25 Ақпан, 2011

Ырыс ынтымаққа жолықсын, дәулет бірлікпен толықсын

722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Биылғы Жолдау мынадай дана сөзбен басталған «Ырыс ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толы­ғады». Мен бұл сөзді былайша өрбіткім келеді: «Ырыс өздігінен ынтымаққа жолықпайды, дәулет те өздігінен бірлікпен толықпайды. Ырыстың ынтымаққа жолығуы үшін де, дәулеттің бірлікпен толығуы үшін де себеп болуы керек. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері халықаралық деңгейде өзінің тұғыр төріне батыл көтеріліп келеді. Өзге елдерден береке қашып, халықтар араздығы өршіп келе жатса, біздің елімізге, керісінше, ырыс қонып, халықтар ынтымағы жыл сайын артып, одан ары күшейе түсуде. Өзге елдерде экономикалық тоқыраулар орын алса, бізде, керісінше, дәулетіміз асып, өркениетті елдермен тереземіз теңесіп қалды. Оны дәлелдеп жатудың қажеті шамалы, елімізге ырыс қонып, дәулетіміздің артуына бірден-бір себеп – Отанымыздағы достық қарым-қатынас, түрлі бағыт­тар­дағы түсіністік, осының нәтижесінде қол жеткізіп отыр­ған әлеуметтік-экономикалық табыстарымыз. Ал осы­лардың барлығының дерлік бастауында халыққа ар­налатын жыл сайынғы жолдаулар тұрғаны тағы ақиқат. Орта білім беру жүйесінің өкілі ретінде мені Жол­даудағы осы салада жұмыс жасайтын қызметкерлердің алдына қойылған міндеттер қызықтырады. Биылғы Жолдауда орта білім беру саласын 12 жылдық модельге көшіруге дайындау және білім сапасын көтеру міндеті қойылып отыр. Негізгі назар кәсіптік-техникалық білім беруге және жоғары оқу орындарын жаңғыртуға бөлінген, яғни жоо-лардың инновациялық модельдері қалыптастырылмақ. Бұл стратегияны өз басым өте ұтымды және орта білім беру саласының дамуына үлкен түрткі болатын, оның бәсекелестік бағытында сауығуына ықпал ететін қажетті әрекет деп ойлаймын. Себебі, нарықтың заңдылығы бойынша даму болу үшін міндетті түрде бәсекелестік жағдайдың болуы шарт, ал талап етіліп отырған қарқында даму үшін бәсекелес қажет. Сон­дықтан орта білім беру саласында жұмыс жасайтын қазметкерлер мен мектеп басшыларының алдында еліміздегі 20 интеллектуалды мектепке бәсекелес бола алатындай шараларды жедел қолға алу міндеттері тұр және ол біздің қолымыздан келеді деп сенемін. Мен мектеп басшысы ретінде әр ісімде, мектепті дамытудың жобасын жасауда еліміздің даму бағдарла­маларына, стратегиялық жоспарларына арқа сүйеймін. Олар әзірге адастырған жоқ. Ерұлан ЖИЕНБАЕВ,  дарынды балаларға арналған  №92 мамандандырылған мектеп-лицей директоры. Алматы.