«Мешкей деген жақсы ат» емес. Алайда, кім-кімге де абырой әпермес осынау тәмсілді есінде ұстамақ түгілі, қаперіне ілгісі келмейтіндер әлі де азаяр емес. Өкінішке қарай, ондайлар қалың бұқара мен биліктің арасын жақындататын мемлекеттік қызметкерлер арасында жиі кездеседі. Мемлекеттің саясатын, халықтың әл-ауқатын жақсартатын сан алуан реформалардың жергілікті жерде орындалуына атсалысады дейтін мемлекеттік қызметкерлер бюджеттің қаражатын талан-таражға салуға, пара алуға, сөйтіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның баптарын бұзуға неге үйір?
Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтірер болсақ, Атырау қалалық әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімінің басшысы С.Жұмашбаевтың араны әбден ашылып кеткенге ұқсайды. Ол қаладағы орта мектептерге жапсарлас құрылыс нысандарын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыруды ойластырыпты. Бұл ойын іске асыру үшін өзіне сыбайлас болатын «әріптесті» тым әріден іздемей, оған өзінің иегінің астындағы екі бағынышты адамды тартуды жөн санаған. Оның бірі – орынбасары С.Каиров, екіншісі – аталған бөлімнің маманы А.Бижанов. Осылайша, құрылыс бөліміндегі бір-бірін ымнан түсінетін үшеу жапсарлас нысандардың құрылысын жүргізген мердігер кәсіпорындардың басшыларынан заңсыз сыйақы алу фактілерімен ұсталды.
Фактінің аты – факт. Басшы мен қосшының және маманның бюджет қаржысынан кертіп жеуінің залалы қанша дерсіз? Залал – 64 миллион теңге! Аз емес, әрине. Үшеуінің де ісі сотқа беріліп, олардың құрылыс кәсіпорындары игеретін бюджет қаражатынан үлкен пайыздар және сыйақы алып отырғаны анықталды. Соған орай Атырау қалалық №2 сотының үкімімен олар Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағымен, 366-баптың 3-бөлігінің 2,3-тармақтарымен, 24-баптың 3-бөлігімен, 369-баптың 2-бөлігімен, 366-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағымен және 365-бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Тағы бір мысалды алға тартар болсақ, Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы пара алу дерегімен ұсталған. Қылмыстық іс материалдарында көрсетілгендей, Махамбет аудандық әкімдігіне бір азаматтан ауыл шаруашылығы қызметімен айналысу үшін жер алу мақсатында арыз түседі. Алайда, бөлім басшысы фермерге Таңдай каналы маңындағы 20 гектар жер телімін алуды ұсыныпты. Бірақ, жер телімінің құжаттарын тезірек бітірудің өзіндік «жоралғысын» да емеурінмен емес, 150 000 теңгеге бағалайтынын жасырмаған. Фермер оған алғашқыда 50 мың теңгені әкеліп береді. 100 мың теңгені тағы әкелеріне уәде етеді. Сөйтіп, фермерден 100 мың теңгені алу барысында қолға түсіп, ісі сотқа жеткенде өз бармағын оңдырмай тістеді.
Сот үкімімен оған параның алпыс еселенген мөлшерінде, яғни, 9 000 000 теңге айыппұл салынды. Мүлкі тәркіленді. Бұдан былай мемлекеттік қызметтің маңына жуымайтын болды. Өйткені, ол да мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.
Атырауда сыбайлас жемқорлық фактісіне жататын пара алу дерегінің азаяр түрі көрінбейді. Парақорлар ұсталып та жатыр, сотталып та жатыр. Пара алушының дені мемлекеттік қызметкерлердің үлесіне тиетіні алаңдатады. Мәселен, биыл облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы мен орынбасары бірдей ұсталып, ақырында екеуі де ірі көлемдегі айыппұлмен жазаланған еді. Ал Жылыой аудандық әкімдігінің бөлім басшысы басқа емес, қарындасының қамын ойластырамын деп опық жеді. Ол қарындасы жұмыс жасайтын кәсіпорынның тендер жеңімпазы атануы үшін конкурстық комиссия мүшесіне пара берген. Айтқандай, осы ауданның жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары да пара алумен тұтылды.
Сотта анықталғандай, оқалы киім киген полицей мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкілетті лауазымды тұлға бола тұра, өзінің қызмет бабын асыра пайдаланыпты. Ол кәсіпкерден заңсыз әрекеттері үшін 33 000 теңге пара алып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Сонда «Көп асқанға бір тосқанның» боларын басқа емес, мемлекеттік қызметкерлер жете білуі тиіс қой. Десек те, дәл солай болмағаннан кейін мынадай сауал туындайды. Бюджеттен қарпып жейтіндер «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдардың талаптарын білмей ме? Тиісті заңдылықтарды білді делік, сонда оларды пара алуға қандай күш итермелейді? Кей мемлекеттік қызметкерлердің мансабы өскен сайын мінезі де өзгере бастайтыны несі? Бәлкім, олар мансабының өскенін сыбайлас жемқорлық әрекетке барудың қадамы деп түсіне ме?
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ