия жоқ, сондай-ақ оның Муаммар Каддафи сынды жосықсыздау ойдың жетегінде жүретін, ойына келгенді істейтін қайраткері де бола қоймас. Оның әрекеттерін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де, басқа да халықаралық ұйымдар, жетекші елдер айыптап жатыр. Мамадияр ЖАҚЫП.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше