23 Қыркүйек, 2016

Аймақтар тіл мерекесін қалай атап өтті?

2188 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
1-may-38Қазақстан халқының тілдері күні аясында республикамызды мекендейтін әртүрлі ұлт өкілдері бүгінгі таңдағы қоғамдық  келісім мен тұрақтылықтың тұтқасы – ынтымақ пен бірлік екендігін тағы да паш етті. Астана Конгресс-холл сарайында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқар­ма­сының ұйымдас­ты­руымен Қазақстан халқы тілдері фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Оған Парламент Мә­жілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен көп балалы аналар, студенттер қатысты. – Қазақстан халқы тілдері фестивалі биыл 18-ші рет өткізілуде. Мерекенің аясында, яғни қыркүйек айында көптеген мекемелер түрлі шаралар өткізді, деген Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Т.Қышқашбаев мемлекеттік тілді насихаттауға, оның дамуына ерекше үлес қосып жүрген бірнеше тіл жанашырын Астана қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Биылғы марапат Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілге, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылға, экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлына, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызына, Ш.Шаяхметов атын­дағы республикалық тілдерді дамыту орталығының дирек­торы Ербол Тілешовке, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бұрынғы арда­герлері Көпбосын Бекмағамбет пен Свет­лана Сүлейменоваға, сондай-ақ, бас­қармада он жылдан артық қызмет істеп, мемлекеттік тіл­дің өріс алуына үлес қосқан Құра­лай Ақсейітова, Талғат Ермағамбет, Айнұр Нұр­манова мен Гауһар Еленбаеваға тапсырылды. Аталған кеште Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының,  «Наз» мемлекеттік би театрының артистері, «Серпер» домбырашылар ансамблі, «Алаш» тобы өнерлерін көрсетті.  Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Алматы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Қазақ лингвистикасы: болашағы мен өзекті мәселелері» атты ғылыми конференция өтті. Оған университеттің оқытушылары мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институ­тының ғалымдары қатысты. Конферен­ция барысында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қоғамның түрлі салаларында қол­данылу барысы айтылды. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген қы­зы­ғушылығының артып келе жатқандығы, қазақ тілінің ғылым тіліне айнала бастағандығы жө­нін­де сөз қозғалды. Конференция соңында ана ті­лін ардақ тұтқан, тіл жанашырлары бо­луды мұрат еткен студент жастар тілге қатысты өз өлеңдерін оқыды.  Айгүл Аханбайқызы, «Егемен Қазақстан» Ақтау Ақтауда «Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл» атты патриоттар форумы өтті. Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, студенттер мен жастар, оқушылар және еліміздің өзге қалаларынан құрметті қонақтар қатысты. Сонау бір жылдары ел ықыласына бөленген «Үш Татьянаның» бірі Татьяна Бурмистрова да форумға арнайы шақырылыпты. Патриоттық шара Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайтуды, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы жетістіктерге үн қосуды, сон­дай-ақ осы ізгі ұстанымда жастардың үле­с­ін арттыруды, бәсекеге қабілетті қоғам мү­шесі ретінде жас буының патриоттық сезі­мін кү­шейтуді және үш тілді меңгерген жаңа буын­ның үлгілі имиджін насихаттауды мақсат етті.  Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты салтанатты шара өткізілді. Жиын бары­сында облыстық тілдерді дамыту басқар­ма­сының басшысы Гүлайым Төлебаева мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге атсалысып келе жатқан жастарға алғыс хат және сыйлықтар тапсырды. Мара­пат­тау рәсімінен кейін «Нұрлы Әлем» қоғамд­ық қоры «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауын өткізді. Бұл бәйгеде бірін­ші орынды Ақтөбе ферроқорытпа зауыты­ның диспетчері Руслан Гацаев, екінші орынды Гуманитарлық колледжінің оқушы­сы Айжан Юн, үшінші орынды Ауыл ша­руашылық коллледжінің оқушысы Валентина Мищенская иеленді. Байқаудың қорытындысы бойынша жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Көкшетау Степногорск қаласында Мәдениет және тілдерді дамыту орта­лы­ғының ұйымдастыруымен өткізілген көр­кемсөз оқу шеберлерінің байқауында Ақсу орта мектебінің 10-сынып оқушысы Татья­на Котенко үздік атанды Ол Мұқағали Мақа­таевтың «Үш бақытым» өлеңін, «Қазақстан қаһармандары» кітабынан алынған «Ғалым Шоқан» эссесін толғанысты көркемдікпен жеткізе білді. Сондай-ақ, қаланың жұмысшы кенттерінде «Тіл – достықтың дәнекері» байқауы көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе, үш тұғырлы тіл бағыты балабақша тәрбиеленушілері арасында қызы­ғу­шылық тудырды. Мә­селен, «Балдырған» балабақшасындағы «Тіл­дің мерейі – елдің мерейі» байқауына жоға­ры топтың бүлдіршіндері түгел қатыс­ты. Ал жалпықалалық бәсекеде «Коло­сок» балабақшасынан Гардей Краева, «Балдыр­ғаннан» Төлеш Әділхан мен Әлтайыр Мұқанов, «Буратинодан» Әсел Черкасова үш тілде мәнерлеп тақпақ айтуымен таңғалдырып, бірінші орынды иемденді.  Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Қарағанды Облыс бойынша 800 адам мемлекеттік тілден диктант жазды. Бұл шараға өз сауатын тексергісі келгендер ерікті түрде қатысты. «Мәтінді біз тілдерді оқыту орталығымен бірлесе отырып таңдадық. Нәтижесінде, әрқайсысы 120 сөзден тұратын үш нұсқа іріктелініп алынды. Ал диктант орталықтың аға әдіскері Жұпар Жақанова таңдаған нұсқа бойынша жазылды. Тақырып мәтініне Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және басқа да айтулы даталар арқау болды», деп атап өтті облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың аға маманы Салтанат Рахметова. Диктант «Қазтест» жүйесі бойынша тексеріледі. Оның талаптарына сай, ең жоғары ұпай 25 балға тең. Ал озаттардың қатарына қосылу үшін диктант жазушы кем дегенде 18 балл алуы керек.  Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қостанай «Мемлекеттік тіл – менің тілім» акция­сы аясында көптеген игі шаралар облыс орталығынан бастап, қалалар мен аудандарды, ауылдарды да қамтыды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы және «Социум & Я» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Тілдарын» клубының мүшелері Қостанай ауданының жастарымен кездесті. Шараны клубтың белсенді мүшелері Индира Иванова, Александра Кашелюк, Ольга Тихова мемлекеттік тілде жүргізді. Акцияның мақсаты мемлекеттік тілді насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту бол­ғандықтан, жас­тар осы тақырыптар төңірегінде пікір алмас­ты. Қызықты шараның бірі Ішкі істер министр­лігінің Қостанай оқу орталығында өтті. «Тіл – бірлігіміздің нышаны» атты шарада полицейлер «Тіл және достық» деп аталатын спорттық ойындарға, тіл сауаттылығын паш ететін шығарма, диктант жазудан, аудармадан өткен байқауға қатысты. «Жастар жарыс­ты ұнатады. Сондықтан тілге байланысты мерекелік шараның барлығы да думанды өтті. Ең бастысы, байқауға дайындалған жастардың жеңіске жетуіне мемлекеттік тіл көмектеседі» дейді Оқу орталығының директоры Т.Меңдібаев.  Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қызылорда «Достық үйіндегі» «Тіл – татулық тірегі» облыстық фестиваліне аймақтағы зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, барлық меке­ме және жоғары оқу орындарының бас­шылары, мұнай компаниялары мен этномә­дени бірлестік өкілдері, студент жас­тар мен облыстық, аумақтық мекемелердің мемле­кеттік тілге жауапты қызметкерлері қатысты. Шарада бірқатар тіл жанашырлары марапатталды. Сонымен қатар, этномәдени бір­лестіктер арасында өткізілген «Мемле­кеттік тіл – менің тілім» облыстық байқауының жеңімпаздарына да құрмет көрсетілді. Фестиваль барысында жиналған қауым­ға мерекелік шашу ретінде әзірленген концерт­тік бағдарлама ұсынылды. Этномәдени бір­лес­тіктер өздерінің ән-би өнерлерін көрсетті.  Ержан Байтілес, «Егемен Қазақстан» Павлодар «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсының жеңімпаздары анықталды. Бұл байқауға мемлекеттік қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, мейрамхана даяшылары және қаржылық ұйымдардың мамандары қатысты. Байқауға баға берушілер қатысушылардың мемлекеттік тілде сөйлеу мәнеріне, кәсіби шеберлігіне және олар әзірлеген бейнероликтің мазмұнына назар аударды. – Тіл саясатына орай тамыз және қыркүйек айларында облыс бойынша 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Ал «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» байқауын биыл алғаш рет өткіздік. Қатысуға үміт білдіргендер қатары көп болды және ұсынған материалдарының сапасы да жоғары, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Кокина. Байқау қорытындысы бойынша «Әлеу­меттік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің құжаттарды қа­былдау жөніндегі маманы Сәния Қасанова бірінші, «Еуразиялық банк» АҚ қаржы кеңесшісі Жанерке Тұрарбекова екінші, «Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облысы бойынша жетекші маманы Гүлбира Темірова үшінші орынға ие болды.  Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Петропавл Биыл өңірде Қазақстан халқы тілдерінің фес­­тивалі аясында үш жүзге жуық іс-шара өткі­зу белгіленген. «Тіл–парасат» сайысына қазақ тілін еркін меңгерген орыс жастары қатысып, үш кезең бойынша шеберлік сынасты. Үміткерлердің арасынан петропавлдық студент Галина Жу­кова ерекшеленді. Ол қазақша тамылжыта ән салып, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа оқып, оза шапқандықтан бірінші орынға лайық деп танылды. 1400-дей оқушы білім алатын, 9 этнобөлім жұмыс істейтін ұлттық өркендеу мектебінде ұйымдастырылған шара «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалының қолдауымен өтіп, мазмұндылығымен есте қалды. Байқау-сайыстардың қай-қайсысында болсын тіл–халық қазынасы, ұлттың жаны, мем­лекеттік тіл Қазақстанды Отаным деп ардақ­тай­тын әр перзенттің ортақ тілі деген мақсат нысана етілді.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Өскемен Бір ай бойы Шығыс өңіріндегі түрлі ұлттың тілі мен дәстүрін паш еткен «Отанымыз ортақ, тіліміз түрлі, тілегіміз бір» атты облыстық фестиваль ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Семейдің орталық саябағында өткен шараға Өскемен, Курчатов секілді қалалар мен Жарма, Бесқарағай, Бородулиха, Зырян, Ұлан аудандарынан арнайы келген түрлі этнос өкілдері өздерінің тарихы мен салт-дәстүріне байланысты көрмені жұрт назарына ұсынды. Шығысқазақстандық тіл жанашырлары ал­­дымен саябақтағы Шәкәрім ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. – ТМД елдері ішінде тілдер мерекесі Қа­зақ­­станда ғана тойланады. Бұл мерекенің артық­­шылығы елімізде тұратын барлық халық­­тарды жақындастырып, туыстырады, – деді облыстық «Возрождение» неміс қоғам­дық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук. Сондай-ақ, шараға жиналған жұртшы­лық­ты Семейдегі татар жексенбілік мектебінің оқытушысы Рауфа Нурлина, орыс әлеуметтік-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Надежда Козырева және тағы басқалар құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.  Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Талдықорған Талдықорғандағы Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Жиында Алматы облысында 105 этнос өкілдері бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүріп, мемлекеттік тілді жете үйренуде екендігі баса айтылды. Басқосуда этнос өкілдері мен мектеп оқушылары, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері сөз алып, мемлекеттік тілдің дамуы жайлы, бо­лашақтағы қазақ тілінің ахуалы төңіре­гінде ой өрбітіп, өз пікірлерін ортаға салды. Ал «Парасат» тіл жанашырлары клубы­ның төрағасы Игор Скоромный қазақ халқы­ның жанашырлығы мен оның қасиетті тілі­нің ғұмыры ұзақ болатынын жеткізіп, сол жолда клуб мүшелері жабыла жұмыс атқара­тындығына сенім білдірді. Нұрбол Әлдібаев, «Егемен Қазақстан» Тараз Тілдерді дамыту басқармасы тіл жанашырлары мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің және облыстағы этномәдени бірлестік өкілдерінің арасында «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өткізді. Бүгінде қасиетті Әулиеата жерінде татулығы мен бірлігі жарасқан 80-нен астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін көтеру мен маңыз­ды­лығын кеңінен насихаттау және өңірдегі түрлі этностардың ана тілдерін дамытуға қолдау көрсету, сондай-ақ еліміздегі татулық пен азаматтық келісімді нығайтуды басты мақсат тұтқан бұл іс-шара барысында бірқатар тіл жанашырлары алғыс хатпен марапатталды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Шымкент «Өзің тұрып жатқан, болашағыңды байланыстырған мемлекеттің тілін білмесең, білуге тырыспасаң, ол сенің білігіңнің, мәде­ние­тіңнің төмендігі. Оны осындағы барша ұлттар мен ұлыс өкілдері білуге тиісті». Облыста өткен «Мемлекеттік тіл» бай­қау­ында Иран этномәдени орталығының төрағасы Капар Пур осылай деді. Шымкент қалалық тілдерді оқыту орта­лығы өткізген байқауға қатысқан мемлекеттік қызметкерлер сегіз команда болып сынға түсті. Олар төрт бөлімнен тұратын сайыс барысында тіл шеберлігі, шешендік сөз өнері жағынан да өздерінің біліктілігін байқатты. Мемлекеттік тілде қолданыстағы жүрген үш жүзге жуық терминдердің мәнін тарқатты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»