«ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлерінің 3-17 жас аралығындағы 350-ден астам балалары «Алтын қалам» және «Балауса болашақ» дәстүрлі байқауларына қатысты.
Теміржолшылардың балаларын әлеуметтік тұрғыда қолдау мақсатында компания ұйымдастырған бұл сайыс еркін тақырыпқа және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тақырыбына арналды.
Байқау комиссиясының шешімі бойынша, 70-тен астам бала жеңімпаз атанды. Оларға бағалы сыйлықтар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Байқау деңгейі сан жағынан да, сапа жағынан да жылдан-жылға жақсарып келеді. Биылғы жылы бізді жаңа таланттар қуантты. Олар – Ясмин Түсіпова, 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында сурет байқауынан бірінші орынға ие болды. 10 жасқа дейінгі балалар арасында қара өлең жазудан Әділет Орындықбай мен 14 жасқа дейінгі балалар арасында проза жазудан Мөлдір Шыңғыс алдарына жан салмады», – деді Адам ресурстарын басқару департаментінің бас менеджері Қорлан Медиханова.
Қ.Медиханова келесі байқауға болат магистральдің шалғайдағы учаскелерінде тұратын бүлдіршіндерден биылғыдан да көп өтінім түсетініне сенімді.
«Егемен-ақпарат»