Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Куандық Тұрғанқұлов журналистер үшін брифинг өткізіп, 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарды ұсынудың қорытындылары, ұсынылған үміткерлердің Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру барысы, сондай-ақ кандидаттардың қол жинау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы хабардар етті.
Комиссия төрағасының атап өтуінше, президенттікке барлығы 22 кандидат ұсынылды. Олардың ішінде саяси партиялардан ұсынылған – 3 кандидат, қоғамдық бірлестіктерден – 1, ал өзін өзі ұсынғандар – 18. Ұсынылған үміткерлердің 18-і ер адам, 4-еуі әйел. Кандидаттардың арасында 21-і жоғары білімді, 1-еуі арнайы орта білімді. Атқаратын қызметтері бойынша Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті, Парламент Сенатының депутаты, бір мемлекеттік мекеме қызметкері, бес коммерциялық құрылымның, бір саяси партия, бес қоғамдық бірлестіктің қызметкерлері, сондай-ақ екі зейнеткер, төрт уақытша жұмыс істемейтіндер бар.
Жеті кандидат – Уәлихан Қайсаров, Сәлім Өтен, Амантай Асылбек, Мейрамкүл Қожағұлова, Майя Қарамаева, Жақсыбай Бәзілбаев және Мэлс Елеусізов 2005 жылғы президенттік сайлауда өз кандидатураларын ұсынған болатын. Солардың ішінде Ж.Бәзілбаев пен А.Асылбек өз кандидатураларын осымен үшінші рет ұсынып отыр. Орталық сайлау комиссиясы өткізген тексерістердің нәтижелері бойынша 22 кандидаттың 12-сінің Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкес екендігі анықталған.
Ал бес кандидатқа қатысты Лингвистикалық комиссия мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген тұжырым жасады. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы оларды президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдады. Үш үміткер белгісіз себептерден Лингвистикалық комиссияның отырысына белгіленген күні келмеді. Бір кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау жөніндегі рәсімнен өтуден бас тартты. Тағы екі үміткер өз кандидатураларын алып тастады.
Қазіргі кезде Конституция мен «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестігі анықталған кандидаттардың барлығына сайлаушылардан қол жинау үшін қол қою парақтары берілді. Қол жинауды президенттікке кандидаттың сенім білдірілген адамдары ұйымдастыруда. Бұл ретте әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болуы керек және онда кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, үміткерді қолдап қол жинаған сенім білдірілген адамның жеке қолы, оның тегі, аты және әкесінің аты, сонымен бірге, қол жинау жүргізілген елді мекеннің атауы көрсетілуі тиіс. Толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады.
Қуандық Тұрғанқұлов, сондай-ақ кандидаттардың қол жинау көрсеткіштеріне де тоқталып өтті. Өңірлерден келіп түскен мәліметтерге қарағанда, 23 ақпандағы жағдай бойынша, М.Дуамбековтің еліміздің 13 өңірінде, С.Өтеннің 5 өңірде сенім білдірілген адамдары тіркелген. Ал Ж.Ахметбековтің сенім білдірілген адамдары қолдап қол жинауды еліміздің барлық 16 өңірінде жүргізуде. Сонымен қатар, кандидаттар Ғ.Қасымов пен М.Елеусізовті қолдап қол жинау да белсенді жүргізіліп жатыр. Олардың сенім білдірілген адамдары 15 өңірде тіркелген. Осы тұста айта кетейік, аталған соңғы үш кандидат өздерін қолдайтын партиялардың филиалдары мен қоғамдық қозғалыстардың өңірлік құрылымдарын кеңінен пайдалану үстінде. Қол қою парақтары берілген өзге кандидаттар қазірше белсенділік танытпай отыр.
Президенттіктен үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын Лингвистикалық комиссия ойдағыдай жұмыс істегендігін, талап бұрынғы президенттік сайлаудан жоғары болғандығын атап өткен жөн. Брифинг барысында Лингвистикалық комиссияның мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлына кандидаттардың білім деңгейіне байланысты сұрақ қойылған еді.
– Президенттіктен үміткерлердің арасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың бар екенінен бейхабар азаматтар да кездесті, – деді ол. – Лингвистикалық комиссияға алғаш рет сынақ тапсырғандар өздерінің білімдерін тексеретін сауалдардан гөрі, олардың қазақ тілін меңгергендігін анықтайтын сұрақтар қоюды өтінді. «Қазақстанның байланыстары», «Халықаралық қатынас аясындағы Қазақстан» секілді тақырыптарға кандидаттар жауап бере алмады.
Шерубай Құрманбайұлының атап өтуінше, комиссия отырыстарында үміткерлердің білім деңгейін немесе эрудициясын емес, олардың тілді бағалайтын тапсырмалар берілген. Екінші мәселе бойынша әдеби шығармаларды қаншалықты сауатты оқитындықтарына басымдық берілген. Сондықтан да үміткерлерге берілген тапсырмалардың барлығы олардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтауға мүмкіндік береді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.