23 Қыркүйек, 2016

"Тыл еңбеккерлеріне жеңілдіктері толық берілуі тиіс "

470 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туралы сөз қозғалғанда оған тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегінің арқасында қол жет­кізілгенін ашық түрде айтуға әлі күнге батылымыз бармай жүр. Балалары мен өзінің, кәрі ата-анасының аузындағы соңғы нәпақасын үзіп беріп майданға жөнелткеннің арқасында ғана солдаттың тамағы тоқ, киімі дұрыс, мылтығы оқтаулы болды емес пе? Осылардың бірі болмаса Жеңістің болуы екіталай еді. Майдан салығы бір сиырға 8 кг май, қойың жоқ болса да жүннен екі пар шұлық пен қолғап тоқып беру болғанын, оларды бермесең «халық жауы» атанып, сотталып кету қаупі туатынын да қазір біле бермейміз. Күндізгі жұмыстан шаршап келіп, май шамның ілбиген жарығымен шешелеріміз бен апаларымыз көздерінен жастары ағып, қалғып отырып, аннан-мыннан терген жүндерінен шұлық, қолғап тоқушы еді... Енді сол жандардың, «Тыл еңбеккері» деген мәртебе алғандардың еңбегін ақтап, үкімет тарапы­нан жеңілдіктер жасай алып отырмыз ба? Жоқ. Ұлы Отан соғысына қатысқандарға «Теңес­тіріл­­гендер» деп ауызбен айтып, қағазға жазып, оларды алдап қоямыз да іс жүзінде түрлі сылтаумен майдангердің алатын жәрдемі мен жеңілдігін толық түрде бермейміз. Тек мерейтойлық медальдармен ғана алдастырамыз. Олар «Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне және олармен теңестірілгендерге арналған жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдаулар туралы» Заңның 11-бабында қарастырылған 27 жеңілдіктің 5-уіне ғана қол жеткізе алады екен. Жеңілдікті толық бермесек, неге оларды майдангерге теңелдіңдер деп жалпақ дүниеге жария еттік? Осы уақытқа дейін түрлі себептермен тыл еңбеккерлеріне жеңілдікті толық бере алмасақ, ендігі уақытта беруге болады ғой. Бүгінгі таңда ресми статистика бойынша олардың саны 170 мың ғана адам екен. Орта есеппен алғанда, әрбір аймаққа 10,5 мың адамнан келеді. Майдандағы солдатты ғана қамтамасыз еткен емес, адами өмірімізді де ұзартып, ұрпақ өсіріп, кәрілерін бағып-қаққан осынау ер мінезді ерекше жандар жеңілдік бере көріңдер деп ешкімнің алдына да бара қоймайды. Денсаулықтары сыр беріп, шаршап-шалдығып жүрсе де олар қыңқ демейді. Алайда, Жеңістің отын қолдарымен қаузап, бүгінгі ұрпақты жарқын өмірге жеткізген өздері екенін жақсы біледі. Бірақ саналы ұрпақ олардың ерен еңбегін ескеруі керек қой. Қазір олардың ең жасының өзі 80-нен асып кетті, әлі де жақсы күндерді тосайық деп оларға қалай айтамыз? Экономикалық дағдарыс дегеннің бірінен шықсақ екіншісі еніп жатады, сондықтан аналарымызды қашан жарылқаймыз деп айта аламыз? Міне, осы мәселелерді айтып Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға Мәжілістің жалпы отырысын­да депутаттық сауал жолдадым. Онда Ұлы Жеңістің күні жақындап қалуына байланысты майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін әлеуметтік қолдау бойынша қандай шаралар жасала­ты­ны сұралды және тылда еңбек еткендерді майдангердің жеңілдігіне теңестіру мәселесі шешілер ме екен деген сұрақ қойылды. Әрине, министрлікке бұл іс қосымша шығын болатынын білеміз, алайда, тыл еңбеккерінің маңызын түсінген адам бұл мәселені шешер деген үміттемін. Менің сауалымды Мәжілістегі ҚКХП фракциясының барлық мүшелері де қолдап, өз қолдарын қойды. Тұрғын СЫЗДЫҚОВ, Мәжіліс депутаты