25 Ақпан, 2011

Мұраты – елінің қуаты

811 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Отанның, оның әрбір азаматының белгілі бір заңдар мен ережелер аясында, объек­тивті қажеттілік пен сұранысқа сай, табиғи-жүйелі ырғақпен өмір сүруін, жетілуін, осылайша адамзат өркениетіне олжа салуын қамтамасыз ететін ең бағалы мемлекеттік – құқықтық құндылық.  1711 жылы дүниеге келген Абылайдың бір мүшелге толар-толмас шағында Қазақ еліне апат қаупі төнеді, дербестігін сақтау өмір мен өлім мәселесіне айналады. Демек,  Абылай  Отан, мемлекет, тәуелсіздік тәрізді құндылықтардың парқы мен нарқын бала кезінен біліп есейді, жастай көзге түсті. Кейінде кеңесшісі Бұқар жыраудың: «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақсұңқар құстай түледің», деген сөздерді айтуы бекер емес. Абылайдың батырлық, қолбасшылық, саяси қайраткерлігі ерте ашылғанын Шоқан да қуаттайды. Абылайдың мемлекеттік істерді шешуге тікелей араласқанын 1740 жылғы Орынбор келіссөздері куәландырады. Сол жылғы 28 тамыз  бен 1 қыркүйек аралы­ғында Әбілмәмбет хан бас­қарған орта жүз делегациясы генерал-лейтенант В.­Уру­сов­пен келіссөз жүргізіп, Ре­сейдің бодандығын қа­был­дайды. Орыс шенеу­нік­терінің қолынан шыққан құжатта мынадай жолдар бар: «Абылай сұлтан ханнан гөрі сөзшең екен және шапшаң жауап береді екен: біздің іс-қылықтарымызға таң қалмаңыздар, орыстар­мен қарым-қатынасқа үй­ренеміз, бірте-бірте жақын­да­самыз, деп қалды да, тағы: үй ішінде бас киімшең отырғанымызды да түсі­ніңіздер, біздің қалыптасқан дағдымыз осылай деді. Хан да мұны құптады». Дастархан басындағы рәсім де назар аударарлық: патша ағзамның денсаулығы үшін тост айтылғанда, хан мен сұлтан бұрын әдетінде болмаған нәрседен шаршап қалғандығын айтып, патша ағзамның мейірін сезіп, шарапсыз да көңіліміз көтеріліп отыр деп, шарап ішуден бас тартыпты. Сол жолы орта жүз болашағы жайлы келіссөздер ортасында  жүрген Абылай бар болғаны 29 жаста еді. Бұдан кейінгі оқиғалар барысы да сы­наққа толы. 1741-1743 жылдарғы Жоңғария тұтқынынан босануы, оған қазақ элитасы­ның белсене араласуы, Ресей саясаткер­лерінің өз тұрғысынан мүдделілік танытуы, жоңғар билеушісі Қалдан Сереннің шешімі Абылайдың халықаралық деңгейдегі қай­раткер биігіне көтерілгенін айғақтай түседі. XVIII ғасырдың 50-ші жылдары ортасынан ауа Қытай билеушілері Абылаймен тікелей қарым-қатынас жасап, екі елдің арасындағы, өңірдегі  бейбітшілік пен тыныштық мә­селесі күн тәртібіне қойылады. Қулығына құрық байламайтын Қытай саясаты, біріншіден, Қазақ елін қарамағына алу ниетін жасырмады. Екіншіден, жоңғарлар уақытша жаулап алған қазақ жерінің қайтарыл­майтынын ескертті. Үшіншіден, кез келген сылтаумен қазақтарға қарсы қарулы күш қолдану құқығын өздерінде қалдыратынын алдын-ала паш етті. Төртіншіден, Абылай феноменін, Қазақ еліндегі биік беделін мойындады. Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтау мұратын көздеген Абылайдың сан алуан қызметінде халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат стратегиялық басымдыққа ие екенін айтуымыз қажет. Қытаймен сауда-саттықты нығайту, Ресейден қару-жарақты, өндіріс құрал-жаб­дықтарын алуды жолға қою, Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымын тұрақтан­дыру, түрлі кәсіп иелерімен және әлеуметтік қауыммен – дипломаттармен, саудагерлермен, мамандармен кездесулер, келіссөздер барысында, хат алмасу, арнайы елшілік арқылы  әрдайым талқыланып жататын. Абылайдың тапсырысы бойынша құрылған делегациялар Пекинге, Петерборға, басқа да ірі қалаларға барып, Қазақ елінің сыртқы байланыстарын байыта алды. Абылай керек кезінде көрші мемлекеттер арасындағы қайшылықты, даулы мәселе-лерді өз пайдасына жарата да білді. Бірде қарсыласына қатал, тік мінез танытса, келесіде жау жағынан да одақтас тауып, оны мол сый-сыяпатпен бауырына тарта алды. Халқының болашағы үшін Жоңғарияны айтпағанда, Қытаймен қарулы қақтығыс­тарға, соғыс әрекеттеріне дейін барғаны, Ресейге де айбар көрсетіп, шекарадағы орыс әскерін әбігерге түсіргені ұлы тұлғаның саясаттағы сұңғылалығын білдіреді. Әйт­песе, Абылай                Ресейдің, Қытайдың әскери әлеуетін, өндірістік-техникалық басымды­ғын, от қаруымен жарақтанғанын білген жоқ емес, білді. 1760-1770 жылдарда Қырғыз еліне, қоқандықтарға жорығы, Еділ қалмақ­тарын талқандауы қазақтың этникалық аумағын бекемдеуімен қатар, Қазақ елінің Еуразия кеңістігіндегі, Орталық Азиядағы беделі мен егемендігін тамаша нәтиже­лермен көмкеруге қол жеткізді. Абылай ханның билігі шарықтау шыңына жеткен, тәуелсіздік мұраты қазақтың санасы мен жүрегін билеген XVIII ғасырдың 70-ші жылдары аяғын Шоқан былайша суреттейді: «Власть Аблая в орде была упрочена накрепко, и Большая орда (в наших бумагах усунские волости) признала также его власть. Джунгары были уничтожены китайцами; торгоуты, разграбленные киргизами, особенно самим Аблаем, кое-как дотащились до Или, где и попались в хитрые сети китайской политики. Яицкие казаки, обессиленные пугачевским бунтом и принятые в руки правительства, не могли делать самовластных вторжений; оставались врагами киргизов только хитрые буруты и отчасти среднеазиатские владельцы, стремившиеся к отторжению от киргизских султанов Туркестана, Сузака, Сайрама и других городов между Чу и Ташкентом. Вера и убеждение в сверхъестественую силу, которая руководила Аблаем, дала киргизскому народу небывалую отважность». Дегенмен, мемлекеттің халықаралық аре­надағы қарымы елішілік ахуалмен анықта­латынын жоққа шығару мүмкін емес. Абылай тарих сахнасына көтерілген тұстағы Қазақ хандығы, біріншіден, бұрынғыдай орталық­танған мемлекет емес еді, екіншіден, ресми дәйектелген билік вертикалы мен әкім­шілік-аумақтық жүйесі болған жоқ, үшін­шіден, жалпыға бірдей міндетті заң шығару­шы, атқарушы, сот биліктері әлсіреп, олардың функциясын хан, ханға жақын жекелеген адамдар атқарды, яғни билік өкілеттігі  мен құқық пәрменділігі бір ізге түсірілмегендіктен қоғам­ның ұйысуы, бәсекеге қабілеттілігі қиыншы­лықтарға тап болды. Төртіншіден, 1723-1726 жылдарғы апат зардабынан мем­лекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани өмірін уақыт үдесіне сай жаңғырту мүмкіншілігі тарылды. Заң күшімен бекітілген әкімшілік-аймақтық бірлестіктер түзілмегендіктен жергілікті өзін-өзі басқару мен орталық мемлекеттік билік арасындағы байланыс танымал жандар ар­қылы көбінесе рулық-тайпалық қатынастар сипатында өрбіді. Нәтижесінде халықтың негізгі дені ресми биліктен жазбаша пәрмен күткеннен гөрі ауылдағы сұлтанға, биге, батырға, тарханға, қожаға, рубасы мен ақсақалға жүгінумен өмірлік қажеттіліктерін шеше берді. Тікелей халықтық демократия ұстанымы мен құндылықтары XVIII ғасырда Қазақ хандығындағы биліктің пішінін, маз­мұнын осылайша анықтап жатты. Ең бастысы – Керей мен Жәнібектен беріде, Тәуке хан дүниеден озғанша ұлт мемлекеттілігі мен билік жүйесіне тән ерекшеліктер қалыптасқан еді. Бірнешеуін атап өтсек, олар: біріншіден, теңіздей тулаған тарих толқынында дүниеге келген Қазақ хандығы мемлекет ретінде алғашқы күннен іштей жетіле түсті, көрші елдермен бәсекеге төтеп берді. Ол экономикалық қуатының артуымен, халық санының ұлғаюымен, аумақтық кеңеюімен көмкерілді. XVI ғасырдың жазба дерегі «Бадаи ал-Вакаи» хандықты «Қазақстан» деп атағаны мемлекеттің бұрынғыдан нығайғанын әрі этникалық сипатын көрсетсе керек. Іргелес жоңғар мен қытай да, қырғыз бен өзбек те, ноғай мен орыс та қазақ хандығының кү­шеюіне қарсыласпаса, септескен емес. Қайта бірен-саран моғолдар мен ноғайлар Қазақ мемлекетімен бәсекелесуге шыдамай, қоныс аударуға мәжбүр болды. Демек, XV-XVII ғасырлар аясындағы қазақ билеушілері халық мүддесінен, уақыт үдесінен шыққаны тарихи ақиқат. Екіншіден, мемлекетті, тәуелсіздікті ны­ғай­туда қазақ халқының бірлігі шешуші рөл атқарды. Тарихи тамыры Сақ дәуірінде жатқан мемлекет құраушы ұлттың тұтастығы, сандық және сапалық өсуі мен жоғары қасиеттері қилы тағдырмен қазақтар құрамына кірген түркілік, түркілік емес этностарды – моғол­дарды, ноғайларды, арабтарды, т.б. тегіс қазақтандырып жіберді. Мемлекеттің басқару жүйесі қарымсыз, билеушілері қауқарсыз болса, халықтың тұтасуы, басқалардан даралануы жүзеге аспас еді. Үшіншіден, Қазақ хандығы Еуропа мемлекеттері күрт көтерілген, күш алған, Америка мен Африка құрлықтарын отарлауға кіріскен, Ұлы  Жібек жолы құлдырауға бет алған тұста дүниеге келіп, әлемдік сынаққа бірден килікті. Бұл да ұлттық мемлекеттігіміздің шыңдала түсуіне тікелей әсер етті. Төртіншіден, XV-XVII ғасырларда билік жүйесі тармақталып, заң шығару, атқару және сот салалары орнықты. Басқаға ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері де бар еді. Ол – адам бостандығы мен өмірінің мейлінше жоғары бағалануы. Билік жүйесі бірінші кезекте байлық пен меншікке емес, рулық, қауымдық өмір салтына, жеті ата идеологиясын ұстанған адам мүддесіне қызмет етті, ал әрбір қазақ өзін руынан жоғары да, руынан тыс та қоюдан аулақ тұрды. Әлеуметтік ұйымдасудың таптық, антагонистік негізден гөрі рулық-тайпалық қатынастарға құрылуы және тармақталған билік жүйесінің қызметі бір-бірімен үндесіп жатты. Бесіншіден, билік, адам, құқық қарым-қатынасы алғашқыда салт-дәстүрмен реттеліп, кейінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы», ислам дінінің, тәңірілік дүниета­ным­ның қағидалары аясында өрбіп, демо­кратияның ұлттық моделін қалыптастырды. Адамның өмірі, бостандығы мен бас еркі дала демократиясының өзегін құрады. Билер институты шешімінің хан жарлығымен бірдей дәрежеде атқарылғаны, шешендік өнердің биік мәртебесі, сөзге тоқтау осыған айғақ. Әрине, бұл утопистер мен марксистер орнатуды арман­даған­дай әлеуметтік біртекті, қауымдар мен азаматтар арасында сый­ластық пен үйлесім толық салтанат құрған, материалдық игілікті «әркімге еңбегіне қа­рай, әркімнен қабіле­тіне қарай» теңдей бөлген қоғам емес-тін. Қайшылығы да, қақ­ты­ғысы да бір өзіне жетіп жатты. Ол қазақ мемлекетін классика­лық дәрежеге көтерген Тәуке ханға дейін де, Тәуке ханнан кейін де байқалған еді. Айта­лық, Бұрындық хан тақта отырған кездің өзінде-ақ Қасым сұл­танның атақ-абыройы ерекше артып, түптің түбінде Бұрындықтың елден кетуіне әкелді (XVI ғ.). Мемлекет билеушілері арасында таққа талас болмаса, Марғасқа жыраудан (XVII ғ.) қалған: «Ей, Қатағанның хан Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын, Еңсегей бойлы Ер Есім Есігіңде келіп тұр: Алғалы тұр жаныңды, Шашқалы тұр қаныңды!» –  деген жолдар бүгінгі күнге жетер ме еді? Ауыз әдебиетінде сақталып қалған осынау қақтығыс тарихы жазбаша деректермен дәлелденіп отыр: 1628 жылы Есім хан Ташкентті билеп тұрған Тұрсын ханның басын алады. Бірақ, тұтастай шол­ғанда, қазақ мемлекеттілігі «Ақтабан шұбы­рынды, алқакөл сұлама» заманға дейін сыртқы жауларына дес бермегені, ел ішінде қоғамдық келісімді, халықтың егемендігін, биліктің тепе-теңдігін сақтай алғаны ақиқат. Алтыншыдан, билік, құқық және азаматтар арасында орныққан ақниет ізгілік пен дала демократиясы қоғамның тұрақты да күш жинай дамуына септесті. Өйткені, адам еркін­дігінің шамадан тыс шектелмеуі, қауымдық жауапкершіліктің жеке адам тағдырын анық­таудағы шешуші рөлі, басқару аппара­тының ықшамдығы, жергілікті өзін-өзі басқарудың қауымдық мүддеге жегілуі қайшылықтарды асқындырмай, халықты ашындырмай, мемле­кеттің тұрақтылығын арттырды. «Ақтабан шұбырындыдан» соң осылардың бәрі сыр берді, дағдарысқа түсті. Алғашқыда дағдарысқа негіз жоқтай көрінді. 1716 жылы орта жүздің ханы болып Қайып сайланды, 1718 жылы Әбілқайыр кіші жүзге хан болды. Бұл Қазақ хандығының ыдырауы емес еді. Абай айтқандай, «әр жүздің халқы өз ынты­мағыменен бір туысқанға есеп болыпты». Тіпті кеңестік тарихнама дәлелдеуге тырысқан­дай, қоғамдағы дағдарыстың, сепаратистік қозғалыстың, көрші мемлекеттер арандатуы­ның да нәтижесі емес, тарихи дамуындағы өзіндік биік сатысына көтерілген ұлттық мем­лекетіміздің шаруашылық, саяси, аймақтық қажеттігінен туған объективті құбылыс болатын. Бұл жерде даму тезисін бекер алға тартып отырған жоқпыз. Этникалық, саяси, шаруашылық-мәдени тұрғыдан келсек, тарихи даму дегеніміз, біздің ойымызша, шыққан тегінен, бастау бұлағынан, арнасынан сабақ­тастығын үзбеген, мәнді байланысы мен қаты­насын сақтаған қоғам құрылымы, функциясы, әлеуеті өзгеше жаңа құбылыстардың табиғи-ырғақты түрде дүниеге келіп орнығуы. Сабақтастық пен жаңа құбылыстар табиғи-ырғақты негізде және уақыт пен кеңістіктегі қажеттілікке сай заңдылықтар аясында өріл­генде тарихтағы, этнос болмысындағы, әсіресе рухани әлеміндегі тұтастықты бір дәуірден екінші дәуірге жалғайды. Әр дәуірдің өзіне лайық іштей жетілуі, жаңа құбылыстардың тереңдей түсуі, құрылымдық, өңірлік ерек­шеліктердің бедерленуі болатыны түсінікті жайт. Ендеше, XVII–XVIIІ ғасырлар межесінде хандықтың ішкі, сыртқы өмірі мейлінше күрделіленгендіктен, бұдан бұрын да ел басқару жүйесін шектен тыс орталықтан­дырудан бас тартқан дала демократиясы қоғамның өзін-өзі басқаруын жаңа биікке көтерді. Егер үш жүзге бөліну қазақ қоғамының шын мағынасындағы әлсіздігін, іштей ыдырауын білдірсе, ол 1723 жылғы кенеттен келген апатқа төтеп бере алмас еді, қатерлі дұшпанға бірлесе тойтарыс беру идеясы төңірегінде топтала қоймас еді. Алайда, мемлекет тағдыры мен мемлекеттік биліктің тиімділігі ішкі факторлармен ғана анықтала бермейді ғой. Тұтас Қазақ хандығы үшке бөлініп жатқан XVIII ғасыр басында Ресей мемлекеті І Петр патшаның рефор­маларымен ілгерілей алға басып,  Еуропадағы позицияларын нығайтқанына қоса Шығысқа да көз сала бастады. 1722-1723 жылдары Персияға қарсы соғысып, Каспий теңізінің батыс және оңтүстік жағалауларына иелігін орнатты. XVIII ғасыр қарсаңында батыс Моңғо­лияны өзіне қаратқан Қытай 1715 жылы Шығыс Түркістанды жаулап алды. Екі бүйірден қысқан алпауыт империялар Ұлы далаға жақындап қалғанда Қазақ хандығының ішкі факторларға басымдық бере дамуы, әрине, болашақтағы стратегиялық ұтылыстың алғышарттарын қалап берді. Үш жүздің билеушілері Ресей мен Қытай­дың Қазақ еліне, мемлекетіне, тәуелсіздігіне қатер төндірерін білмеді емес, білді. Бірақ, табиғи-ырғақты негізде пісіп-жетілген үдерісті – үш жүздің басына үш ханның келуін тоқтататын, ең болмағанда уақытша тежейтін қарсы күш шықпады. Бұл Қазақ хандығын мейлінше күшейткен әз Тәукенің де қолынан келмеді. Тұтас қазақ мемлекетінің үш жүзге бөлінуі, 1723-1726 жылдарғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», 1731 жылдан Ресейге бо­дандықты қабылдау дәстүрлі билік жүйесінің әлсіреуін тездетті. Ұлттық мемлекетте билік жүйесі дағдарысқа түскенін Барақ сұлтанның Кіші жүздің ханы Әбілқайырды 1748 жылы өлтіруі, оның орнына орыс әкімшілігінің айтқанынан шықпайтын Нұралының хан сайлануы да дәйектей түседі. Империялық «бөліп ал да, билей бер» саясаты іске қосыл­ды. «Кіші жүздің ханы Нұралы қазақтардың ханы болып бекітілгенде, қандай да бір жүздің аты аталмаған болатын, – деп жазыпты ІІ Екатерина патша 1778 жылғы 21 қыркүйекте. – Мұның мәнісі – Нұралы Орта жүзді өзіне қаратуға күш салсын деген ниетіміз еді. Алайда оның қолынан мұндай іс келмегені былай тұрсын, ол өзінің кіші жүзінде де ешқандай лауазым-шені жоқ өзге сұлтандар мен ел ағаларының үстінен билігін асыра алмай отыр». Шығыс Түркістанды бағындырып, Жоңға­рияны жер бетінен жойып жіберген импера­торлық Қытай қазақтармен тікелей байланысқа шығумен тәуелсіздікке қауіпті ұлғайтты. Түрлі сылтаумен қыр көрсетіп, билік жүйесі орталықтанбаған Қазақстанға қысымды күшейте түсті, шығыстағы біраз жерді өзіне қаратып алды. Қытай факторынан алыстағы Нұралы хан да мазасызданғаны – тарихи факт. 1757 жылы Қытай әкімшілігі Абылайға жолдаған хатында кімнің кім екенін ашық жариялайды. «Егер сендерге  моңғолға жасағандай ішкі жасақ тәртібін қолдансақ, – делінген хатта, – қысым көріп қаласыңдар. Демек, бұрынғы қоғамдық салт-жүйелеріңде бола беріңдер...Ал сенің елшің бізге жеткізген: «Тарбағатай тегінде біздің байырғы жай-лауымыз еді, сол жерді патша бізге берсе», – деген сөзге келсек, бұл жерлер жаңа ғана тыныштандырылған. Әлі иен жатқан өңір. Патша, әсілі, ол жерді сендерге қиып бере салушы еді, бірақ сендер бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар, ебін тауып ел болып алғансыңдар». Осындай қоқан-лоққы кейін де жалғаса берді. Қалай дегенмен, жантүршігерлік әрі қанкешу XVIII ғасырдағы қазақ мемлекет­тілігінің ең осал жері хандық орталық билік пен жергілікті өзін-өзі басқару арасындағы байланыстың һәм бағыныштылықтың бұзыл­ғанында жатыр. Бір орталыққа бағынған ұлттық мемлекетке тән соңғы іс-шаралар 1726 жылы Ордабасында, 1730 жылы Аңы­рақай шайқасының алдында үш жүз билеушілерінің бас қосуымен, жоңғарларға бірлесе тойтарыс беру стратегиясын анық­тауымен аяқталды. Бұдан кейінгі уақытта баршаға міндетті, «Жеті жарғыдай» пәрмені бар мемлекеттік құжат туындаған емес. Бұл орайда, керуен  тонаумен айналысқан Бота­қанды жазалағаны үшін Абылайға қарсы Қаракесек руының көтерілгенінен ханның қатыгездігін, қаныпезерлігін іздемеу керек. Қайта XVIII ғасырдың аяқ кезеңіндегі қазақ қоғамы бұрынғы саяси тұтастықты жатсын­ғанын, кімнің болсын жеке-дара билік жүргізуін қабылдамағанын ұққан жөн. Қазақстанды қол астына өткізуді көксеген Қытай да, Ресей де билік пен билеушілерді өз ырқына көндіруге барын салды. Хан мен оның айналасындағыларға өңірлердегі өзін-өзі басқарып отырған сұлтандарды, би-батырларды, ру басыларды қарсы қоюда әбжілдік танытты. Абылайдың көзі тірісінде отарлаушының қулығы өтпеді. Азаттық үшін жанталас, Отанды қорғау жолындағы соғыс халық арасынан ұлы тұлғаларды туғызды. Ендеше, билік вертикалы мен мемлекеттік басқару аппараты замана талабына жауап бере алмаған ортада тәуелсіздік мұратының сал­танаты үшін Абылай тындырған асқаралы істің маңдайалдысына ұлттық элита шоғы­рын қалыптастыруға септесуін жатқызғаны­мыз жөн. Ұлы билеушінің айналасына әйгілі билер (Қазыбек, Байдалы), жыраулар (Бұқар, Үмбетей), қолбасшылар мен батырлар (Қабанбай, Бөгенбай), өнерпаздар, білімпаздар, шешендер топтасты. Олардың кемел ақылы мен қайраткерлігіне сүйенбей, Абылайдың Абылай атануы екіталай еді. Ұлы билеуші мен тұлғалардың ұлт тари­хындағы, азаттықты сақтап қалудағы ерен еңбегі Абылай замандасы Үмбетейдің әйгілі жыры – Бөгенбай қазасын ханға естіртуінде тәңірінің берген сыйындай ұлықталып, оны ұмытуға болмайтыны өсиеттелген. Жинақтай айтсақ, 20 жасынан додаға кіріп, жарты ғасыр аттан түспеген Абылай бар қайратын салғанмен бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құра алмады, оған үш жүзге бөліну үдерісі, жат елдердің кесе-көлденең тұруы  мүмкіндік бермеді. Билік жүйесін, мемлекетті орталықтандыру қилы заманда тәуелсіздікті сақтаудың басты шарты екенін жақсы түсінген Абылай хан тағында отырып та осы жолдан таймайтынын Ресей патшасы ІІ Екатеринаға жолдаған хатында ашық білдіреді: «Менің аталас туыстарым Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар өмірден өтті, – делінген екен хатта. – Олардың ізін басқан маған хандық кезек келді. Олар қайтыс болғаннан кейін қазақтың үш жүзі – ұлы жүз, орта жүз және кіші жүздің хандары мен сұлтандары, Ташкент пен Түркістан аймағының үлкен-кішісі тілек қосып, 1771 жылы Түркістан қаласында, біздің мұсылман жұртының әулиесі Қожа Ахмет зиратының басында, өз дәстүріміз бойынша құран ұстап, қол жайып, мені қазақтың үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді». Абылай қала салуды, халқын отырықшылыққа көшіруді армандаған екен. Бұл да орталықтанған мемлекет тұсында шешілетін міндет еді. Елдің тағдыры, халық болашағы қылыш үстінде қылпылдаған тұста жұдырықтай жұмылған күшті мемлекеттік билік, тәуел­сіздік мұратына шексіз адал әрі харизмасы мейлінше өткір билеуші керек екендігі Кеңес Одағының ыдырауы, Қазақстан азаттығының алғашқы жылдары тағы дәлелденді. 1995 жылы парламенттік-президенттік билік түрінен Президенттік билікке көшуіміз жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан мемлекетін құруға серпін берді. Бұл Абылай арманының жүзеге асқан сәті еді. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан хал­қына биылғы Жолдауында үлкен мақтаныш­пен айтылғандай, «біз осылайша аз жылда абыройы артқан айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық». Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Баршамызды Абылай рухы қолдай берсін! Ханкелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор.