23 Қыркүйек, 2016

Ерекше автокеруен Талдықорғанға бет алды

227 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

23-09-16-almaty

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ерекше автокеруен Жетісуға қарай бет түзеді. Бұл шара «Жібек жолындағы әңгімелер – «Орталық Азия: өңір халықтарының ниеттестігі және келісімі» атты халықаралық мәдениеттану жобасы аясында жүзеге асып отыр. Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» орталығының өкілі Наталья Калашникованың айтуынша, жоба 2007 жылы басталған. Мұның негізін белгілі ғалым, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов қалаған. «Жібек жолындағы әңгімелерге» араласуға өтініш білдірушілер санының жыл сайын көбейгеніне қарап, әлем елдерінің ынтасы оянғанын байқаймыз. Әуел баста Орталық Азия елдерінің мәдени басқасуы форматында басталған шара қазіргі күні халықаралық деңгейге жетті. Биылғы жылы еуропалықтар қызығушылық танытты», – дейді Наталья Калашникова. Автокеруен Алматы облысының Кербұлақ ауданын басып өтіп, Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне тағзым етеді. Мұнан соң Ұлы Жібек жолы бағытымен танысып, жол бойындағы Шыңғысхан ордасын тіккен төбе аялдайды. Ал тізбектелген көштің түйіні Талдықорғанда өтетін мәдени конференцияда түйіледі. «Жібек жолындағы әңгімелерге» елге белгілі тұлғалар, халықаралық сарапшылар мен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келген жетекші ғалымдар қатысады. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ